8.02.2019, 10:49
Қараулар: 16
Есептік кездесуде пікір білдіргендер

Есептік кездесуде пікір білдіргендер

Жарыссөзде сөз алған саралжындық ақсақал Жұмабай Кенжеғалиев:

– Саралжын ауылдық округінен келіп қатысып отырмын. Елдегі ахуалды айтып, ауыл тұрғындары атынан алғысымды айта келдім. Қазір ауылдағы өміріміз қала өмірінен еш кем емес. Суымыз келіп тұр, көгілдір отынның қызығын көріп отырмыз. Газданған ауыл – жанданған ауыл болды. Бүгінде саралжындықтар жылуы мен суының мәселесі шешілген соң, үйлерін заманауи талғаммен жөндеуге көшті. Осындай игі істер ауыл тірлігіне жаңаша бір серпін берді. Өткен жылы ауыл жастары бас қосып, балабақша балдырғандарына ойын алаңын салып берген еді. Енді Саралжындағы балабақшамыз жөндеу көрсе деген тілек бар.

Жалпы, ауданда атқарылып жатқан істер, жүріп жатқан құрылыс, ашылып жатқан нысандар – бәрі-бәрі көңіл қуантады. Ел риза деп кәміл сеніммен айта аламын,-дейді.

 

Хан ордасынан келген Алтын Бисалиева:

– Алды тоқсаннан асқан, соңы алпыс асып, жетпіске тақап қалған аға буын не көрмеді?! Кеңес заманның қызығын да, тоқырау кезеңінің шыжығын да көрдік. Екі қолға бір күрек таба алмай, күйреген ер азаматтарды да, бала-шағаның қамымен ала дорба арқалап, берісі Түркістан, әрісі Бішкек асып, саудаға шыққан әйелдерді де көрдік. Осы қиындықтың бәрі артта қалды. Теңдік, кеңдік болды деген Кеңес заманында да біздің аудан таза судан тапшылық көріп, көгілдір отынды тек теледидар, қала барып, көргені рас. Шүкіршілік, ауданға қарасты елді мекеннің бәріне де газ кіріп, су жетіп тұр. Бүгін шағым айтқан, наразылық білдірген ешкім жоқ. Не деп наразылық айтады? Бардың қайырын берсін деп тілеу ғана керек,-дейді өз сөзінде.

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.