8.02.2019, 11:02
Қараулар: 1356
БЕСІК ЖЫРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

БЕСІК ЖЫРЫН БІЛЕСІЗ БЕ?

 

Сәбиіңіз қандай әуенге елтиді? Бесік жырын білесіз бе? Дәл осылай сауал қойсақ, екінің бірі жатық, жақсы жауап бере қоймасы анық. «Айналайын баладан, Тауып алған даладан. Далада бала жата ма? Түсіп қалған шанадан» деген шумақты айтып құтылары анық.

Қазақтың Бауыржаны, әйгілі Момышұлы бесік жырын білмейтін аналардан қорыққан екен. «Бесік жырын естімей өскен баланың көкірегі керең болады» деген екен.

Қазақ бала тәрбиесін бесікте жатқанда-ақ әлдиімен бастаған. Өсе келе жыр-дастандар мен ертегілер арқылы балаға ақ пен қараның ара жігін ажыратып көрсетіп, жақсылыққа тәрбиелеген. Діни аңыздар Хауа ананы алғашқы бесік жырын орындаушы деп таниды. Аңызға құлақ түрсек, бірде ол егіз ұлын жұбата алмай, қиналып отырады. Сол кезде көктен жеті періште түсіп: «Алла, Алла, Алла» деп әдемі әуезге салып әндетеді. Әдемі әуенге елтіген бөбектер жұбанып, тәтті ұйқыға кетеді. Ән анасына да ұнап қалады. Ол періштелерге: «Маған да үйретіңдер», деп өтінеді. Періштелер Хауаға жеті күн бойы әлди әуендерін үйретіпті.

Кейін Хауа ана өзінің барлық баласын сол әнмен тербетуді әдетке айналдырады. Бұл әуез дами келе бесік жырына айналған екен. Қазақтағы «Әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын бесік жырының төркіні Хауа ананың «Алла, Алла, Алла-ай» деген әуеннен шыққан деседі.

Ертеде бесік жырын үйретудің арнайы мектебі болыпты. Бесік жырының мазмұнына, әуезіне қатты мән берілген. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинаме» деген ескіше жазылған кітаптардың да болғанын айтады. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген нақыл сөз содан қалған дейді.

Ал, қазір ше? Бүгінгі жас аналар әлдиін айтып, бесік тербете ме? Көп жағдайда көзбен көріп, естіп, біліп жатамыз. Бесікке баласын бөлеп, ұялы телефоннан әуен қосып қоятындар да табылып жатыр. Бұл баланың тыныш жатуына себеп болғанымен, кішкентайынан жадына жат қылықты сіңіріп өспесіне кім кепіл?

Бесіктегі баласын әлдиімен тербеген Балжан Әліпқалиева атты жас ана баласының тәрбиесіне бей-жай қарамайды.

-Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден-бір айнасы – бесік жыры. Сәби тәрбиесі мен мінез-құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек. Ол баланың көкірек көзін ашады, жан-жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл-күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. Оның үстіне ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі деп білем. Бұл салада оны ешқандай ұялы телефон ауыстыра алмасы белгілі. Өзім кішкентайымнан әжем мен анамның әлдиін, әкемнің қызыққа толы ертегілерін де тыңдап өстім, бар білгенімді қызыма жыр қылып айтып отырамын,-дейді ол.

Қазақ даласына жер аударылып келген поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалар шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі» деп жазған екен. Бұдан бұрынғы ата-бабамыз қиын-қыстау заманда да бала тәрбиесін естен шығармағандығын көреміз.

Бұл тұрғыда Мадина Молдағалиева:

Бөпем менің қалғыды,

Тербетті оны ән-жыры.

Бота, қозы, құлыншақ —

Ұйықтап қалды барлығы.

Ай арбамен жетіпті,

Күн ұйқыға кетіпті.

Жұлдыз кіріп кетер деп,

Қақпаларын бекітті — деген іспетті бесік жырының халық арасында таралған түрі көп. Қазақтар жас сәбиді бесікке салуды қуаныш етіп, тойлап өткізген. Онда айтылатын өлеңдерден халықтың жас баланың дені сау, ер-азамат болып өсуін тілейтіндігі де көрініп отырады. Кейіннен, бесіктегі жас баласын тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой-арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «Бесік жыры» деп атайды.Бесік жыры — тұрмыс-салт жырларының көне түрінің бірі. Бұл – әлемдегі ең тәтті, ең жұмсақ, ең сүйікті әуен. Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ десе де болады және бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті, кейбір елдерде ана өз баласына арнайы бесік жырын шығару керек, ал сәби оны өле-өлгенше жеке әні деп қабылдап, сақтауы керек,-деп білгенімен бөлісті.

Замана ағымымен өзгеріп жатқан қоғамда, адами құндылықтарымыздан айырылмауымыз қажет. Қазіргі таңда ғаламторды ашып қалсаң шашын бояп, бетіне сурет салдырып, құлағын тестірген ұлдарымыз бен шетелге еліктеп бұрымын қиған, әурет жерін көрсетіп фотоға түскен қыздарымыздың суреттері толып тұр. Бұның барлығы – үйдегі берген тәрбие мен қоршаған ортасындағы болып жатқан құбылыстың салдары. Тәрбиенің талбесіктен басталып, жер-бесікке дейін жалғасатынын ұмытпаған абзал. Бесік жырының жан мен жүйкеге шипа екенін білесіз бе? Американдық психолог, медицина ғылымының докторы Станислав Гроф пен ресейлік ғалым Владимир Бехтерев балаларды невроздан емдеу үшін бала үш жасқа келгенше бесік жырын үзбеу керек деген екен.

Сәбиіңіз әлдиіңізге уанып жүр ме? Сіз айтар бесік жыры қандай? Ой бөлісейік.

Әділет ӘБДІРОВ.