7.12.2018, 11:51
Қараулар: 1308
Жиеақа аталған Жиенбай

Жиеақа аталған Жиенбай

 

Бұрынғы М.Горький атындағы Орда орта мектебінде әскери дайындық және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған, майдангер капитан Тілеп аға Қазиев сыныптасымыз Жиенбай Алтаяқовқа «Сенен түбінде жақсы әскери қызметкер шығады» дейтін. Өйткені сымдай тартылған сымбатты бозбаланың қимылы ширақ, қай жаттығуды да тез орындайтын. Зеректігі, ұқыптылығы, оқу озаты екені тағы бар.

Еңбек жолын 1959 жылы М.Мәметова атындағы кеңшарда жұмысшы болып бастаған Жиенбай Орал ауылшаруашылық техникумының ветеринария бөлімін бітірген соң да осында қайтып оралды. Туған жерге кіндігінен байланған кейіпкеріміз еңбек жолын өзі туып-өскен ауылы Сартөлгеннен бастады. 1962 жылы әскерге шақырылып, Солтүстік флотта теңізшілік қызметті абыроймен атқарып, кіші лейтенант шенінде елге оралған жігітті аудандық (ол кезде Жәнібек ауданымыз) әскери комиссариат ұжымына қосып алады. Жиеақаңның бар ғұмыры осы салада өтті. 1977 жылы Орда аудандық әскери комиссариатының іргетасын өзі қалап, зейнеткерлікке шыққанша істеді. Доғарыстағы подполковникті 1994 жылы облыстық әскери комиссариат қызметке шақырып, онда да біраз жыл қызмет атқарды.

Жиенбайды білетіндердің үлкен-кішісі оны Жиеақа дейтін. Зайыбы Сара Қуанғалиқызы сауда саласының ардагері, ұзақ жыл аудандық тұтынушылар одағын басқарды. Олардың ұлдары Бауыржан әке жолын қуса (облыстық қорғаныс департаментінде бөлім басшысы), Манарбегі аудандық білім бөлімінде. Немерелерін бағып, алдын аяқтандырған Сара бұл күнде Сайқын мен Орал қаласына кезек шауып жүр.

Жиенбайдың өмірден өткеніне де үш-төрт жылдың жүзі болып қалыпты. Уақыт дегенің зымырайды-ау. Халық үшін қызмет еткен Ж.Алтаяқов сынды жандарды кейінгілер ұмытпай еске алып, ұрпаққа үлгі етсе деймін.

Есенболат ХАМИДОЛЛАҰЛЫ,

зейнеткер,

штаттан тыс тілші.

Бөрлі ауылы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар