7.12.2018, 11:22
Қараулар: 1433
Алма, Адам және Алаш

Алма, Адам және Алаш

 

«Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталады».

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы Н.Назарбаев осылай депті. Сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Адам ата, Хауа ана» әңгімесінде екеуінің жұмақтан қуылуына себепші болған бұл жемістің дәні ақ бас Алатаудың бөктерінде өсіп-өніп, мәуелі бәйтерекке айналады. Алманың атасы апорт жұмақтан әкелінген болып шығады.

Бұл жемістің «алма» аталуының түп төркіні «алма», «тиме» деген Аллаһтың ескертуінде жатыр. Сол ескертуге қарамастан Хауа анамыздың итермелеуімен Адам атамыз жемісті ағаштан жұлған ғой. Бұл жеміс өзге халықтар тілінде түрліше аталғанымен дәл қазақша «алма» деген ұғымды білдірмейді.

Біз адамзаттың, яғни, Адам атаның ұрпағымыз. «Арғы атамыз – Адам, Алаш – оның тұңғышы» деген сөзді бала кезімізде көне көздердің айтып отыратынын құлағымыз шалған. Ғабең де аталмыш әңгімесінде қазақтардың тағдырға налыған сәтінде «соқыр құдай», «қу құдай» деп жаратқанға тіл тигізетін жалғыз ұлт екенін баяндай келіп, «Өйткені ол Жаратушыны көре қалды» ғой деп ақтап алыпты. Адам ата мен Хауа ана туралы ертегі, аңыздар қай халықта да көп. Діни кітаптардан алынғаны және бар. Хауа ананы қазақтар Кейуана (киелі ана) деп те атайды. Кейде жасы ұлғайған әжелер де осылай делінеді. Ал, «адам» – біздің төл сөзіміз екені айдан анық.

Қазақы фәлсапада «Алаш» ханың да, қараның да есімі емес. Адам атаның алғашқы перзентіне Аллаһтың «Ал аш. Таны. Мына әлемді сендер үшін жараттым. Сырын ұғып, меңгеріп, игілігін көріңдер. Тек мені мойындап, бастарыңды иіңдер» дегенінен шықса керек. Алайда, тасы өрге домалап, күшігі жүгіріп тұрған шақта адамдардың асып-тасып, Алласын ұмытып кететінін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Өсіп-өнген, кемелдене бастаған адамзат ұрпағының жарық әлемді Адамға табындырмақ, бәрін өзіне бағындырмақ ниетін де жоққа шығаруға болмас. Мұндайда «Артыңа да бір қара. Қайдан шыққаныңды, қалай көтерілгеніңді зерделе. Астамшылық жасама. Тәубеңе кел. Мақсатыңды айқында» дейтін бабалар ескертуін жадынан шығармағандар озады.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары да өткеннен қол үзбеуге үндеп тұрғандай. Түп тамырынан айырылғандар бос кеңістікте лағып кетеді. Ұрпақтарымызды содан сақтайық.

Каримолла ҒАЙСИН