8.02.2019, 15:17
Қараулар: 1261

Жедел сұқбат

 

Көзі қарақты оқырманымыз өткен аптадан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері келіп, аудан кәсіпкерлері мен бухгалтерлерімен кездесіп, салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсінік бергенінен хабардар. Салық кодексіне енгізілген өзгерістер туралы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаровпен тілдесіп, салық сауаттылығын тақырып қылған едік.

«Салықтағы өзгерістер – жемқорлық пен көлеңкелі бизнеске тосқауыл»

 Радик Маратұлы, Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты биылдан бастап  онлайн түрде бақылау-кассалық аппаратын енгізу жүзеге асырылады екен. Бұл жаңалықты кәсіпкерлер  калай  қабылдауда?  Аталмыш  аппаратты қолдану арқылы қандай артықшылықтарға қол жеткізе аламыз?

— Заңнамадағы әр өзгеріс елдің экономикалық Һәм салықтық жүйесінде белгілі нәтижелерге қол жеткізу үшін бағытталған.  Сол секілді биылдан бастап жүзеге асырылуы тиіс бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту  экономикалық өсім құрауыштардың көрсеткішін арттыруға  бағытталып отыр. Бұған дейін кәсіпкерлер фискальды жады бар бақылау машиналарын қолданып келсе, ендігіде онлайн түрде кірістерді тіркейтін құрылғыны пайданалануға көшпек. Кәсіп иелері бұны да жақсы игеріп кетеді деген ойдамын. Яғни, бақылау кассасы арқылы тіркелетін қызметтер бірден онлайн түрде салық органына тіркеліп және кәсіпкердің күнделікті кірісі анықталып отырады. Бұл кәсіпкерлердің табыстарының ашықтығына қол жеткізу арқылы  көлеңкелі экономикаға қарсы бағытталған шаралардың бірі болып табылады.

Бірынғай жиынтық төлем жасайтындар қатарына қосымша қаражат көзін тауып отырғандар да ( үйден тәтті пісіріп отырғандар мен таксист) кіреді екен. Ал, Салық төлемін жасамағандарға  қандай  шара қолданылады? 

—  Биылдан  бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін салық режимінің жаңа түрі бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Демек, қосымша табыс көзін тапқан әр тұлға 1263 теңге төлем енгізуге міндеттеледі. Егер бұл міндетіне салғырттық танытса  Салық кодексінің 269-бабына   сай әкімшілік шара қолданылады.

—  Электронды шот-фактура  ашу орындалуға тиісті баршаға ортақ талап па? Әсіресе, шеттен мал т.б. әкеліп таситын  кәсіп иелері  шот фактураны уақтылы аша ма және бұл туралы  қаншалықты хабардар?

2019 жылдан бастап ҚҚС (қосымша құн салығы) төлеушілердің барлығы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін  қызметтерді өткізу барысында шот-фактураларды электронды түрде, яғни ЭШФ ақпараттық жүйесі арқылы жазып беруге міндетті.   Егерде шетелден мал таситын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелген болса, жеңілдіктерді пайдаланғаннан кейін 5жыл  ҚҚС төлеуші   ретінде  есепке   тұруына міндетті және жалпыға бірдей режим бойынша түскен түсімінің  -10% салық төлейді. Шот-фактураларды электронды тіркелуі жөнінде интернет жүйесінде де, басылым беттеріне де бірнеше рет шығарылған болатын және күнделікті салық төлеушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.  Жеке кәсіпкерлер бұл ақпараттардан толықтай хабардар деп айта аламын.

Декларацияны бұрын  тек мемлекеттік қызметкерлер тапсыратын еді. Енді студенттен бастап, зейнеткерлерге дейін тапсыруға міндетті делінген. Бұл не үшін қажет? Азаматтардың шығысы мен кірісі  де мембақылауға алынады деген сөз  бе?

– 100 нақты қадам Ұлт жоспарының 42 қадамына сәйкес жеке тұлғалардың кірістері мен шығыстарын жалпыға бірдей  декларациялаудан өтулері тиіс. Яғни, 2020 жылдың 1 қантарынан бастап жалпыға бірдей декларацияның енгізілудің мақсаты  көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемкорлық көріністеріне қарсы күрес болып табылады. Студенттер мен зейнет жасындағылардан бастап тіркелген мүлкі не табыс көзі туралы ашық түрде жария қылуға міндетті болмақ. Декларацияны екі мерзімде тапсыруға болады: қағаз түрінде  —  15 шілдеге дейін,  электронды  түрде тапсыратындар үшін  —  15 қыркүйекке дейін уақыт белгіленген.

 

Арайлым Есмағұлова