8.02.2019, 16:40
Қараулар: 715
БОРАН МЕН БҰРҚАСЫН САҚТЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

БОРАН МЕН БҰРҚАСЫН САҚТЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

 

 

Аудан аумағында қардың мөлшерден тыс көп түсуіне байланысты аудан әкімінің шешімімен үстіміздегі жылдың 14 қаңтарынан бастап табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Осыған орай әрі ауа райының күрт бүзылуына байланысты ұзақ жолға шығуға тыйым салынып, ұялы телефон пайдаланушыларға бұрқасын, көктайғақ, т.б. табиғаттың тосын сыйлары хақында ескерту хабарламалары жолданып жатыр. Осы ескертпелерге қарамай кейбір аудан тұрғындары жолға шығып, қар көшкініне кептеліп қалып жатқан жайлар ұшырасып жатыр. Ауданымызда ондай жағдай тіркелмегенмен, осындай жағдайға ұшырағанда қалай әрекет ету қажеттігін әрбір азамат білгені абзал.

Алыс жолға шығуға тура келсе міндетті түрде отбасы мүшелеріне, көршілеріңізге барар бағытыңызды, келетін күніңізді нақтылап айтып кетіңіз. Қолайсыз ауа райы кезінде автокөлікпен тек үлкен қалалардың және тас жолмен ғана жүруге болатынын ескеріңіз. Көлігіңіз тоқтап қалса, одан шыққанда көз көрерлік жерден алыс кетпеңіз. Капотты көтеріп немесе антеннаға ашық түсті мата байлап, дабыл қағып, көмек күткен жөн. Газбен уланып қалмас үшін терезені ашып, желдетіп тұруды ұмытпаңыз. Егер бағытты жоғалтып алсаңыз, жаяулатып, бірінші кездескен үйге барып, тұрған жеріңізді анықтап, мүмкіндігінше бұрқасынның тоқтағанын күтіңіз. Егер боран кезінде қар қоршауында қалсаңыз, үрейленбей, қолда бар құрал-саймандармен одан шығу жолын қарастырыңыз. Төтенше жағдай органына 112 нөміріне немесе елді мекеннің әкімшілігіне хабарласып, қар басудың сипатын және оны өз күшімен тазалаудың мүмкіншілігін айтып беріңіз.

Осындайда үсіп кету фактілері де орын алуы әбден мүмкін. Ондайда дененің үсіп кеткен жерлерін жұмсақ құрғақ матамен ысып, жылытыңыз. Кейін оны жылы суға салыңыз және бірте-бірте судың температурасын 40-45 градусқа дейін жеткізіңіз. Егерде ауырғаны кетіп, сезімталдығы қалпына келсе, онда қол-аяқтарыңызды құрғатып, сүртіп, хирургке қаралу қажеттігін ұмытпаңыз.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындарынан алдын алу ескертуі берілгенде, боран кезінде алыс жолға шығудан бас тартуды өтініп сұрайды.

Бибігүл ХАЙРУЛЛИНА,

аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері,

 азаматтық қорғаудың лейтенанты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар