29.11.2018, 15:50
Қараулар: 625
ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ

ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ

 

Бұдан 27 жыл бұрын желтоқсанда отандастарымыз тарихи таңдау жасап, егемен еліміздің Тұңғыш Президентін сайлады. Жарқын болашаққа деген үміт жалпыхалықтық сенімге ұласты. Бұл қадам нәтижелі болып, ширек ғасыр аралығында Қазақстан әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарынан көрінді. Тұтас дәуірге татитын жылдардағы сындарлы жұмыстар жасампаздықтың жемісі мен жеңісіне айналды. Еліміздің Президенттік басқару институтының қалыптастыруына жол ашқан 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні болып белгіленді. Бұл – тарихи таңдаудың қапысыз жасалғандығының айқын айғағы. Тәуелсіз еліміздің абыройлы асуларының Елбасы есімімен тығыз байланыста екендігінің бір дәлелі.

Тәуелсіз, қуатты мемлекет қалыптастырған Нұрсұлтан Назарбаевтың  тұлғасын айшықтайтын маңызды мереке ретінде тарих көшімен жалғаса бермек. Қазақстан Республикасын аяғынан тұрғызған, қалыптастырған ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президенттің ерен еңбегін Алаш жұрты жоғары бағалауда.

Республиканың Тұңғыш Президенті шекарамызды шегендеп, толыққанды тәуелсіз мемлекет құрды. Халық пен мемлекеттің бірлігін берік ұйыстырды. Елбасы Ата заңымыздың мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болды және бола да береді. Нұрсұлтан Әбішұлы ширек ғасырдан аса уақыттан бері ҚР Конституциясының өзіне берген өкілеттігіне сай салиқалы да сарабдал саясат жүргізіп, елімізді басқарып келеді. Осы мерзім ішіндегі халықаралық қатынастарда, экономикада, әлеуметтік салады, саясатта т.б. салаларда қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы Н.Назарбаевтың көрегендігінің арқасы. Елімізде бірлік пен ынтымақтың сақталуына, халықаралық аренада беделінің өсуіне, демократиялық үрдістердің қалыптастыруына орасан зор үлес қосып, Қазақстанды әлемдік қауымдастыққа кеңінен танытты, өзі де сарабдал саясаткер, мемлекет қайраткері ретінде танылды. Мемлекет басшысының бір сөзінде: — Құдай қазаққа  қырын қарамаған: пейіліне сай етіп ұлан-ғайыр жер берген, асты-үстін толтырып кен берген, мейірбан, ақкөңіл, адал ел берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садаға ететін ер берген. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені «ұлым» деп, «перзентім» деп төбесіне көтерген халыққа, арғы- бергідегі қазақ баласының бір де бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты,толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенін керегі жоқ» деген-ді.

Елі еріне, ері еліне сенген шақта бөкейліктер де Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған жарқын істердің сапында болады деген сенімдемін.

Тұңғыш Президент күні құтты болсын!

 

Тілеген АРЫСТАНБЕКОВ,

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы

 төрағасының бірінші орынбасары.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар