8.02.2019, 11:06
Қараулар: 17
Асығыңыз алшысынан түссін!

Асығыңыз алшысынан түссін!

 

 

Сіз ұлыңызға асық жинайсыз ба? Бүгінгінің балдырғаны жілік мүжілгенін күтіп, асықты аңдып отыра ма?

Бұрынғы кездегі ойын баласының негізгі ермегі асық еді-ау. Әсіресе, хан талапай (ханжапай) тіптен қызық-ты. Қатысушылардың санына қарай бар асықты тең (5 тен 10 дейін) бөліп алып, ортаға ерекше түске боялған асықты (ханды) қояды. Әркім қолындағы асықтарын қос уысында алма-кезек шайқап-шайқап өзінің алдына шашады. Кімнің асықтарында алшы көп болса, ойынды сол бастайды, шартын да сол айтады. Кәнігі ойыншылар «ұмсынғаныңды атасың, созылғанмен құйрығыңды көтермейсің, атқан қолмен асық алуға, қолға асық жинауға болмайды, сөйлеу жоқ», т.б. ережелерді тізбектеп, ойынды қиындатып жібереді. Мұның өзі баланы әр әрекетін ойланып істеуге, икемділікке, ептілікке, ұқыптылыққа, сабырлылыққа үйретеді екен ғой. Ал тигізу мергендікті қалыптастырады. Асықты уыстап алып шайқау алақанға, саусақтарға массаж. Қазіргілердің тілімен айтқанда, қолдың ұсақ моторикасын дамытады. Ол өз орайында бала тілінің уақтылы шығуына себепші көрінеді. Ата-бабаларымыз осының бәрін қайдан білген десейші?!

Түйе зауытының жылқышысы отбасында дүниеге келген менің де алғашқы ойыншығым асық болды. Бір үйдің ұлы да мен, қызы да мен. Алайда, анам Мәрия Айтболатқызы мені үйдің ішкі жұмыстарына араластырмады. «Аяқ-табаққа араласып өскен еркек ертең қатынының ісіне мін таққыш келеді» дейтін марқұм. Асықты да алғаш қолыма ұстатқан өзі. Төрт асықтан бастап ханжапайға дейін үйретті. Және әр қимылымды қатаң қадағалап, ереже талаптарын бұлжытпай орындауға баулыды. Әкеммен асықтың қуыспақ, арқаласпақ түрін ойнайтынмын. Жасынан аңшылықпен айналысып, «қасқыршы Ғайса» атанған қолмерген нысана көздеудің, асықты иіріп атудың сырларын ұғындырып еді. Соның арқасында Қарақұдық бастауыш мектебінде оқығанда өз теңдестеріме дес бермегенмін. Әскерде де көп пайдасы тиді.

Ал, қазіргі таңда шынайы асыққұмар ойыншы ілуде біреу ғана. Соның бірі – аудандық демалыс орталығының нұсқаушысы Ерболат Ахметов. «Ақ бидай» спартакиадасының аудандық, облыстық кезеңдерінде үздік көрінген, ол Петропавлдағы республикалық жарыста да сұрмерген атанды.

— М.Мәметова атындағы орта мектептің мұғалімі Дүйсен Тінәлиев, Бөкей ордасы колледжінің мұғалімі Дархан Қажымов үшеуміз ерлер командасы бойынша облыста үшінші орынға табан тіредік. Шыңғырлаулық және бөрлілік жігіттермен бірігіп, алғашқы бестікке ендік. Жекелей сайыста жолым болып, сұрмергендер сапынан табылдым, -деген Ерболат Рахметоллаұлы демалыс орталығында асық үйірмесін ұйымдастырғанын, алғашында топырлап келген жасөспірімдердің қарасы сиреп бара жатқанын айтты. Республикалық жарысқа қатысқан ақсайлық мұғалім Рима Бекмұханбетованың (түп төркіні жәнібектік), ханордалық мұғалім Жасұлан Бекеевтің өз мектептерінде үйірме жұмысын жүргізетінін қуана жеткізді. Балалар жасөспірімдер спорт мектебі филиалдары жанынан сынып ашылса деген ойын да іркіп қалмады.

Иә, ұрпағымыздың жан-жақты өсіп жетілуіне пайдасы зор спорт түрлерін, ұлттық ойындардың өріс алуына қолдау көрсетуіміз қажет. Олардың арасында асықтың да ұмыт қалмағаны жөн. Мұны, әсіресе, ата-әжелердің қолға алғаны абзал. «Орда жұлдызы» оқырмандарына ойын ережелерін үйретуді Ерболат Ахметов өз мойнына алды. Жаңа жылдан бастап оның кеңестерін газетімізде жариялай бастамақпыз. Тек газетке жазылуды ұмытпаңыз құрметті оқырман. Әрдайым да асығыңыз алшысынан түссін!

Каримолла ҒАЙСИН.

Ауыл жаңалығы

Басқа да мақалалар