7.12.2018, 20:03
Қараулар: 1476
ЖҮЛДЕГЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР АНЫҚТАЛДЫ

Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІ (аудандық) кезеңі мәресіне жетіп, жеңімпаздары анықталды. М-С. Бабажанов атындағы орта мектепте олимпиаданың жабылу салтанаты өтті.

Аудандық білім беру бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Зинур Мұхтар жүлделі орын иеленген оқушыларға мақтау қағаздарын табыстап, облыстық кезеңге жолдама алғандарына сәттілік тіледі. Білім бәйгесін қорытындылаған  аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Сәлімова пән олимпиадасына қатысқан оқушылардың 27-сі І орын иеленіп облыстық кезеңге жолдама алса, 35-і ІІ орын, 40 оқушы ІІІ орынға ие болғандығын атап өтті. Жалпы  есеп бойынша Ш.Жексенбаев мектебі көш бастаса, М.Мәметова мектебі және Б.Жәнекешев атындағы мектебінің оқушылары үштікті қорытындылады. Атап айтарлығы, бірінші орын алған шәкірттердің басым бөлігі Ш.Жексенбаев мектебінен. Облыстық олимпиадада аудан мерейін асқақтату – осы ұялылық шәкірттердің қолында.

– Мұндай олимпиаданы жылына бір мәрте емес бірнеше рет өткізіп тұрған оқушыларға өте тиімді болар еді. Себебі, бұнда олар өзара танысады, араларында бәсекелестік пайда болады. Ал, сабақ оқып жарысса, баланың білімге құштарлығы артады. Алдына келген шәкірті талпынып тұрса ұстазға да оқыту, үйрету жеңіл. Ал, биылғы олимпиада өткен оқу жылғымен салыстыруға мүлде келмейді. Химия, физика сынды пәндердің тапсырмалары өте күрделі, оқушыларға ауыр тигені айтпаса да белгілі. Бірақ, жан-жақты дайындықпен келгендері еш мүдірместен берілген есептің шешімін тауып, қойылған сұрақтың жауабын дөп басып жатты. Жалпы оқушылар жақсы дайындалған. Алда облыстық кезеңде де топ жарып, жүлделі орындардан көрінетініне сенімім мол,-дейді олимпиада маңызы туралы А.Құсайынов орта мектебінің директоры Асылбек Нұралиев.

Әділет ӘБДІРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар