7.12.2018, 11:04
Қараулар: 670
ҚУАНДЫҚ  НАСЫРОВ: «ЖАНАЗА ТӘРТІБІН САҚТАУ – АДАМИ ҺӘМ МҰСЫЛМАНДЫҚ  ПАРЫЗЫМЫЗ»  

ҚУАНДЫҚ  НАСЫРОВ: «ЖАНАЗА ТӘРТІБІН САҚТАУ – АДАМИ ҺӘМ МҰСЫЛМАНДЫҚ  ПАРЫЗЫМЫЗ»  

 

Алла тағала адам баласына өмірді нәсіп еткендей фәниден озар шағын да белгілеп берген. Марқұмды шариғи жөн-жоралғыларын сақтап, соңғы сапарға шығарып салу әрқайсымымыздың парызымыз. Дегенмен, халық арасында жаназа намазына қатысты түрлі пікірлердің орын алуы, ҚМДБ бекіткен ас мәзірінің толық сақталмауы және қабір қазатын адамдардың бейіт басында ішімдік ішуі, т.б. жәйттер әлі де қылаң беріп жүр. Осы орайда аудандық мешіттің бас имамы Қуандық Насыровпен  жүздесіп, сауалдарымызды қойған едік.

 

– Қуандық Берікұлы, діни басқарма бастамасымен арнайы кітап шығарылып, еліміз бойынша жерлеу рәсімдері мен құдайы ас беру тәртібі нақтыланған болатын. Десе де, халық арасында адамды ақтық сапарға шығарып салуға байланысты сұрақтар жиі кездеседі. Бөкей ордасы ауданына имамдыққа тағайындалғаныңызға көп болмағанын білеміз, әйтсе де, осы уақыт аралығында аталмыш тақырып төңірегінде қандай кемшіліктерді байқадыңыз?

  • Иә, дұрыс айтасыз, былтырдан бастап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  тарапынан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарық көрді. Түсінгенге бұл өте керекті әрі маңызды дүние дер едім. Еліміз бойынша марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға қатысты орындалуы тиіс діни рәсімдерді бірізділікке түсіріп, сондай-ақ, жұртшылыққа таза дін мен озық дәстүрлерімізді насихаттауымыз керек. Алла тағала қасиетті Құран кәрімде «Өзекті жанда өлмейтін пенде жоқ. Сендердің игілікті істеріңнің бодауы қиямет күнінде толық қайтарылады. Тозақтың беті әрі болып, ұжмаққа кірсеңдер, мұраттарыңа жеткендерің. Дүние деген опасыз тіршіліктің алдамшы қызығы» дейді. О дүниелік болған жанды шариғатта көрсетілген жөн-жоралғылар бойынша мәңгілік мекеніне шығарып салу адами һәм мұсылмандық парызымыз ғой. Осы орайда сайқындық ағайынның қаралы үйге жанашырлықпен  көмек қолдарын созып  және жаназа намазына ұйымшылдықпен қатысатындықтары  қатты қуантты. Жалпы, мұсылманның адамгершілік қасиеттері осындай қиын-қыстау кезеңдерде анық байқалуы керек деп есептеймін.

–Мәйітті жуындырып, кебінге орау – әр мұсылманның парызы. Десе де, соңғы уақытта осы мәселе төңірегінде орта буын, жас буынның сүйікке кіруге бас тартуы үйреншікті жайт болды дегенді көп естиміз.

– Жасырып қайтейін, марқұмды арулау секілді рәсімдерді ерлер жағы толық орындайды. Әйелдер жағы бұған келгенде сәл бәсеңдеу. Мүмкін, сүйекті жуындыруға жүрексінетін шығар. Дегенмен, мешітке келетіндердің дені жастар, болашақта, солардың арасында дінді түсінетін, мұсылмандық парызын жіті ұғынған қыздарымыз шығып қалар.

–Сондай-ақ, сүйекті жуындыруға бес түрлі рудың өкілі  кіру керек дегенді естиміз…

Бұл қате пікір. Марқұмның жанына дәстүр бойынша бес кісі кіргенімен, олардың қандай рудан және қандай туыстық қатынаста екені маңызды емес. Бастысы ниет ету керек. Сүйекке кірген адамның қырық күнәсі кешіріледі деген бар. Бұл сауапты іске жатады.

– Қабір қазатын, яғни, қабіршілерге арақ апарып беру дағдыға айналып баратын секілді. «Қабіршілер қаралы үйден мас боп шығады» деушілер бар. Бұған не дейсіз?

– Бұл енді шектен шыққандық. Мұсылман баласына әу бастан арақ ішу, темекі тарту секілді дүниелер харам етілген. Қабір қазу оңай болмаса да жауапты іс. Жауапкершілікті ар-ұятымен орындау адамдықтың белгісі. Сондықтан, халықтан сұрарым, қабіршілерге арақ беруді доғару керек. Қабіршілерге де соны түсіндіруіміз аса қажет.

– Қаралы үйде қазан көтерілмейді дейді. Діни мүфтияттың шешімімен дастарханға қойылатын ас мәзірі де арнайы бекітілгенін жоғарыда айтып өттік. Осы тәртіп қаншалықты сақталып келеді?  

Алланың алдындағы ең ұнамсыз іс ысырапшылдық болып табылады. Қасиетті Құран кәрімнің «Ағраф» сүресінің 31 аятында «Төгіп шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды» деген. Өкінішке орай, дастарханда әлі де жемісжидектер, салаттар, т.б. қойылады. Бұлай болмайды ғой. Мүфтияттың шешімімен дастархан мәзірі шықты. Ережеге бағыну –саналының ісі. Жергілікті халықтың ислами шеңберден шықпай, ҚМДБ бекіткен ережені орындауға ықылас танытса деймін. Сондай-ақ, қабір басына сәнді күмбездер орнату, құлпытасына қашап сурет салу да ысырапқа жататынын ескерткім келеді.

– Бүгінде митинг секілді жоралғылар жаназа намазымен қоса жүргізілетінін көріп жүрміз. Бұл қаншалықты орынды?

– Дүние салған жанның туыстарына мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын айту, жерлеу, қарызын өтеу міндет. Мәйітті себепсіз кешіктіру – сүннетке қайшы әрекет. Алланың елшісі (с.а.с.) «Мәйіттерді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал, жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын» деген. Жаназа намазы алдында имам халыққа жаназа намазын оқудың тәртібін түсіндіре, тілімен не ісімен зиянын тигізген болса жамағаттан кешіруін сұрайды. Алайда, қоштасу сәтіндегі діни уағыз, т.б. қысқа айту керек. Митинг секілді жиындар шариғатымызда жоқ

.

– Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деген. Осы өңірде сүйек шыққан үйдің табалдырығына шеге қағу, есікті келініне ашқызу сияқты ғұрыптар бар. Сондай-ақ, жаназа намазына тұратын ерлер жағы дәретті болулары туралы не айтасыз?

  • Сүрінбейтін тұяқ жоқ дейді. Бәріміз де біліпбілмей қатеселесіп, жаңылысамыз. Әйтсе де, жаназаға қатысты діни жоралғыларды ескеріп жүргеннің артығы жоқ. Мәселен, марқұммен қоштасуға келерде тұрғындардың шамашарқынша дәрет алып, тазарып келгендері абзал. Әсіресе, ерлер жағы намазға тұрарда дәретті болулары тиіс. Дәрет алуға мүмкіншілігі болмаса, таяммум алу керек. Таяммум деп  құрғақ жерге қолды соғып, бетті және екі қолды шынтаққа дейін сипауды айтамыз. Екінші мәселеге тоқталар болсам, бұл рәсімді орындайтындардың түсінігі бойынша шеге қағу арқылы өлім тоқтасын,  жоламасын дегенге саяды. Білуші Алла! Одан асқан құдырет жоқ. Сондықтан шеге қағу арқылы өлімді тоқтатамыз, не кейінгі уақытқа ысырамын дегендей соқыр сенімге иланбаса екен ағайын. Одан да дұға жасап, кешірім тілегеніміз жақсырақ.

– Мәйітті ораған кілемді бір түн жұлдыздарға, айға көрсету керек деп үйге кіргіздермей, сыртқа іліп қояды. Бұл қаншалықты қисынды?

Жасырып қайтейін, қабір басында жүретіндер бұны жақсы түсінеді. Яғни, адамның үстінен мәйіттің иісі шығып тұрады. Қазекем осындайда үйге бөгде иіс таралмас үшін «кілемді айға, жұлдыздарға көрсетейік» деп әдейі айтқан. Байқасаңыз қаралы үйдің көңіліне тимеу бағытында жұмсақ жеткізілген. Ал, бір түннің ішінде әлгі оралған кілем таза ауада әбден тазарып қалады. Сондықтан бұның да діни сенімге еш қатысы жоқ.

