27.11.2018, 11:56
Қараулар: 738
«… біреудің нәпақасын қармап қалу – бізге жат»

«… біреудің нәпақасын қармап қалу – бізге жат»

Соңғы уақытта елдің аузынан «Пәленше банкомат карточкасындағы ақшасынан айырылып қалыпты», «Түгенше банкоматтан ақшасын түгел ала алмай, ақшасын даулап қалаға кетіпті» дегенді жиі еститін болдық. Тиын-тебен емес, жүз мың теңгеден жоғары сомадағы ақшалары ізім-қайым жоғалып, дал болып қалғандар бар екен. Ұзынқұлақтың осы бір «ақпараты» біздің де құлақты елең еткізді. Сұрастырып бақтық, айлықтарын ала алмай, әуре-сарсаңға түсті дегендерді түгендеп, сөзге тартқанбыз. Данияр Теміралиев, Табылды Сариев пен Қазима Әнесовалар есепшотта бар ақшаларын ала алмай, әбігерге түскендерін, бірақ, мәселе кейін оңтайлы шешіліп, бір тиындарын да шығын қылмай, қайтарып алғандарын айтады. Тағы бір бір-екі факт бойынша нәтиже әлі де жоқ екен.

Банкоматтан басқа «поштаға барсаң, таблоға телмеріп, уақыт жоғалтасың», «операторлардың ісі өнбейді, тасбақа қимылмен үш сағат анық күттіреді» деген екінің бірі айтатын базына тағы бар. Көпшіліктің көптеген қызметін атқарып отырған ұядай мекеменің «жыры» мен «жұмбағы» көптей көрінді. Осы жайттардың ақ-қарасын білмек боп, аудандық пошта байланыс торабының басшысы Гүлнар Мұқановаға арнайы барып, жолыққан едік.

Әу дегеннен әңгімені банкоматтың пәлесінен бастадық.

 

– «Есепшотымда бар ақшаны толық ала алмай қалдым», «Интернет айырылып-қосылып тұрғанда, банкомат есепшоттағы  ақша алынды деп, айлығым өзіме бұйырмай қалды» деп шағым айтатындар баршылық. Осындай шағыммен сізге жүгінгендер нешеу? Олардың шағым-арыздар қалай шешілуде?

–  Бірден айтайын, аудандық пошта банкомат қызметін ұсынғанымен банкомат картасына қатысты мәселені тексеруге еш құзыреті жоқ. Біз тек арызды қабылдап алып, облыс орталығындағы басшылыққа жолдаймыз. Банкомат қартасына байланысты бір ғана мәселеге қатысты көмектесе аламыз, ол – банкомат картасын ұмыт қалдырғанда, не болмаса қандай да бір техникалық себептермен банкомат картасы шықпай қалған жағдайда картасын уақыт өткізбестен алып бере аламыз. Банкоматтағы ақшаны дер кезінде ала алмай қалған жағдайлар болды. Жоққа шығармаймын. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында оннан астам клиенттен осы мәселеге қатысты шағым түсіп, алтауының ақшасы қайтарылды. Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселе аудан көлемінде шешілмейді, банкомат картасына қатысты іс қозғалып, есепшоттағы ақша қозғалысы түгел қарастырылады. Біреудің нәпақасын қармап қалу – бізге жат. Шағымданушылардың арасында «Халық банкі» мен «Қазком» банкі біріккен кезде ақша алу, аудару операцияларына қатысты шектеулер мен кедергілер орын алған болатын. Бұл мәселе бойынша барлық дерлік шағым оңтайлы шешімін тапты. Айтпасқа болмайтын тағы бір мәселе бар.  «Банкомат картасындағы ақшам жоғалды» деп байбалам салушылардың «ұрылар» өз үйлерінен табылып жатады. Өткенде осы жерге атын айтпай-ақ қояйын, бір апамыз келіп, айтпасты айтып, қарғауға дейін барды. Іс қаралып, карта бойынша барлық қаржылық операциялар тексерілді. Сөйтсек, банкоматтың еш «кінәсі» жоқ екен, «ұры» апамыздың өз қасынан табылды. «Банкомат картасы өзімде, әмиянымда болды, менен басқа ешкім пайдаланбайды» деп бәйек болған апамыздың үйіндегі «ұры» банкоматтағы есепшоттан ғаламтор ойындарына жүз рубльден 4-5 рет аударым жасапты. Бұл тек бір ғана арызданушының басындағы жағдай емес, осындай арызбен бес адам келсе, соның үшеуі келіп, кешірім сұрап кетті. Ал, бар ақшасын тұтастай ала алмай қалыпты ғой деген фактіге қатысты айтарым, іс әлі де қарастырылуда.

– Пошта қызметіне айтылар сынның бірі – клиенттерге қызмет көрсететін операторлардың тұрақсыздығы. Жалақы мардымсыз ба, әлде ақша кем боп, жауапқа тартылып кетіп жатыр ма?

– Бұл мәселе біртіндеп шешіліп келеді. Залда қызмет көрсететін операторлардың жиі ауысуы орын алғанын жоққа шығара алмаймын. Жұмыстан шығып кеткендер бар. Бірақ, олар ақша «жеп», қылмысты боп кеткен жоқ. Ауылдық жер болған соң, бір-бірімізді жақсы танимыз, бір туысының атынан келіп тұрған соң, нотариустың сенімхатын талап етпейміз де, тиісті ақшасын қолына ұстатып жібере саламыз. «Марқұмның апасы не қарындасы екенін жақсы білемін, сосын бере салып едім» деген ақталу дәлел бола алмайды. Осындай заңсыздықтар салдарынан бір-екі операторымыз қызметтен кетті. Соңғы жылдары операторлардың жалақысы өсті, қолға елу мың теңгедей алады. Операторлардың қызметін ынталандыру мақсатында мотивациялық бағдарлама қолға алынған. Сәлемдеме қабылдаса да, ақша аударымын не ұялы байланысқа төлем қабылдаса да, бонус беріледі. Қазір ұялы телефон нөмірін тіркеу науқаны қолға алынды. Әрбір нөмерді тіркегені үшін бес теңгеден бонус беріледі. Яғни, жалақысының қандай болмағы – оператордың өз ынтасынан.

 

– Банкомат жиі істен шығады.  Онлайн кезек болса да, қызмет көрсету қарқыны төмен. Бұл сіз тұтынатын интернет ұтқыр емес пе, әлде операторлар шабан қимылдай ма?

– Айтып отырған бұл сыныңыз тек бізге ғана тән емес, облыстың оңтүстік аудандары Жәнібек пен Қазталовта да осындай жағдай. Өйткені, біз «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметіне жүгінеміз. Интернет жылдамдығы төмен.  2021 жылға дейін бұл сыныңызға «айтылған сын қаперге алынды, жолға қойылды» деп жауап бере алмаймыз-ау. Банкомат істен шықса да, өзі ішіміздегі компьютерлерді жөндеу, бағдарламаларды орнатуға басқа сервистік қызмет көрсететін мекемелер қызметке тартылады. Аудандық аурухана ғимаратындағы банкомат екі аптадай жұмыс жасамай тұрды. Облыс орталығынан маман шақырттық. Балалардың тентектігі болар, банкоматқа тиын қыстырған, соның салдарынан банкомат жұмыс жасамай қалды. Жете білмей жатып, сын айтуға құмармыз. Дәлелі бар сынды қабылдауға, жұмысымызды ілгерлетуге тырысамыз. Ел аузында «банкоматта ақшаны неғұрлым ұзақ ұстаса, поштаның өздеріне ақша түседі екен. Банкоматты жиі-жиі істен шығарып, техникалық ауытқушылықты қолмен жасайды» деген сөз бар. Бұл түбірімен қате. Неғұрлым қарқынды, өнімді жұмыс жасасақ, аудандық пошта байланыс торабының соғұрлым мерейі өседі.

 

  • Операторларға қатысты бағдарлама құптарлық екен. Пошта тасымалдаушыларға қатысты не айтасыз? Шынын айту керек, басылымдардың тұрақты оқырманы аға буын, ақсақалдар. Осы ағаларымыз газет-журналдарды кешігіп аламыз деген уәж айтады. Бұл мәселе қазан айындағы медиахолдинг басшыларының ауданға сапарында да айтылды. Бұған не айтарыңыз бар?    

– Газет-журнал тасымалын жүзеге асыратын екі бірдей пошта қызметкері бар. Біреуінің жүктемесі толық болса, енді бірінікі – 0,7. Жалақылары 40 000 мың теңгенің үстінде. Басылым уақтылы жеткізіледі. Қазір көп жазылушылар түбіртектегі мекенжайына мекеме атын көрсетіп қояды. Газет-журнал осы көрсетілген мекенжайға жеткізіледі. Келген поштаны үйіне жұма сайын алып кете ме, айына бір жинап апара ма? Ол –жазылушының өз еркі. Рас, алыс ауыл, елді-мекендерге пошта кешігіп барады.  Ал шара барысында айтылған ақсақалдың арызына келсек, айтылған жайт бойынша тексердім, газет келмейді деп шағымданған ағамыз газетке мүлдем жазылмаған.

 – Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!

Сұхбат құрған Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар