6.12.2018, 10:14
Қараулар: 441
Тұйықтыққа әуестіктің сыры неде?

Тұйықтыққа әуестіктің сыры неде?

–Әп-әсем айдаужолы бар көшенің тап қиылысына үй тұрғызбақ болып, іргетасын құйып тастағандарды көргенде есіме бұрынғылардың жастарға «Бұра тартпасаңдар ішкендерің ас болмай ма?» дейтіні түсті, — деп бастады әңгімесін ауған соғысының ардагері, танымал қожалық иесі Елтай Қонақбаев. – Ауылдастардың арасындағы ипотека аталып кеткен бұл аймаққа біраздан бері соқпап едім. Анада қараңғы түсе айналма грейдермен Сайқынға кірмесім бар ма? Үйреншікті жолмен ызғытып келе жатып, жаңа құйылған фундаментке көлігімнің тұмсығын соға жаздадым. Құрылысшылар белгі қоюды да қажет санамапты.

Әңгіме иесі Елтай Қонақбаев құрылысты жүргізіп жатқандармен де тілдескен екен. «Бас жоспарда солай. Өзгертілмейді» деп шорткесті жауап естіпті. Елтақаңның пікірінше, ауданымыздың орталығында тура жүріп өтетін бір түзу көше жоқ көрінеді. Ирелең де бұралаң, темір жолға не бір ғимаратқа тірелетін тұйықтық.

Ауылымыздың бас жоспары қашан жасалып, бекітілгені, қоғамдық тыңдау-талқылаудың қашан болғаны есімізде жоқ. Сондықтан оқырмандарымыздың сұрауы бойынша суретті жариялай отырып, сәулет-құрылыс бөлімінен төрелік күтеміз.

Дәулет ӘЛИЕВ