8.02.2019, 15:57
Қараулар: 815
ТОРТ ПІСІРІП, ТІГІН ТІККЕН ДЕ САЛЫҚ ТӨЛЕЙТІН БОЛАДЫ

ТОРТ ПІСІРІП, ТІГІН ТІККЕН ДЕ САЛЫҚ ТӨЛЕЙТІН БОЛАДЫ

Алдағы уақытта үйде отырып, тігін тігіп, торт пісіріп, тәтті сатып, табыс тапқан үй бикелері де салық төлеп, зейнеткерге дейін декларация тапсыратын болады. Бұл туралы 30 қаңтар күні М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп залында өткен жиында жария болды.

БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Мемлекеттік қызмет көрсетулер» басқармасының басшысы Тимур Төлепов, осы департаменттің «Түсіндіру жұмыстары» басқармасының басшысы Айман Қуанова және «Жанама салықтарды әкімгерлеу» бөлімінің бас маманы Дина Қажғалиевалар  аудан   кәсіпкерлерімен және түрлі мекеме бухгалтерлерімен жүздесіп, салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы айтып берді.

Деректерді онлайн режимде беретін бақылау кассалық-аппараттарды енгізу — уақыт талабы. Осылай деген БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Мемлекеттік қызмет көрсетулер» басқармасының басшысы Тимур Төлепов салықтық әкімшілендіруге цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып өтті. Мәселенки, бүгінде кассалық аппараттары арқылы 29 қызмет түрі іске асырылатын болса, жыл аяғына дейін  бұндай қызмет түрлері 660-қа  артпақ.  Күнделікті пайдаланып жүрген фискальды жады бар кассалық машиналарын онлайн түрде жұмыс жасайтын құрылғыға ауыстыру барша кәсіпкерге міндеттеледі. Ал, интернет желісіндегі қолайсыздыққа қатысты аппаратты қолдану мүмкін болмаса,  «Қазақтелеком» филиалы  соны растайтыны жөнінде анықтама ұсынуы тиіс. Тек осындай анықтама көрсетілгеннен соң ғана  салық төлеуші аппаратты тіркеуден босатылады. Тимур Төлеповтың тағы бір айтқаны, кассалық аппаратты қолданысқа енгізген кәсіпкерлерге үкімет сатып  алған құрылғының  негізгі құнынан 90%-ын кері қайтарады. Яғни, бұл сома қолма-қол емес, төлеген салық мөлшерінен шегеріліп тасталынады. Кездесуде тағы белгілі болғандай, тек  шағын және орта бизнес үшін салықтық рақымшылық ұйымдастыралады. Яғни, кәсіпкерлер 2018 жылдың қазан айына дейін жинақталған қарызын 2019 жылдың аяғына дейін жауып үлгерсе,  айыппұлдар мен өсімпұлдан босатылады. Жер салығына қатысты да келесідегідей өзгерістер мәлім болды.

Үйінде тәтті  торттар дайындап, киім-кешек сатып, тағы да басқа табыс көзін тапқан  әр жеке тұлға  кірістер басқармасына тіркелмесе де, бірыңғай жиынтық төлем, ауылдық жерде бір  АЕК жартысына тең, яғни,  1263 теңге аударуға міндеттеледі (облыстық,  республикалық маңызы бар қалаларда толық бір АЕК  көлемінде 2525 теңге).

2020 жылдан бастап  жалпыға бірдей декларация жарияланады.  Кіріс-шығыстары, мал саны, баспана, көлік, т.б. ашық түрде көрсетіледі. Тіпті зейнеткерлер мен студенттер де декларация тапсыруға міндеттеледі. Олар жеке мүлкінің жоқтығы туралы  арнайы қысқа декларациядан өтулері керек.    Кездесуге келген кәсіпкерлер толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.

Арайлым Есмағұлова

 

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар