АПТА АЙШЫҚТАРЫ

Отбасы құндылығын дәріптеу, өзара сыйластық қарым-қатынасты паш ету бүгінгі күнде тек күнделікті тірлікте ғана емес, сахна төрінде де насихатталуда. Сондай мақсатта Орал шаһарында өткен «Алтын ұя» атты облыстық байқауда жерлестеріміз, ұялылық Өтешевтер отбасының асығы алшысынан түсіп, бас жүлдені жеңіп алды.

Облыстық білім басқармасы мен «Дарын» қосымша білім беру орталығы ұйымдастырған байқау шарттарына сай, қатысқан он үш отбасы алғашқы турда отбасының ыстық сәлемімен шаңырағының әр мүшесін таныстыруы қажет болса, «Дәстүрге берік отбасы» турында бейнетүсірілім көрсетті. Ал, «Өнер – өнеге өрісі» мен «Жаңғыру – ұлттық өнерден басталады» атты турларда сайыскерлер бар өнерлерін ортаға салды.

Алты перзентіне тәрбие беріп, жылқы өсіріп, текті жануарды баптауды, оған мінуді ұлдарына үйретіп жүрген отағасының тірлігіне тәнті болған әділ қазылар түрлі материалдардан іс тіккен отанасының шеберлігіне де риза болысты. Осылайша қатарларына оза шапқан Өтешевтер облыстық білім басқармасының дипломы мен бағалы сыйлықпен марапатталды.

* * *

Саралжын ауылындағы Қ.Сағырбаев атындағы орта мектепте Тұңғыш Президенті күніне орай «Ел мерейі – Елбасы» атты көрме ұйымдастырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан сыр шерткен фотосуреттерді қызыға тамашалаған оқушылар оның еңбектерімен де танысты.

* * *

«Сурет пен қол өнер бұйымдары шабытты өз алды, сонымен бірге аса төзімділікті қажет етеді», – дейді аудандық шағармашылық орталығы директорының орынбасары Әсемгүл Күлекеева. Дәл осыларды шәкірттеріне дарытып жүрген жас мамандар еңбегінің арқасында Жаңақала ауданында өткен «Күй атасы Құрманғазыға 200 жыл» республикалық балалар мен жастар байқауында Дайана Құзырғалиева 6 сынып (жетекшісі Армангүл Еламанқызы  Ержанова) мен Айнат Манарбек 8 сынып (жетекшісі Назымгүл Нұрсейтқызы Қаженова) І орынды жеңіп алса, Айару Тілеген  9 сынып (жетекшісі Айымгүл Қайырханқызы Мендрасимова) ІІ орынды қанжығасына байлады.

* * *

Орал қаласында алғаш рет өткен «Шексіз әлем» атты облыстық байқау мүмкіндігі шектеулі балаларға арналды. Облысымыздың әр түкпірінен келген қатысушылармен қатар бисендік бүлдішіндеріміз де сонда сынға түскен еді. Мәнерлеп оқудан сынасқан Б.Жәнекешев атындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Шолпан Елтай «Кең байтақ менің елім» аталымында жүлделі ІІІ орын алса, оның ауылдасы, 7 сынып оқушысы Ақбота Байболат «Хэнд-мэйд – өз қолыңмен жасалған ғажаптар» аталымы бойынша алғысхатқа ие болды.

* * *

Хан ордалық Ұлжан Бақытованың айтуынша, ауылдағы «Ақбота» бөбекжайы бүлдіршіндері айтулы күнге арналған шаралардан қалыс қалмапты. Бөбекжайдың  3-5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер арасында мәнерлеп оқу сайысы өтті. «Отан», «Туған жер» тақырыптарында жыр оқып, сол бойынша салған суретін әңгімелеп, мақалдардың жалғасын тапқан балақайлар білімдерін байқап, сөздік қорын молайта түсті. Бөбекжай тәрбиешісі Алмагүл Тілегенова ұйымдастырған шара қорытындысында  «Гүлдер» тобының тәрбиеленушілері Бағдат Шайи мен Нұрислам Серік  ең үздік болып танылды. Басқа қатысушылар түрлі аталымдарымен марапатталды.

 

Аптаны айшықтаған Раушан БАҚЫТОВА