8.02.2019, 11:22
Қараулар: 1108
САЙҚЫННЫҢ ЖАСЫ, КӘРІСІ ШАҢҒЫҒА ТҰРҒАН КҮН БОЛДЫ

САЙҚЫННЫҢ ЖАСЫ, КӘРІСІ ШАҢҒЫҒА ТҰРҒАН КҮН БОЛДЫ

Жаңақала ауданы жолдаған шаңғышылар эстафетасына  сексенге жуық шаңғышы қатысты.  «Winter fest» ұранымен өткен эстафетада шаңғышылар бір шақырымға жуық қашықтықты бағындырды. Шаңғышылар сапынан  ардагер спортшы Жасқайрат Сұлтанғалиев, жас шаңғышы Ғайнеден Мұхамедәлі де табылды. Арасында белсенділігімен көзге іліккен  Нұргүл Халиоллина, Елдар Сатқанов, Аяужан Маратова, Гүлзат Мыңбаева сынды сайқындықтар шаңғыны тебудегі шеберліктерін байқатты. Осылайша, аудан шаңғышылары эстафетаны көршілес Жәнібектік спортшыларына жолдады.

Осындай спорттық шара аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастамасымен де ұйымдастырылды. Аталған мектеп директорының орынбасары Ақжүніс Нұрланованың айтуынша, «Зимушка-Зима — 2019» эстафетасы спорт мектебі топтары арасында өтті. Алдымен қысқы олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін шаңғы жарысы жайында балаларға танымдық-тәрбиелік кеңестер айтылып, кейін практикалық кезеңге де реті келген. 52 тәрбиеленуші қатысқан шаралар жас ерекшеліктеріне байланысты 3 топқа бөлінген. Ересек топтар үшін 1,5 км қашықтықтағы маршрут ұсынылса, қалған  кіші топ қатысушыларға шанамен арқан тарту және шанамен жүгіріп өту қажет болатын.

Бұл балдырғандар да  шаңғы эстафетасын Жәнібек ауданының «Балалар жасөспірімдер спорт мектебіне» жолдап, қысты қызықты өткізуге шақырды. Жеңімпаз атанған балалар марапатталып, көтеріңкі қөнілмен тарасты.

Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ

Ауыл спорты

Басқа да мақалалар