8.02.2019, 10:42
Қараулар: 146
ТВЕРЬДЕН ЖҮЗ ҚАШАР КЕЛДІ

ТВЕРЬДЕН ЖҮЗ ҚАШАР КЕЛДІ

«Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы көршілес Ресей мемлекетінің Тверь облысынан 100 бас қашар алып, шаруашылығын кеңейтіп жатқан «Буранбаев М» шаруа қожалығының жетекшісі Мырзабай Боранбаевпен жүздесіп, «қонақтарымыздың» жай-күйіне қанығып қайттық.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов пен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин бастаған бір топ шаруаның жайын білетін ауыл азаматтары қазақтың ақ бас сиырының атасы саналатын герефорд тұқымды қашарларының ерекшеліктеріне қанық болды. Шаруашылық басшысы Мырзабай Боранбаев бағып отырған малының санынан бұрын сапасын маңызды санайтынын айтты. Сөз орайында  аталмыш бағдарлама аясындағы жұмыстардың оңтайлы жүзеге асуына септігін тигізіп отырған Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірхан Қонақбаев пен оның орынбасары Шолпан Қайырмұқановаға деген шексіз алғысын да білдіріп өтті.

  • Тек 100 баспен қана шектеліп қалмай, санын көбейтемін бе деген ой бар. Болашақта ірі қараға қоса жылқы малының да тұқымын асылдандырамын ба деп жүрмін. Желіге құлын байлап, қапырық жазда қымызбен сусындап жатқанға не жетсін?! — деп болашаққа деген жоспарының шет жағасын айтып та қалды ағамыз.

Ерекше күтімді қажет ететін ойсылқара тұқымы біздің жерді жатсынбапты, әзірге оқшауландыру жағдайында екен. Алыс жолдан шаршап келгендері белгілі, енді-енді бой жазып, үйренісе бастаған жас қашарлар өздерін еркін ұстап жүр. Тәбеттері де жаман емес секілді бір көрген кісіге.

Мырзабай Боранбаев ағамыз жүзеге асырып отырған бұл іс нәпақасын мал шаруашылығынан айырып отырған көп кәсіпкерге серпін берері сөзсіз.

Әділет ӘБДІРОВ.