12.12.2018, 17:31
Қараулар: 408
ЕЛДІКТІҢ НЕГІЗІ – ТІЛ

ЕЛДІКТІҢ НЕГІЗІ – ТІЛ

Аудандық сотта мемлекеттік тілдің мәртебесіне арналған жиын өтті. Бірқатар сала мамандары бас қосқан жиында ана тіліміздің іс  тәжірибедегі ахуалы сөз болды.

Онда аудан әкімі аппаратының құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Нұрфат Бисекенов кей мамандар акт, хаттаманы жетік білмесе де ресми тілде толтырып, құқық бұзушының құқығына, таңдауына кереғар шығып қалатын жайттар барын айтып, құжат толтыруда құқық бұзушының талабына сай тіркеуі қажеттігін айтты. Ал, әділет басқармасының бас маманы Октябрина Молдағалиева мемлекеттік іс-қағаздардың әлі күнге екі тілде қатар жүретінін, ол адамды жұмыс жасауға емес қағазбастылыққа жетелейтінін тілге тиек етті. Аудандық мәдениет үйінің әдіскері Мейрамгүл Мұхамбедиярова да ана тілдің маңызы жөнінде сөз қозғап, бүгінде өткізілген мерекелік шара, шағын концерт туралы есеп берер кезде құжаттың екі тілде бірдей болуы шарт екенін жеткізді. Аудандық  сот төрағасы Гүлжихан Сағитова баяндамасында ағымдағы жылдың 11 айында аудандық сотта тіркелген 1015 құжаттың 41-і орыс тілінде болғандығына, сотта қаралған 113 азаматтық істің 26-сы ресми тілде толтырылғанына тоқталды. Аудан әкімі аппараты атынан «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» АҚ берген несиеге қатысты 11 азаматтық іс орыс тілінде сотқа жеткен екен.

Әділет ӘБДІРОВ