29.11.2018, 15:40
Қараулар: 353
Цифрландыру серпін беруде

Цифрландыру серпін беруде

Қазіргі таңда цифрлы экономика, цифрландыру және цифрлы сауаттылықты арттыру дегенің жаһанның  күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Кешегі күнгі ертегіміз шындыққа айналды. Титтей телефонмен таудай шаруаны шешуге болады. Цифрландыру еңбек өнімділігін арттырса, жеке азаматтар үшін уақыттарын үнемдеп, қолжетімді болды. Осы тұрғыда аудандағы цифрлы қызметтің сарапқа салып көрсек, артық етпес.  

Қазір ел Үкіметінің ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығы сөзсіз. Бөкей ордасы ауданы халқы емес, тұтас республика жұртшылығының ең көп жүгінетіні  m.egov.kz сайты.

Бөкей ордасы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының меңгерушісі Рашид Абуовтың айтуынша, елдің шетінде орналасқан біздің ауданда жыл басынан бері көрсетілген тек электронды қызмет саны 10367-ні құрап отыр, оның 5124-і ұялы телефон арқылы көрсетілген мобильді үкімет қызметі екен. Бүгінге дейін 4023 тұлға  электрондық цифралық кілт алған. Өз уақытын саф алтыннан кем санамайтын тұрғындарымыз сол ЭЦК-нің мүмкіндіктерін үйден отырып-ақ пайдаланады. Ал, тұрғылықты жерінде интернет желісі болмағандар, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығындағы өз-өзіне қызмет көрсету бұрышын кәдеге асырып, қажетінде орталықтың білікті мамандардың көмегіне жүгінеді екен. Айта кетелік, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында да салықтық аударымдар мен түрлі есептерін жөнелту үшін дәл осындай орталық қызмет етеді. Тек өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы – кең жолақты интернет желілері ауыл­дарымыздың бәріне бірдей жеткенмен, жылдамдығы сын көтермейді. «Сондықтан да биылғы жылы қолданысқа енгізілуі тиіс онлайн-кассаларды орнатуды жеке кәсіпкерлерден талап ете алмай отырған жайымыз бар»,-деді Бөкей ордасы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Радик Ғұмаров. Оның айтуынша, қазіргі таңда аудан бойынша тек бір ғана онлайн-касса қызмет етіп тұрса, оның өзінде сол баяғы желінің салдарынан үзілістер байқалады екен. Интернеттің жылдамдығы бізге не үшін қажет? Ол ақпараттық заман ағымына ілесу үшін және бүкіл ел болып цифрландыру заманына қарай өту үшін қажет. Себебі, қазіргі ақпараттық технологиялар дегеніміз – ол цифрлы сана мен технологияларға қол жеткізудің басты алғышарты. Ол туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Мен әркімнің цифрландыру мақсат емес екенін түсінуін қалаймын, ол жаһандық бәсекелестікке әкелетін біздің абсолюттік артықшылығымызға қол жеткізудің құралы. Онсыз өзін құрметтейтін ел қалыпты өмір сүре алмайды. Бәсекелестік болмаса, біз артта қаламыз және алда келе жатқан мемлекеттердің шаңын жұтатын боламыз. Пайданың, өнімділіктің және капиталдандырудың күрт артуы – мәселе осында. Цифрлы экономика осыны береді» деген еді.

Аудан тұрғындары арасында онлайн-сауда нарығы біртіндеп жолға қойылып келеді. «Интернет-дүкендерден алынған тауардардың сапасы ауыл ішіндегі сауда нүктелеріндегілерден еш кем емес, қайта керісінше бағасы қолжетімді. Біраз қаржы үнемдеуге мүмкіндік бар»,– дейді ханордалық Ұлжан Ғазезова. Иә, алғашында төмен бағаларға қарап, күмәнданған жұртшылықтың сенімі қазір бекемделе түскендей. Бөкей ордасы аудандық пошта байланысы торабының тасымал бөлімі қызметкері Шолпан Хайрошева да оны растап отыр. Оған барлық округтерге үзіліссіз келіп жатқан тапсырыстар айқын дәлел.

Цифрландыру үдерісі аудандық аурухананы, ауыл шаруашылығын, жер қатыныстары, білім беру бөлімдерін, тіпті «Нұр Отан» партиясын да айналып өтпепті. Аталған партияның аудандық филиалы осы айдың басынан «Цифрлы партия» жобасы негізінде партия мүшелерінің өзекті деректер базасы, партия мүшелерінің әлеуметтік жобалары мен партиялық резервті қалыптастыру, онлайн қызметтер мен онлайн оқыту, өтініш берушілердің партияға жазған өтініштерін өздері қадағалауы және мемлекеттік бағдарламалардың электрондық мониторингтеу бойынша бірыңғай ақпараттық жүйесін жасауды мақсат тұтуда. Сонымен қатар, цифрландыру жобасы аясында балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар, білікті мамандарды даярлауға арналған ІТ-орталықтар ашу жүзеге асырылмақ. Оған Сайқын ауылындағы М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп базасында ашылған ІТ-сынып зор ықпалын етеді деп күтілуде.

Американдық футуролог Реймонд Курцвейл 1990 жылы жарық көрген «Интеллектуалды машиналар дәуірі» атты алғашқы еңбегінде ХХІ ғасырдың басында сымсыз байланыстың белең алатынын, интернет желісінің дамуы мен оның қоғамдағы рөлі хақында болжаған болатын. Сонымен қатар ол 1998 жылы жасанды интеллект шахмат ойнында адамды жеңеді деп дөп басып айтқан. Шын мәнінде бұл жағдай бір жыл бұрын, яғни, 1997 жылы орын алды. DEEP Blue-нің Гарри Каспаровты жеңгені. Оның болашаққа болжамы талай фантастиктерді жолда қалдыратындай. Оның айтуынша, 2019 жылы робототехника қарқыны өсіп, ол үй тұрмысына көмектесетін роботтардан басталып, ақылды үй технологиясы барлық жерде таралады. Әрі осы ғасырдың 40-жылдары адамзат ауруларды түгел жеңіп, ағзасына нанотехнологияларды ендіріп, өз өмірлерін ұзартуға мүмкіндік алады. Бұл бұл ма, атақты футуролог, жапон физигі Митио Каку цифрлы технологиялар болашақта адамдар ойын оқуға мүмкіндік береді, ол үшін сіздің миыңыздағы барлық ақпараттарды оқиды да, соның негізінде көшірмеңізді жасайды. Сіз өлген кезде бұл егіз-көшірмеңіз сіздің орныңызға өмір сүріп, сіздің мінезіңіз­дің негізінде дами алады және сіздің жады­ңызды жаңа таныстықтармен байыта береді дегенді айтады.

Иә, ғылым мен білімге негізделген цифрлы әлем қол бұлғап шақырып тұр. Түрі көбейген ауруларды да жеңбек, экономиканы дамытып, тұрмысымызды жайландырмақ, өмірімізді де ұзартады. Ыбырай Алтынсарин айтқан «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» заман артта қалып, болжауы қиын болашақ күтіп тұр алдымызда.

Қысқасын айтқанда, цифрландырудың сиқырлы әлеміне енуде бөкейліктертүпкілікті әзір демесек те, жастарымыздың жаңалыққа деген ынта-жігері және ұмтылысы жаман емес. Дегенмен, қол жеткенге тоқ­мейілсудің ешбір реті жоқ. Керісінше, үдеріс­ті одан әрі үдете түсу қажет.

Раушан БАҚЫТОВА

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