7.12.2018, 11:55
Қараулар: 1605
Жақсы сөз – жанға шипа

Жақсы сөз – жанға шипа

 

 

Жақсы сөз – жанға шипа, дертке дауа. Кейде үлкендерден естіген бір ауыз жылы сөздің жаныңды жадыратып жіберетіні рас. «Тәңір жарылқасын!», «Иманды бол, айналайын!», «Асығың алшысынан түссін!», «Жүз жаса, бақытты бол!» деп келетін халқымыздың ізгі тілектері адамдардың көңіліне көрік беріп жатады.

Қазақ – имандылық, қайырымдылық, жомарттық, адалдық сынды қасиеттерді жоғары бағалап, ұрпағының бойына сіңіре білген ұлы халық. «Батамен ел көгерер», «Баталы құл арымас» немесе «Көп тілеуі көл» деп, ұл-қызын қарғыс алмай, алғыс алуға бағыттап, кері әсерлі қуаттардан сақтандырып отырған. Бүгінгі әжелеріміздің «Көз тимесін, сөз тимесін» деп жататын жоралғылары да көнеден бізге жеткен ырымдардың жұрнағы. Адамды емдеп жазудың үш тәсілі: шөппен, пышақпен (ота), сөзбен емдеу де бізге ықылым заманнан келе жатқан әдістер. Жалпы адамдар ізгі сөздің шарапатын, рақымшыл болуды, ризашылық сезімді қай заманда да жоғары бағалаған.

Дегенмен, пендешілікпен бір-бірімізбен араздасып, бет жыртысып, ертеңгі күні көрместей болып, айтпасты айтып жататын жайттарды да бүгінде жиі кездестіріп жүргеніміз шындық. Халқымыз «Көз жетпеген жерге сөз жетеді», «Найзадан түскен жарақат, сөзден түскен жарақаттан тез жазылады» деп жатады. Сондықтан ата-бабамыздан келе жатқан кеңестерге құлақ түріп, бір-бірімізді қысқа ғұмырда сыйлап, жан жадыратар жылы сөздерімізді айтып, қуантқанға не жетсін?! Өзіміз жастайымыздан естіп өскен «айналайын», «өркенің өссін», «жолың болсын» деген жүрекке жылы тиер сөздерді кейінгі жастарға айта берсек, олар да осы ізгі қасиетті бойына сіңіреді. Ұрпағымызды мейірбан, қамқор, инабатты қылып өсіру үшін жылы сөзімізді аямайық. Өзіңде барды өзгеге сыйлай білу де адам жанының жақсы қасиеттерінің бірі. Ізгі адам жомарт келеді. Олар өзінде барды өзгемен бөлісуге дайын. Жомарт болу үшін ақшаңыздың көп болуы немесе бай (материалдық тұрғыдан) болуың міндетті емес. Жақсы кеңес беру, ізгі ниет, достық, махаббат – адамның адамға сыйлай алатын рухани байлықтары. Яғни, жақсы ілтипат танытып рухани демеу беру, сөз мәнерімен-ақ жақсы әсер қалдыру салауатты өмір сүрудің бір үлгісі. Ендеше, бір-бірімізге айтар жанға дауалы, шипалы сөздеріміз таусылмасын.

 

 Екатерина ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

Бисен ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар