8.02.2019, 15:26
Қараулар: 692
Татуласа білу – тәрбиелілік

Татуласа білу – тәрбиелілік

 

Медиация хақында бұл күнде көп айтылып, жазылып та жүр. Түп төркіні өзіміздің ұлттық дәстүрімізден бастау алатын оның мақсаты дауласушыларды татуластырып, дау-дамайды азайту, ауыл ішінің тыныштығын сақтау, тентектерді тыйып, ауызбіршілікке сызат түсірмеу. Ауданымыздағы кәсіби емес 18 медиатордың бірімін. «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы болғандықтан бұрын да кейбір отбасылық кикілжіңдерге араласып, ақыл айтып жүретінмін. Кеңесіңді құп алып жарасып кеткен жастарды көргенде, өзімнің де көңілім марқайып қалады. Татуласа білу де тәрбиеліліктің белгісі.

Қазақ ағайын-туыс түгіл өзге шеттен келгендерді де жатсынбаған халық. «Өзі жақсы адамға әрдайым да орын бар» деп қылығына қарай құрметтеген. Жетімін жылатпаған, жесірін қанғытпаған. Бабалар салған осы сара жолдың кеңес дәуірінде солғын тартып, көмескілене бастағаны шындық. Жетім балалар үйі, қарттар үйі пайда болды. Тіліміз де, мінезіміз де қатқылданып кеткенін жасырып қайтеміз. Тәуелсіздік таңы атқалы елімізде ата дәстүрге оралу, жақсысын жетілдіріп жаңғырту қолға алынуда. Әсіресе, Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бұл іске зор серпін берді.

Медиация саласы да кең өріс алып келеді. Керісіп қалғандардың сотқа емес, медиаторларға жүгінетіні байқала бастады. Бұл құптарлық жайт. Мәселенің дабыра болмай, сотқа дейін шешілгені жөн. Жақында маған Д.А. есімді азаматқа келіп өз басынан өткен хикаяны баяндады. М.М есімді жігітпен танысқан ол онымен жақсы қарым-қатынаста болып, қыз бен жігіт боп бірге жүреді. Аяғы ауырлаған соң да жігіт үйленіп, отбасын құрудан қашқақтайды. Дүниеге келген сәбиге тегін беруден бас тартады. Енді бақшаға барып жүрген баласына нақты әкесін анықтап тууы туралы куәлігіне өзгерістер енгізгісі келетінін айтты. Талапкермен де, жауапкермен де жеке-жеке, кейін үшеуміз бірге отырып сөйлесіп, баланың болашағы үшін дұрыс мәмілеге келдік. Ол әкесі екенін мойындап, тегін беруге келісті. Менің де мойнымнан ауыр жүк түскендей болды. Медиатор үшін тараптардың ортақ келісімге келіп тарасқаны үлкен абырой.

«Елімнің ішін даудан, сыртын жаудан сақта» деген екен ертеде бір данышпан. Ел аман, жұрт тыныш болғанға не жетсін.

Гүлжан БИСЕКЕНОВА,

кәсіби емес медиатор