7.12.2018, 11:10
Қараулар: 7
ВОЛЕЙБОЛДАН БАҚ СЫНАСТЫ

ВОЛЕЙБОЛДАН БАҚ СЫНАСТЫ

 

 

Президент күніне орай М.С.Бабажанов атындағы орта мектептің спорт залында «Бір Отан, бір тағдыр, бір Елбасы!» атты волейболдан аудандық жарыс өтті. Спорттық шараны аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

Бұл сайысқа «Аудан әкімдігі», «Аудандық спорт мектебі», «М.С.Бабажанов» және «М.Мәметова» атындағы орта мектеп командаларымен бірге «Орда», «Бисен» ауылдарының командалары қатысты.  «Бисен ауылы» командасының капитаны, ардагер спортшы Самат Қайырсапа ойынның тартысты әрі таза өтуіне атсалысуға шақырды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғиылманов ойын ережесімен таныстырғаннан кейін ортаға жеребе тасталып, тартысты бәсеке басталып кетті.

Жартылай финалға жолдама алған ордалықтарға қарсы ойында «Аудан әкімдігі» командасы жеңісті соңғы сәтте өз пайдасына жазып, үшінші орынға табан тіреді. Финалдық бәсекеде кездескен М.Мәметова атындағы орта мектеп командасының мерейі бабажановтық әріптестерінен үстем болып, бірінші орынды иеленді. Ойын соңында аудан әкімі сөз сөйлеп жеңімпаздарды марапаттады. Жүлделі орындардан көрінген командаларға мақтау қағаздары, ойыншыларға медальдар табысталды.

Ала допты тордан асыра соққанда бірнеше мәрте ұтымды тосқауыл қойып, ойыншылар арасында «тас қамал» атанған аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дмитрий Семилиди «үздік тосқауылдаушы» деп танылса, «Бисен ауылы» командасының спортшысы Таупих Құспанов «үздік ойыншы» аталымын иеленді. Ал, допты көздеген нүктесіне дөп түсіріп қарсыласты қапы қалдырған, мергендігімен көзге түскен «Орда ауылы» командасының мүшесі Ерсайын Молдашев «үздік шабуылдаушы» атанды.

Тартысты өткен бәсеке талайдың есінде қызықты сәттерімен ұзақ сақталмақ.

Әділет ӘБДІРОВ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар