8.02.2019, 16:02
Қараулар: 776
«НЕМІС ХАЛҚЫНЫҢ ҰҚЫПТЫЛЫҒЫ МЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫНАН ТАҒЫЛЫМ АЛСАҚ, ҰТЫЛМАС ЕДІК»

«НЕМІС ХАЛҚЫНЫҢ ҰҚЫПТЫЛЫҒЫ МЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫНАН ТАҒЫЛЫМ АЛСАҚ, ҰТЫЛМАС ЕДІК»

Өткен жылдың қараша айында құрамында облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов, облыстық білім бөлімінің басшысы Ш.Қадырова бастаған, аудан әкімдерінің орынбасарлары, білім беру ұйымдарының басшылары бар делегация Федеративті Германия Республикасына іссапармен барып қайтқан еді. Осы делегация құрамында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева да болды. Неміс еліне барған іссапар туралы сұқбаттың сәті түсіп, Лариса Тельманқызын сапар әсері мен неміс елінің тағылымы туралы сөзге тарттық.
«НЕМІС ХАЛҚЫНЫҢ ҰҚЫПТЫЛЫҒЫ МЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҒЫНАН ТАҒЫЛЫМ АЛСАҚ, ҰТЫЛМАС ЕДІК»
– Іссапар мақсаты не болды?
– Облыс әкімінің орынбасары, облыстық білім басқармасының басшысы бастаған делегация құрамында облыстық дарынды балалар арналған мектептерінің директорлары, білім беру бөлімдерінің басшылары, аудан әкімдерінің тікелей білім саласының жұмысын қадағалайтын орынбасарлары болды. Іссапар мақсаты – Германия елінің мектепке дейінгі, орта мектеп, кәсіптік-техникалық білім, жоғары білім салаларымен танысып, тәжірибе алу. Іссапардың қорытындысы бойынша әр сала бойынша жобалар жасақталды.
– «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, неміс халқының ұқыптылығы, тиянақтылығы табан тигеннен-ақ байқалған шығар?
-Бірінші табан тіреген жеріміз – Франкфурт на Майне қаласы. Үлкен аэропорт, әрбір 15 минут сайын ұшақтар ұшып-қонып, тынымсыз тірлік екен. Халық та көп. Адамдар өте қарапайым, тәртіпті, бір-біріне сыйластықпен қарайды. Кешігіп қалып, алас ұрып жүру, кезексіз кимеле кету, кедергі деген жоқ. Тазалық көзге ұрып тұр. Халық көп болса да, тазалық қатаң сақталады. Өйткені, ондағы әрбір адам тазалықтың сақталуына мүдделі.


– Білім беру мекемелерінің жұмысы қалай екен? Делегацияны тамсандырған не болды?
– Франкфурттан кейін Шойнек қаласына барып, балабақша жұмысымен таныстық. Таңқалдырғаны – бір топтағы бүлдіршіндердің жасы әр қалай. Біздегідей топ бала жасына қарай жасақталмайды екен. Ол үлкендерін кішілеріне қамқорлық жасауға баулу үшін қажет көрінеді. Өйткені, қазіргі неміс жанұяларында бір-бір баладан. Кішкентай балаларды табиғатты зерделеуге, аялауға үйретеді. Балалардың денсаулығына көңіл бөлінеді. Балабақша мен мектеп жабдықтары түгел табиғи материалдан, қауіпсіз, мықты ғып жасалған. Парта, орындық, тақта, шкаф дегендері ғасыр жасайтын, тозбайтын дүниелер екен. Тағы бір байқағаным, мекемелердің жабдықталуы да қарапайым, басымдылық қолөнеріне, балалардың өз қолымен жазылған дүниелері қойылған. Сосын балаларды ерте жастан еңбекке баулиды. Бастауыш оқушылары өздері тұтынған тамақ қалдықтарымен ұлуды қоректендіріп, табиғи пайдалы шірінді шығарады. Балалар таза ауада көп болады және балаларды қымтап киіндірмейді. Яғни, салқын ауамен шынықтырады екен. Кейін осы қаладағы бастауыш мектепке де бардық. Мұнда да 1-4 сыныпта 6 жастан-10 жасқа дейінгі балалар оқиды. Неміс, ағылшын тілдері, математика, табиғаттану, өнер, дене тәрбиесі, дінтану оқытылады. Дінтану оқығысы келмейтіндер таңдау құқығына ие, діннің орнына этика пәні ұсынылады. Мектептен компьютер көрмедік. Әдейі қоймайды екен. Тек мектеп директорының кабинетіне ғана орнатылған. Компьютерден гөрі спортқа көп көңіл бөлінген. Мектеп ішінде жақсы жабдықталған бірнеше зал, алаңды көрдік. Тағы бір ерекшелік, оқушылардың смартфон ұстауына қатаң тыйым салынған, оқушылардың бірегей мектеп формасы да жоқ. Орта білім және кәсіптік-техникалық жүйемен танысу үшін Штутгарт қаласына бардық. Бұл – Федеративті Германия Республикасының көлемі жағынан алтыншы орындағы қала. Мерседес Бенц, Порше машиналары шығатын алпауыт қала. Жекеменшік формасындағы Баденбиртенбург гимназиясына бардық. Гимназия 6-7 жастағы оқушыларды қамтитын бастауыш, 10-11 жастағыларды қамтитын негізгі орта және 11 немесе 12 сыныптан соң гимназия сыныптарына жіктеледі. Гимназия ерекшелігі – әрбір оқушыға жеке көзқарас, яки, әрбір бала бір-бір тұлға ретінде танылады. Ата-аналар үнемі балалармен бірге шараларға қатысады, ата-аналармен жеке жұмыстанады (үш айда бір рет), спорттық шаралар өткізіледі, бірге басқа қала, елдерге саяхатқа барады. Оқушылардың пікірімен санасады. Мамандық таңдау біздегідей 11-сыныпқа келгенде емес, 6-сыныптан басталады. Бұл мектепте екінші оқытылатын тіл – ағылшын тілі, оқушылар үш айға Ұлыбританияға жіберіледі екен. Кейбір оқушылар орыс тілін де оқиды. Бұрынғы Кеңес Одағы кезінде осы елге келіп, тұрақтап, жұмыс жасап жатқан мұғаліммен таныстық. Штутгарт қаласының 60%-ы шетелдерден келген азаматтар, гимназия оқушыларының 90%-ы солардың балалары екен. Гимназия бітіргендердің білімі PISA бойынша бағаланады. Майнахайм деген тағы бір қаласына барып, Realschule жүйесімен таныстық. Негізгі орта мектепте балалар оқу үлгеріміне байланысты бөлінеді. Егер сабағы жақсы болса, орта мектепті аяқтап гимназияға бара алады. Білім сапасы нашар болса, Realschule-ге барады. Негізгі біліммен қоса мамандық та алады. Мамандықтар күнделікті өмірге керекті мамандықтар офис-менеджер, жүргізуші, механик және т.б. үлкен кәсіпорындар балаларды тағылымдамадан өткізеді. Егер жақсы жұмыс жасаса, аздап айлық төлейді және міндетті түрде болашақта жұмысқа алады екен. Міне, осылайша, оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ, алдағы өмірінің іргетасын қалап үлгереді екен. Тағы бір айта кетерлік жайт – мектепте балалар велосипед теуіп үйреніп, жол ережесін меңгереді. Кәдімгідей куәлік алады. Осыдан-ақ неміс елінде жол апатының, жаяу жүргінші өлімінің он есе аз болу себебін түсінуге болады. Соңғы күні Франкфурт-на-Майне қаласындағы Гете университетінде болдық. Университетке түсу үшін басты шарт – неміс тілін жетік білу. Оқу тегін, ақысыз. Тек жақсы оқу керек. Студенттер қалашығы қалыптасқан, бар жағдай жасалған. Шетелдік студенттер көп екен.
– Неміс халқының білім саласынан нені үйренсек, ұтылмас едік деп ойлайсыз?
– Семинар-тренингтен үйренгеніміз көп болды. Ең бастысы, түсінгеніміз – біздің елдің білім жүйесі де жақсы деңгейде. Материалдық-техникалық базамыз кем емес, кейбір бағыттар алдыңғы қатарда. Мысалы, бізде кішігерім ауыл мектептерінің өзі компьютер сыныбымен жасақталған, робототехника, цифрландыру жақсы жолға қойылған. Балалардың денсаулығы, тамақтануы мен спортпен айналысуына көңіл бөлінеді. Неміс халқынан үйренеріміз аз емес. Үнемшілдік, ысырапшылдыққа жол бермеуді үйренсек, жақсы болар еді. Электр қуаты, жылу жүйесі, суды пайдалану қатаң қадағалауда. Осы аталған жүйелер автоматтандырылған, қажет емес кезде өздігінен айырылып қалады. Орман, терек өсіруге көп көңіл бөлінген. Жасыл желекті ел деуге болады. Ағашты кесу, сындыру заңмен қудаланады. Салынатын айыппұлы үлкен мөлшерде екен. Неміс ұлты десек, ұқыптылық, тазалық, үнемділік ассоциация құрайтыны рас. Тазалығы таңғалдырды. Күнделікті тұрмыс қалдықтары сұрыпталып, қайта өңделіп, қолданысқа қайта енгізіледі. Целлофан, пластиканың орнына қағаз қорап, қағаз қоржын қолданыста. Автобан, жолдың тазалығы, жүргізушілердің мәдениеті өз алдына үлкен әңгіме. «Жасыл экономика» жақсы жолға қойылған. Күн сәулесі, жел күші арқылы жұмыс жасайтын құрылғылардан көз сүрінеді. Іссапардың басты мақсаты – білім саласы бойынша тәжірибе алу болды ғой. Қатты ұнағаны – балаларды білім алуға деген қабілетіне қарай оқытуы болды. Егер бала білім алуға қиналса, ересек өмірде қажетіне жарайтын кәсіпті игеріп, мектепті белгілі бір деңгейде тәмамдап кете барады. Бұл құптарлық дүние деп ойлаймын.
– Әрине, үлкен іссапардың әсері де мол шығар. Бірақ, оған уақыт та тапшы, газет беті де тарлық етеді. Уақыт тауып, сұқбат құрғаныңызға рақмет.
Сұқбаттасқан Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар