30.11.2018, 10:18
Қараулар: 1516
САПАРЛАРЫҢА СӘТТІЛІК!

САПАРЛАРЫҢА СӘТТІЛІК!

 

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев  аудандық саз мектебінеарнайы келіп, Мәскеуге жолға шыққалы отырған қос өнерпаз Сезім мен Айым Хамидоллалармен кездесіп, кішкентай өнерпаздардың жолдарына сәттілік тіледі. Бұл өнерлі өрімталдар Орал қаласында өткен сазгер Назиб Жиганов атындағы І халықаралық балалар мен жасөспірімдер байқауында үздік шығып, Мәскеуге жолдама алған еді.

Кешті саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев ашып, Айым мен Сезімнің өнер әлеміндегі жетістіктерімен таныстырды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева облыстық, республикалық жарыстарда жүзден жүйрік шығып, талантын мойындатып жүрген қыздарға фортепианоның қыр-сырын таныстырып, үйреткен ұстазына алғысын айтып, Мәскеу төріне ел намысын қорғауға баратын жас фортепианошылардың анасына аудан әкімінің алғысын жеткізіп, аудан әкімдігінің 100 мың теңге көлемінде қаржылай көмегін табыстады.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев талантты шәкірттерін жеңіске жетелеп жүрген Самал Рахымжановаға алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады. М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры Асылхан Аманғалиев қыздардың Еуропа төріндегі ірі мегаполистен жүлдемен оралуларына тілекші екенін жеткізді.

Аудандық саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешев шәкірттерінің талабы зор екенін айтып, осындай тәрбие мен тәлімі мол балапандарын өз күштерімен Мәскеуге алып бара жатқан ата-анаға саз мектебінің ұжымы атынан ризашылығын білдірді.

Кеш соңында Айым мен Сезім жиналғандар назарына Назиб Жигановтың «Сказка», Абай Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы» сынды шығармаларын нақышына келтіре орындады.

Әділет ӘЗІЛХАНҰЛЫ