8.02.2019, 10:34
Қараулар: 138
Жолдаудан соң жалақым өсті

Жолдаудан соң жалақым өсті

Қызмет көрсету саласында қызмет еткеніме біраз болды. Соның ішінде бес жылым мектеп асханасында ауылдың балаларына дәмді тағам әзірлеумен өтті. Алғашында ыдыс жуушы болып қызметке тұрып, бүгінде бас аспаз атандым. Бір сөзбен айтқанда, қызметтік баспалдақпен біртіндеп өсіп келемін. Ісім өзіме ұнайды. Балғындардың риза жүзін көру мен үшін қуаныш. Жалпы, жаның қалаған жұмыспен айналыссаң, көңілің өсетіні рас екен.

«Енді, ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болмайды. Төмен жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге қатысты бастаманы ірі компаниялар қолдайды деп сенемін» деген Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан соң еңбекақым 35 мыңнан 52 мыңға көтерілді. Тек менің ғана емес әріптестерімнің жалақысы көбейді. Айта кетелік, мен қызмет ететін «Ерсайын» шаруа қожалығының жетекшісі Елтай Қонақбаев бұл істі Жолдаудан соң бірден қолға алып, біздердің көңілімізді бір марқайтып тастады. Төккен теріміз бағаланып, еңбегіміз еленіп жатса, біз де өз тарапымыздан алға ұмтылатынымыз сөзсіз.

Нұргүл ЖҰМАҒАЛИЕВА,

Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің бас аспазы.