8.02.2019, 10:22
Қараулар: 6
«ӨРІМТАЛ» ӨРЕНДЕРІ ӘКІМ ҚАБЫЛДАУЫНДА

«ӨРІМТАЛ» ӨРЕНДЕРІ ӘКІМ ҚАБЫЛДАУЫНДА

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов облыста тұңғыш рет өткізілген «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің жүлдегерлері мен жетекшілерін қабылдады.

 

Естеріңізге сала кетейік, «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен жылдың қарашасында ауданымызда, желтоқсанында облыс орталығында «Өрімтал» жас тілшілер фестивалі өткен еді. Тұңғыш рет өткізілген шығармашылық байқауда аудан бойынша 47 өрен, облыс бойынша 2000-ға жуық талапты бақ сынаған болатын. Осы байқауда бағы мен бабы қатар шапқан ордалық Талант Уәлиев (жетекшісі Айнұр Наурызова) Мұқағали атындағы жүлденің, бисендік Ақнұр Махамбет (жетекшісі Жаңылсын Отарбаева) «Қазақстан әйелдері» журналы тағайындаған Мария Қарақунақова атындағы жүлденің, сайқындық Нұршат Мұханбетқалиева (жетекшісі Бұлбұл Құбаева) «Балдырған» журналы тағайындаған Бердібек Соқпақбаев атындағы жүлденің иегері атанған еді.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов талапты өрендерді марапаттарымен құттықтап, ақ жол тіледі. Балғын тілшілер мен жетекшілеріне сыйлық тарту етті.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева:

– Шығармашылық байқауға 47 оқушымыздың қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Жастарды сөз өнеріне баулитын осындай шара жалғасты болғай. Артур Мағзомов, Нартай Аралбайұлы бастаған ағаларының жолын жалғауға ниеттілердің көптігіне қуанамыз. Ата-аналарының қуанышы, елдің мақтанышы болыңдар,-деп тілегін арнады.

Аудандық редакция атынан сөз алған Ұлпан Жакина мұндай шараның шәкірттерге үлкен серпін беретін тағылымды шара екенін айтып, уақыт тауып, көңіл бөліп, өрімталдық өрендерге құрмет көрсеткені үшін аудан әкімшілігіне рақметін айтты.

Өрімталдықтар атынан Нұршат Мұханбетқалиева алғысын айтып, артқан сенімді ақтап, тұңғыштар мекені Нарынның атын аспандатуға тырысамыз деп сендірді.

Өз тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.