8.02.2019, 10:56
Қараулар: 1884
Сәлемің түзу болсын

Сәлемің түзу болсын

 

Осы біз жөнді амандаса білеміз бе? Өткенде бір отырыста  сәлем беру әдебіне қатысты ойталқы орын алып, күтпеген жерден  жұртшылықтың пікірі екіге бөлінді. Бірі «Ассаламағалейкум» деп амандасу ескінің сарқыншағы іспеттес, «қалдер қалай?» , «Сәлем» деп қысқа да нұсқа жөн сұрасуды әбестік көрмейтінін айтса, екінші топ «Ассаламағалейкум» деп қолын беріп, төс қағыспау  қазақы дәстүрден аттағанмен тең деді. Осы жиында  ұққаным «Сәлем», «Здорово», «Как ты?», «Как дел?» деген сынды хал сұрасуларды қалыпты көретін жамағат  көбейіпті.

Біле білгенге «Ассаламағалейкум»  — «Алланың сізге нұры жаусын» деген мағынаны білдіреді, ал, «Уағалейкумассалам» деп кері жауап қату «Сізге де Алланың нұры жаусын» деген тілегі деп түсінген абзал. Сәлем-сауқат сұрасып, жылы шырай  таныту  адамдар арасындағы мейірімділікті оятып, бір-біріне деген  құрметтерін еселей түсетін көркем нығмет қой. Бұндай тақырыпта дискуссия өріледі деп күтпедім. Кейбір жұрт сәлем етуден де  жалығады деген ой түсіме де енбеген. Ойымды тағы бір көрініспен сабақтай түсейін. Жұмыстан  соң әдеттегідей балабақшаға жол тарттым. Ізімнен  жасы егде тартқан  ер адам келе жатты. Дүкеннің тұсынан бұрылар сәтте  қарсы беттен  қарияның танысы кезігіп, «Ағай, ассаламауғалейкум» деп қолын  созды.  Әлгі ағайымыз көп мүдірместен  «Как дела?» деп үн қатты да өз жөнімен кете барды. Үлкен кісінің орысша жауап қатқанына сәлем беруші де аса таңырқай қоймаған секілді. Шіркін-ай, «Амансың ба, шырағым?», «Есенсің бе, мал-жан аман ба?», «Ар ма, айналайын» деп мейірлене  хал-жағдайыңды сұрай кететін қарияларды аңсайды екенсің осындайда.

Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжанға бірге оқыған досы келгенде екеуі сүйісіп амандасқан екен. Оны көрген Баукең: «батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп, амандасуы деген қазақ қауымында атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алды деп ренішін білдіріп, дәстүрге сай болуларын талап еткен екен. Ер мен ердің беттерінен сүйісіп амандасуының өзі қазақы әдепке сай болмағаны секілді, ерлер мен әйел адамдардың бір-бірімен қол беріп, амандасуы да ұлттық болмысымызға жат нәрсе. Әттең, бүгінде бұндай үрдісті әсіресе, ресми жиындарда жиі байқауға болады. Ғаламторда алматылық ардагер журналист Есмұханбет Айтмағамбетовтың әңгімесін көзім шалып, бір деммен оқып шықтым. Үлкен кісі былай дейді: «Қарт адам болған соң сан  ұлттың өкілі бас қосқан, сан қилы тағдыр мен сан алуан мінез-құлық, сан түрлі әдет-ғұрып тоғысқан Алматы сияқты алып шаһарда инабаттылық сақтап, шын көңілден берген сәлемнің өзін сағынып тұрасың. Соңғы кезде өзіме қарсы келе жатқан адамның бетіне жалтақтап қарай беретінді шығардым». Осы әңгімеден соң өз-өзімнен қатты ыңғайсызданым. Көшедегі жұрттан бір ауыз жылы сөз дәметкен ата құдды маған да ренішін төккендей  әсер етті. Күнделікті қарбаласта шапқылап жүріп,  сәлемдеспей неғайбылдық танытқан жоқпын ба деген сан ойлар мазалай бастады. Сәлемі түзудің – әдебі түзу деген. Әдепсіз атанудан құдай сақтасын!

Бірде кедей  жолшыбай ұшырасқан бай кісіге иіле сәлем беріп, құрметін көрсетіпті. Бай дереу атынан түсіп, ол да басын иеді. Бұндай  көрініске таңғалысын жасыра алмаған  ұлы: «Әке, сіз осыншалықты дәулетті бола тұра атыңыздан түсіп, оған амандасып  жатырсыз. Бұныңыз не?» дейді. Әкесі «Ұлым, сәлем беру мәдениеттіліктің белгісі.  Бұл кісі тақыр кедей болғанымен тәрбие мен ізеттілікке байлығын көрсетіп жатыр. Дүние байлық емес. сәлемін алмасам, адамдықтан жұрдай екен деседі. Ал, менің мәдениетсіздік танытуға қақым жоқ» деп жауап берген екен. Иә, қазіргі аға буынның ғасырдан жалғасқан сәлем беру әдебін жадыдан жоғалтпай, жаңғыртып, жастарға  өнеге етсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Ал, Сіз ше, құрметті оқырман, қалай амандасып жүрсіз?

 

Түсініктеме

Әр ұрпақтың, уақыттылы заманы бар,
Әр таудың да асуы, заңғары бар.
Әр адамның амандасар жолдары бар,
Әрбір куннің кеші бар, таңдары бар.
Амандасу көпшілікпен арланамыз
Жоқты жомар іздедіқ, барға аландадық
Адам шіркін туа ма өлу ушін,
Жаралмай ма өмірді өру ушін…
Ұлтыма сәлем беру мәдениет тіліктін белгісі ескіні жаңғырсақ жақсы болар ма еді. Көп — көп рахмет. Нағыз өзекті тақырып екен.