7.12.2018, 12:03
Қараулар: 1399
БАЛАЛАР ТУБЕРКУЛЕЗІ

БАЛАЛАР ТУБЕРКУЛЕЗІ

Туберкулез – ауа тамшылары арқылы жұғатын және ағзаға туберкулез бактериялары түскенде (жөтелгенде, түшкіргенде), ауаға сілекей тамшысымен таралатын инфекциялық ауру. Оны емдеуден гөрі алдын алу жеңілірек. Инфекцияның негізгі көзі – туберкулезбен ауыратын адам. Дер кезінде басталған ем науқастың отбасындағы адамдарға ауру жұғу қаупін азайтады.

Науқас 6-12 ай бойы дәрігерлер бақылауында ем алуы қажет. Емделу кезіндегі үзілістер, емделуден бас тарту туберкулездің қиын емделетін түрінің қалыптасуына әкеліп соқтырады. Осы орайда науқас адамның айналасындағы, отбасы мүшелері келесідей ережелерді қатаң сақтану керек:

  • Науқас қақпағы бар түкіргіш пайдалануы керек, қақырықты еденге, жерге түкіруге болмайды. Түшкірген кезде ауызбен мұрынды қол орамалмен жабу керек.
  • Науқастың өзінің жеке ыдыс-аяғы, көрпе-жастығы, орамалы болуы керек.
  • Науқастың бөлмесі мүмкіндігінше жиі желдетіліп, толық тазартылып тұруы керек.
  • Науқастың ұйқысы қанық болуы керек. Тұрақты тамақтанып, дене шынықтырумен айналысып тұруы қажет. Салауатты өмір салты (шылым шекпеу, арақ-шарапты шектен тыс пайдаланбау, организмді шынықтыру.)
  • Туберкулезбен ауыратын науқастың отбасындағы адамдарға жылына 2 рет тексеру жүргізіп, жөтел мен дене қызуы болған кезде туберкулезге тексерілу үшін емханаға бару керек.

2017- 2018 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша туберкулезге шалдыққан бала есепке алынған жоқ.

Адамдардың туберкулез ауруынан сақтанудың жолдарының бірі – бұл туберкулезге қарсы қолданылатын БЦЖ екпесі. Балалар туберкулезге қарсы бірінші рет туғаннан кейін 4 күннің ішінде (вакцинация) алуы керек. Қайталап вакцинациялау (ревакцинатция) 6 жаста 1-сынып оқушыларына жүргізіледі. Бұл жас мөлшерінде балалар туберкулез жұқтыруға аса осал болады. Дер кезінде вакцинациялау балаларды туберкулезден қорғайды. Ауданымызда БЦЖ екпесіне қарсылық білдіретіндер де кездеседі. Осыған сәйкес түсінік жұмыстары да көптеп жүргізілуде. БЦЖ екпесін алмаған бала, туберкулезге шалдыққан науқаспен байланысқан кезде ауруды тез жұқтыру қаупі жоғары болады. Ауданымызда 2017 жылы БЦЖ (вакцинация) екпесін 178 бала алса, БЦЖ (ревакцинатция) 230 бала алды. 2018 жылдың 9 айы бойынша БЦЖ (вакцинация) 177 бала, БЦЖ (ревакцинатция) 270 балаға қойылды.

Балалар арасындағы туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында 1жастан 14 жасқа дейін Манту сынамасы қойылады. Аудан бойынша 2017 жылы туберкулезге қарсы 1136 балаға манту сынамасы қойылса, 2018 жылдың 9 айында 1140 балаға қойылды.

Туберкулез ауруына шалдыққан науқастардың балаларына, туыстарына арнайы көмек көрсету мақсатында ашылған санатория, мектеп-интернаттары бар. Аудан бойынша санаторияда 2017 жылдың 9 айында 13 бала, 2018 жылы 15 бала, сонымен қатар М.Өтемісұлы атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатында 2017 жылы 35 бала болса, 2018 жылы 34 бала денсаулықтарын нығайтуға қатысты арнайы ем-дом алуда.

Туберкулезбен ауырған адам, өздігінен емделмей, дер кезінде дәрігерге қаралып, дәрігер тағайындалған емді бұлжытпай қабылдаған жағдайда толық айығады. Емін бұзған жағдайда аурудың асқынуы және туберкулездің көп дәріге төзімді түрлерінің пайда болу қаупі туындайды.

Жылына бір рет флюрографиялық тексеруден өту, балаларға манту сынамасын қою арқылы ауруды ерте сатыда анықтауға болады және БЦЖ екпесін алу, салауатты өмір салтын ұстану, тиімді тамақтану, дене шынықтыру белсенділігін арттыру, уақытында тынығу, қоршаған орта тазалығын сақтау, балалар мен жасөспірімдерді санаторлық типтегі мекемелерде, шипажайларда сауықтыру туберкулез ауруының алдын алады.

 

Жексен СЕРТЕКОВ,

аудандық аурухананың

туберкулез бала дәрігері

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар