29.11.2018, 15:09
Қараулар: 147
Сақиналы құдық жыры бітпепті

Сақиналы құдық жыры бітпепті

«Айта кетелік, көшелерде орнатылған сақиналы құдықтар бірі жер бетінен жарты метрдей шығып тұрса, енді бірі жермен жексен. Қайсібірінің қақпағын автокөлік сындырып кетіп ауыстырды да. Әлі де талайы ауыстырылуы мүмкін. Сондықтан, біздіңше, сақиналы құдықтарды биіктеткен абзал.»

Бұл тура бір жыл, бір ай бұрын «Орда жұлдызында» (2017 жылғы 24 қазан) жарияланған «Жұмыстар жүйелі атқарылса игі» атты мақалада айтылған-ды. Бұл менің тілшілік қызметімдегі тырнақалды жазбам болатын.

Содан бері талай өзгерістер болды. Өз басым әскерде болып, азаматтық міндетімді өтеп келдім. Отардағы оқу-жаттығу орталығынан басталған солдаттық кезеңді биылғы қарашада Семейден аяқтадым.

Сайқында да бірқатар көңіл қуантарлық өзгерістер орын алған. Үйлер қатары толығып, жолымыз жаңарып, ауылымыз ажарлана түскен. Бір өкініштісі, сақиналы құдықтардың жыры әлі бітпепті.

Аталмыш мақаламда: «орашолақ жасалған жұмыстың зардабын жаңбырдан соң тартамыз. Себебі ылғалды бойына жиып алған топырақ басылып, шұңқырлар опырылып кетері мәлім. Ондай жағдай бола қалса, ауыл іші шұрық тесік болып қалмай ма? Сонда кімді кінәлаймыз?» деген жолдар бар-ды. Сол «сандырағым» келіп, тесіктер талай жамалыпты. Алайда, бәрі бірдей емес. Оған Ә.Жангелдин көшесіндегі №20 үйдің алдындағы түсірілген мына суретіміз (№1сурет) дәлел. Үй иесі Каримолла аға Ғайсинның айтуынша, шілде айында бұршақ аралас қатты нөсер болып, жолды кесе тартылған су құбыры әжептәуір опырылыпты. Тиісті мекеме басшыларына, аудандық сәулет, құрылыс бөліміне құлаққағыс жасағанымен құрылысты жүргізген және екі жылға кепілдік берген «АльфаСервисСтрой» ЖШС-інің жөндейтінін желеу етіп, көпке шейін ешкім қозғала қоймапты. Кімдер екенін білмейді, бірде біреулер тау етіп топырақ төгіп кетсе, тәмәм жер қатарға таялғанда әлгі топырақты тегістепті. Тегістеді деген сөз ғана, олақтың орашолақ әрекетіндей шала жасалған.

Дұрысында сақиналы құдықтар Б.Жәнекешев пен Т.Масин көшесі қиылысынан түсірілген мына суреттегідей (№2сурет) болуы керек қой. Сол тұстан түстікке қарай сәл аттағанымызда керісінше көріністі көзіміз шалды (№3сурет). Жолдың жиегінде, төменде жатқан құдықтың қақпағы ғана қылаңдайды. Сәл жауын-шашында ішіне су сорғалайтыны сөзсіз. Б.Жәнекешев көшесіндегі №26 екі пәтерлі үйдің тұрғындары Галя Өтегенова мен Айтқаным Жұмағалиева апайлар құдықты «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасарына көрсетіп, көмек сұрағандарын жеткізді. Елбасы саясатын елге насихаттаушы, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған ұйым өкілі бұл іске қозғау салар деген үміттеміз.

Әділет ӘБДІРОВ