ПӘН ОЛИМПИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

 

Желтоқсанның 6-сы күні М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында республикалық пән олимпиадасының аудандық кезеңі басталды.

Олимпиаданың ашылу салтанаты аталмыш мектептің физика-математика пәнінің мұғалімі Райымбек Құрманғазиевтің тренинг жаттығуларымен бастады. Мектеп директоры Жұбан Ғұмаров талапкерлерге сәттілік тілесе, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Сәлімова олимпиаданың  маңызын атап көрсетіп, оқушыларға жүлделі орын иелену үшін жан-жақты дайындық қажеттігін ескертті.

Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет бөлім меңгерушісі Зинур Мұхтардың мәліметінше, пән олимпиадасының аудандық кезеңіне аудан мектептерінен 156 оқушы қатысуда екен. Таратып  айтсақ, 8 сыныпта оқитын 34 оқушы, 9 сыныпта оқитын 48 оқушы, 10 сыныпта оқитын 32 шәкірт пен 11 сыныпта оқитын 42 оқушы қатысқалы отыр.

Ашылу салтанатынан соң оқушылар өздерінің бағын сынамаққа арнайы дайындалған сыныптарға қарай бағыт түзеді. Білімділер бәйгесінде ұшқыр ойды ақылымен ұштастырып, бар білгенін ортаға іркілмей  салатындардың жеңіске жетері сөзсіз. Білім майданына түскелі тұрған ұл-қыздарымызға сәттілік дейміз.

Әділет ӘБДІРОВ