8.02.2019, 15:24
Қараулар: 692
Сот   хаттамасы заманауиланды

Сот   хаттамасы заманауиланды

 

 

Сот отырысының хаттамасы – сот төрелігін атқарудағы ең басты құжат. Бұрын барлық хаттама қағаз жүзінде жазылған кезде тараптардан сот отырысы хаттамасының толық немесе дұрыс толтырылмауы жөнінде арыз-шағым, ескертпелер түсіп жататын. Ал, соңғы кездерде сот отырыстарында дыбыс пен бейнежазуды қолданған істер бойынша тараптардан сотқа ескертпелер түспеген, яғни, бұл жайт тараптардың сот төрелігіне деген сенімі артқаны деп түсінуге болады.

Айталық, Бөкей ордасы аудандық сотының сот мәжіліс залы арнайы дыбыс-бейнежазу қондырғысымен жабдықталған. Өткен жылдың ішінде Бөкей ордасы аудандық сотында  қаралған 49 қылмыстық іс, 72 азаматтық іс және 242 әкімшілік құқықбұзушылық іс дыбыс-бейнежазу қондырғысын қолданумен жүргізілді.

Сот отырысының барысында дыбыс-бейнежазу құралдарын қолдану үздіксіз жүзеге асырылады. Онда дыбыс-бейнежазу қолданған жағдайда жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасалып, таспасымен қоса іс материалдарына тіркеледі. Сот тараптардың өтінішхаты бойынша оларға сот отырысының дыбыс-бейнежазбасының көшірмесін ұсынуы мүмкін. Мәселен, сот процестерінде дыбыс-бейнежазуды қолданудың тиімділігі, ол сот хатшысының сот хаттамасын әзірлеу мен тараптарға таныстыру үшін уақытын үнемдейді. Бейнежазба дәстүрлі қағазға түскен жазбаға қарағанда, сот отырысындағы барлық қатысушының сөздерін ғана емес, олардың сөз мәнерін, қимыл әрекеттерін түсіріп, олардың іс бойынша позицияларына әділ баға беруге, сот тәртібін сақтауға және де тараптардан түсетін негізсіз шағым, ескертпелерді азайтуға септігін тигізеді. Сот процестерінде дыбыс-бейнежазу жүйесін міндетті түрде енгізу және бейнежазуды тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндіктің болмауы – азаматтық қоғамның сот төрелігінің заңдылығына, әділдігіне, сапасына, қолжетімділігіне және ашықтығына сенімін одан әрі арттыратыны сөзсіз.  

Ықылас АБДУЛЛИН,

аудандық соттың бас маманы