– Өкінішке орай, елімізде  суицид жағдайлары да  жиі тіркеледі. Өз- өздерін өлімге қиған жандар діннен шыққан болып есептеледі ме және оларға жаназа намазы оқыла ма?

Өмір – біздерге Алланың сыйға берген аманаты. Ал, аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан суицид жасау үлкен күнә! Өз-өздерін өлтірген адам діннен шықан болып есептелмейді, алайда, күнәлі іс жасаған болып табылады. Бекітілген имамдар емес, көмекшілері марқұмды соңғы сапарға шығарады. Осы орайда айтарым, пенденің пешенесіне сан түрлі сынақ  жазылуы әбден мүмкін. Сабырлылық танытып, бәріне төтеп берген жанға құдай да жақсылықтар нәсіп етері хақ. Қандай жағдай орын алмасын ертеңгі күннің жарқын боларына сенім жоғалтпауы керек. Жақын жандарын, бауырларын ойлауы керек. Адам ең мықты жаратылыс. Болмашы нәрсе үшін әлсіздік танытып, өлімге бет бұру дұрыс шешім емес екенін біліп жүрсе игі.

–Қуандық Берікұлы, сұқбатыңызға рахмет. Халықты ізгілікке шақыру жолындағы қызметіңіз абыройлы болсын!

 

Арайлым  Маратқызы

 

Тұлдау – қазақтың өлімді еске алу салты

Асын беруге дайындық ретінде сойылатын жылқыны марқұмның жетісінде не қырқында (қырық күн өткен соң берілетін ас-су) тұлдайды. Оған көбінесе марқұмның мінген аты немесе қосқан жүйрігі белгіленеді. Тұлдау – сол аттың қара терін шығарып барып суыту. Жал-құйрығын күзеу. Содан соң жүген-құрықтан азат етіп, жайылысқа қоя беру. Жылқыға семіруге мүмкіндік жасау. Адам қайтыс болғанан кейін, оның киімдері аша бақанға не кереге басына ілінеді. Тіптен, есік алдына қара ту байлап қояды. Көшкен кезде тұлдаған атты сол қайтқан кісінің ер-тұрманымен ерттеп, жетектеп жүреді. Үйге әшекей жасамайды. Сырттан келген не көрген адам «азалы үй» екенін біліп, құран оқитын болған. Сонымен бірге тұлдаған жылқыны көрген жортуылшылар ол атқа тиіспейтін болған.

 

Қаралы туды құлатып, қазан төңкеру салты

Жыл уағы толып, тұлданған ат сойылып, ас берілгеннен кейін Тұлданған ту құлатылып, асқа сойылған малдың сүйектерін өртеп, қазанды төңкеріп қойған. Бұл – азалы күн бітті, қаралы ту құлады, қара қазан төңкерілді дегенді білдіреді екен. Бұл ғұрыптық рәсімнің алдында марқұмның жеке заттары мен киім-кешектерін ұрпақтары мен туыс-туғандарына таратып отырған. Бай, би, ақын, батыр, ұзақ жасаған адамдардың заттарын ел ырымдап талап алған. Тіптен, зат жетпей қалғанда үлкен матаны жыртып, таратқан. Бұл – жыртыс деп аталған. Бұның бәрі жақсы ниеттен туған жақсы ырымдар. Мысалы, кейінгі кезде батырларымыздан қалған сауыттың, киімнің бірнеше ғасырдан кейін табылуы да осыдан болса керек. Яғни, сол заттарды киелі санап, ырымдаған. Мысалы, қазір Бөгенбай батырдың дулығасы, Қожаберген батырдың туы және киімдерін ұрпақтары сақтап отыр.

 

Қабір басындағы төңкерілген қазан  нені білдіреді?

Ауылдағы көне зираттарда төңкерілген қазандарды байқап қалсаңыз бұның да өз себебі бар. Мәйіт басындағы төңкерілген қазан марқұмның артында тұяғы қалмаған, оты өшті дегенді білдіреді екен. Басына қазан төңкерілген зиратты көрген жан баласы  дереу аттан түсіп, аяқ суытып, құран оқып, дұға бағыштайды екен.