8.02.2019, 16:35
Қараулар: 413
ШӘКЕҢНІҢ ШАРАПАТЫН КӨРГЕН ЕДІМ

ШӘКЕҢНІҢ ШАРАПАТЫН КӨРГЕН ЕДІМ

 

 

Халқымыздың «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген ғажап тұжырымы бар. Елінің өркендеуіне, оның қарқынды дамуына өлшеусіз үлес қосқан игі жақсылардың көбі бүгінде арамызда жоқ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да қазақ даласынан қыран құстай түлеп ұшқан жақсыларды ұмытпай, оларды құрметтеу, тарихты ұлықтау мәселесі айтылғаны белгілі. Міне, сондықтан да қазіргі таңда есімі ұмытылып бара жатқан жақсылар мен жайсаңдардың атқарған істерін, адами қасиеттері мен қабілеттерін қайта жаңғыртып, түлету – бүгінгі ұрпақтың үлесі.

Шынбай Шарафеддинов сол жақсылардың қатарындағы азамат болатын. «Орда жұлдызы» газетінің өткен жылғы №36-інде «Ел-жұртына «Шәке» атанған азамат» атты мақалалар топтамасында оның адами асыл қасиеттері мен айшықты еңбектері жан-жақты ашылып көрсетіліпті.

Менде Шәкеңнің жерлесі Алматының АЗВИ-інде бес жыл бірге оқыған жолдасы, курстасы Сақтар Хайроллин сыйлаған «Өмір өткелдері» атты естелік жинақ бар. Шәкең туралы бұл кітапта кезінде аудандық, облыстық деңгейде басшылық қызметте болған Н.Есқалиев, Б.Өскембаев, Р.Сүйербаев, Г.Мәжитова, Н.Иманғалиев, профессорлар М.Ержанов, Б.Ғұмаров, немере інісі З.Шарафеддинов, белгілі журналистер Ғ.Көшенов, Т.Құсайынов және тағы басқалары өз естеліктерінде Шәкеңнің іскерлігін, ой-өрісінің кеңдігін, сөз саптау шеберлігін, алғырлығын, шебер ұйымдастырушылық қабілетін, адамгершілік асыл қасиеттерін нақты мысалдар келтіре отырып, оның жарқын бейнесін жарқырата көрсеткен екен.

Шәкеңнің қызмет жолы біздің ауданмен де байланысты. Ол аудандық Совет атқару комитетінің председателі болып біраз уақыт жұмыс істеді. Осы уақытта ол аудан экономикасын өркендету, мәдениетін көтеру, халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту жолында өлшеусіз еңбек сіңірді. Мен Шәкеңмен жұмыстас болғанымды аса ризашылықпен мақтан тұтамын. Ол өзінің іскерлігін, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығын бірден көрсете білді.

Аудан көлемінде жалпы тәртіптің, мекеме басшылары мен аппарат қызметкерлеріне қойылатын талаптың күшейе түскенін жұрт жақсы түсіне бастады. Осы кезде түкірігі жерге түспейтін, бәрін бір өзі билеп төстейтіндей көрінгендерді жерге түсіргендей болды.

Бір күні түске таман Ш.Шарафеддинов қасында М.Сабыров бар мектепке келіп, үзіліс кезінде мұғалімдермен кездесіп, олардың жұмыс жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен, мұң-мұқтажымен танысты. Әркім әр түрлі шаруасын айтты. Солардың бірі болып мен де осы Сайқынға келгелі 33 жылдан бері үй ала алмай келе жатқанымды, жанұямдағы жеті адам 16 шаршы метр бір бөлмелі үйде тұрып жатқанымды айтып, біраз мұңымды шақтым.

Жиын бітіп, жұрт тарап жатқанда Шынбай ағамыз жеке келіп, жолығуымды сұрады. Осы кездесу мамандығымды да өзгертіп, жұмыс ауыстыруыма себеп болды. Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі боп тағайындалдым.

Шәкең Сайқынның байырғы тұрғындары – Сақып Өтеғалиева, Наталья Полякова сияқты азаматшалардың соғыс кезінде көрген-білгендерін сұрастыра келіп, Ұлы Отан соғысы жылдарында жау ұшақтарының бомбалауынан қаза болған №196 Қызыл тулы Гатчинск атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің мүрделерін қайта жерлеу рәсімін жасады. Оған «Капустин-Яр» әскери полигонынан бір топ офицерлер мен солдаттарды алдырып, азалы митинг ұйымдастырып, мектеп оқушылары мен Сайқын ауылы тұрғындарының қатысын қамтамасыз етті. Қаза болған жауынгерлердің қабіріне стелла орнатылып, ескерткіш тақта қойылды.

Шәкең Сайқындағы мәдениет үйінің негізін қалау, асфальт төсеу зауытының жұмысын ұйымдастыру, Аймекен-Сайқын-Жәнібек топтасқан су құбырын салу жөніндегі мәселені көтерген азамат. 1985 жылдың өзінде су құбырына қажетті трубалар теміржол арқылы Сайқынға әкелініп жатты. Ол ауданның экономикасы мен әлеуметтік, мәдени жағдайларын жақсартуды мақсат тұтты. Мал басы өсті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, мемлекеттік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету жолында көп еңбек сіңірді.

Кейін Ш.Шарафеддинов Жәнібек аудандық партия комитетінің І хатшысы қызметіне ауысып кетті. Қызмет ауыстырып, басқа ауданға кетіп бара жатса да, құлағында қалған менің баспана туралы өтінішімді аяқ асты қалмай, әріптестеріне мұқияттап тапсырып кетті. Тіпті енді бой көтеріп жатқан үйдің қайсысына көшетінімді де кесіп айтқан еді.

Ш.Шарафеддинов өте талғампаз адам болатын. Осында келісімен райком мен исполком ғимаратының сыртын ракушка блокпен қаптатты. Ол адамның жүріс-тұрысына, киім кию мәдениетіне сын көзбен қарап, үнемі зер салып отыратын. Бірде жаздың күні ақ үйдің акт залында жиналыс болып жатқан жұрттың бәрі костюм киіп, галстук тағып келген. Бір ғана аудандық соттың судьясы Палат Жамешев галстуксіз келген екен. Шәкең оны «Дұрыстап киініп келіңіз» деп залдан шығарып жіберді. Бірде маған: «Сен ана қабылдау бөлмесіндегі келіншекке айт, маған кіруге келген адам айнаға қарап, шашын тарап, өзін ретке келтіріп барып кірсін. Айна сол үшін қойылған ғой. Оны айтып отырғаным біреулер кіріп келеді, бұтында тыртиған шалбар, шашы удар-дудар, не ер адам, не әйел заты екенін ажырата алмайсың», –  дегені әлі есімде.

Шәкеңді сол жолы үлкен құрметпен, қимастықпен шығарып салдық. Ауданның әлеуметтік даму тарихында өшпес із қалдырған білікті басшы Шәкең осындай шарапаты мол, елге сыйлы адам болды.

Ноқаш ҚАДЫМОВ,

еңбек ардагері,

ауданның құрметті азаматы