12.12.2018, 17:17
Қараулар: 13
БӨРЛІДЕГІ БЕРЕКЕЛІ ІС

БӨРЛІДЕГІ БЕРЕКЕЛІ ІС

Бөкейліктер үшін желтоқсан ұлт үшін ұлық мейрамдарымен ғана емес, жағымды жаңалықтарымен келген ай болды. Өткен аптада Ұялы ауылы табиғи газмен қамтамасыз етіліп, ауыл халқының қуанышымен бөлісуге облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп, қатысқан болатын.  Ұялыдағы игілікті іс бүгін Бөрлі ауылында жалғасын тапты.

Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов:

– Алдағы мәртебесі бөлек Тәуелсіздік мейрамы құтты болсын! Елбасымыз халықтың әл-ауқатын көтеруді, тұрмыс сапасын арттыруды басты бағдар етіп отыр. Жыл сайынғы жолдау, қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысының да басты темірқазығы – халықтың әл-ауқаты, өмір сүру сапасы. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыз, ауданымыз таза ауыз су, көгілдір отынмен 100%-ға қамтылып отыр. Ауданның 12 ауылына, нақтырақ айтсақ, 6550 тұрғыны бар 1151 үй мен 35 әлеуметтік нысанға газ құбырын тарту үшін облыстық бюджеттен 213 млн.511 мың теңге қарастырылды. 2000 шақырым су құбыры тартылып, ауданымыздың алыс-жақындағы төрт елді мекенін таза сумен қамтамасыз етілді.  Ауыл жұртшылығының тұрмыс сапасын жақсартқан игі істер –Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының стратегиялық саясатының жетістігі,-деп ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

Өз кезегінде сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Тілек Кереев, ауыл ақсақалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерсайын Құбышев сөз алып, елдегі ағайын әл-ауқаты күн санап жақсарып келе жатқанын, Елбасы Жолдауындағы нақты тапсырмалардың нәтижесіне көз жеткізіп отырғандарын айтты.

Бөрлі ауылына газ құбырын тартып, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан «Жайыққұрылысфакт» ЖШС директоры Қанат Нәжімеддиновке  алғыс хат пен бағалы сыйлық табысталды.

Аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов пен ауыл ақсақалы Есенболат Шапенов  алауды тұтатты.

Әділет ӘБДІРОВ,

Бөкей орда ауданы

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар