6.12.2018, 9:59
Қараулар: 361
ЭКСПЕДИЦИЯ ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

ЭКСПЕДИЦИЯ ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Бөкей ордасы ауданының тарихымен таныстыру, іздестіру-қазба жұмыстарын жүргізуге үйрету мақсатында М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің ұйымдастыруымен туристік-өлкетанымдық экспедиция жүзеге асырылды.

Экспедициялық топ құрамына М-С.Бабажанов және М.Мәметова атындағы орта мектептердің оқушылары, аудандық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының әдіскері Айшагүл Ерғалиева, қосымша білім беру педагогы Ерден Әменов, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Фархат Мұхатов болды. Экспедицияға жергілікті өлкетанушы Жұбан Ғұмаров жетекшілік етті.

Экспедиция сапары Сайқын ауылында орналасқан Кеңес Одағының батыры М.Мәметова ескерткішінен басталып, неміс авиациясының бомбылауынан қаза тапқан 196 Қызыл тулы Гатчинск атқыштар дивизициясының бауырластар зиратына барумен жалғасты. Осы жерге Сталинград шайқасы жылдарында №365 разъезде шейіт болған Қызыл әскер жауынгерлері де жерленген.

Мұнан кейін экспедиция қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаевтың туған ауылы Шоңайға жол тартты. Ауылға кіреберісте 1942 жылдың қыркүйек айында қаза тапқан жауынгер-теміржолшы И.Передераның зираты, соғыс сарбаздарының бауырластар зираты бар. Экспедиция мүшелері 1906 жылы іске қосылып, Сталинград майданы кезінде неміс бомбасы жиі түскен су құбырына барды.

Далалық жағдайда түскі ас әзірленіп, ауылдың оңтүстік-солтүстік жағында іздестіру-қазба жұмыстары жүргізілді. Экспедиция нәтижесіз болған жоқ, соғыс жылдарынан қалған залалсыздандырылған Ф-1 гранаты табылды. Бұл олжа мектеп музейінен орын алды.

Жұбан ҒҰМАРОВ,

М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің директоры