27.11.2018, 11:50
Қараулар: 712
ӨРТ БОЛЫП, ОПЫНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

ӨРТ БОЛЫП, ОПЫНЫП ҚАЛМАҢЫЗ!

Мұратсайда өрт шықты

Аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Бибігүл Хайроллинаның айтуынша, үстіміздегі жылдың 16 қараша күні түнгі сағат 2:32-де аудандық өрт сөндіру бөліміне Мұратсай ауылындағы М.Өтемісов көшесінде өрт шыққандығы жөнінде хабарланған. Күндізгі 11-ге дейін жалғасқан өрт сөндіру әрекетінен соң анықталғандай, М.Өтемісов көшесіндегі №3,5 үй тұрғындары, көршілер Дидар Қабдулов пен Талғат Қойшекеновтердің шөп қоралары қызыл жалынға шарпылған екен. Үй иелерінің мәлімдеуінше, қысқы маусымға әзірленген 25 тонна (руллон) және 5 тіркеме шөптің тек күлі ғана қалған, Б.Хайроллина бұл факті бойынша бастапқы құжаттар жинақталып, өрттің шығу себептерін анықтау үшін аудандық ішкі істер бөліміне жолданғандығын да жеткізді.

Жоспардан тыс отырыс

Ертесіне аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында шұғыл түрде өткізілген төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның жоспардан тыс отырысы негізінен осы мәселеге арналды. Отырысқа төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев облыс бойынша өрт салдарынан 137 млн. теңгенін шығыны келтірілгенін, тұрғын үй секторындағы өрт оқиғаларының 20%-ы жемшөп қоймалары мен сақтау орындарында орын алған, өткен 10 айда қызыл жалын 15000 центнер мал азығын жалмағанын, жыл басынан бері ауданымызда тіркелген осындай 3 өрт оқиғасы енді тағы да біреуге толыққанын айтты. Осының өзі халық арасында өрттен сақтану жұмыстарының бәсең жүргізілуінен бе деген пікірін де білдірді. Әсіресе, тұрғындардың құқықтарын білгенімен, міндеттемелеріне салғырт қарайтынына қынжылды. Мәселен, егер мұратсайлық көршілердің қоралары біріне-бірі жалғаспай, өрт сөндіру қауіпсіздігі ережесіне сай пішен маяларының аралары 3 метрдей болғанда көршісінің мал азығын қызыл жалын жалмамас та еді. «Абырой болғанда, жел өзге бағытқа соқты. Олай болмағанда бұл жалын мал азығын сайлап қойдым деген талай тұрғынды зар жылатар еді»,- деді Мұратсай ауылының әкімі Жалғас Ташуов мұндай жағдай көптеген көршілер арасында байқалатынын меңзеп. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Тұрарбек Апақаевтың баяндамасынан, ағымдағы жылдың 10 айында ауданда жалпы 25 өрт оқиғасы орын алғанын, Сайқын, Мұратсай, Саралжын, Ұялы, Хан ордасы ауылдық округтерінде 2222 гектар жер, 14 қора жай және 1 автокөлік өртенгендігін білдік. Өрттің алдын алу шаралары да жоспарлы жүргізіліп, есепті мерзімде 850 нысан өрт қауіпсіздігіне тексерілген. Отырыста жақында жаңа автокөлікпен қамтылған Сайқындағы №17 өрт сөндіру бөлімі (бастығы Сабыржан Ибрашев) 19 штат бірлігімен  және биыл 4 өртке қатысқан Хан ордасындағы № 29 өрт сөндіру бөлімдері де өздеріне жүктелген міндетті нормаларға сай атқарып келе жатқандықтары мәлімделді.

Ауданымызда 2 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімі, Хан ордасы ауылындағы орман шаруашылығында өрт сөндіру бөлімшесі бар. Бұған қоса 7 ауылдық округ әкімдігі жанынан 70 адамнан тұратын ерікті өрт сөндіру құрамалары жасақталған. Оның сыртында аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың қолдауымен аудандық бюджеттен 6 млн. 600 мың теңге қаржы бөлініп, Ұялы ауылында ашылған ауылішілік өрттер мен дала өрттерін сөндіруге арналған № 49 өрт сөндіру бекеті Саралжын, Т.Масин ауылдарында шыққан өртті ауыздықтап, қызметтерін мүлтіксіз атқаруда. Бұл бекетте жеті азамат тұрақты қызметке алынып, «Өрт сөндіруші» ЖШС-і арқылы 1 бірлік «Зил-130» өрт сөндіру автомашинасы мен жанар-жағар май, арнайы киімдермен қамтылды. Алдағы уақытта тиісті құжаттары жасақталғаннан кейін аудан әкімдігі арқылы қосымша «Газ-66» өрт сөндіру автомашинасын беру де жоспарлануда,- деді Асылбек Ерешев, аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы.

Биыл көп жағдайда дала жанулары мен өрттерін сөндіруге ауыл әкімдіктерінің ерікті өрт сөндіру құрамалары мен техникалары жеткілікті болғандықтан өрт сөндіру бөлімдерінің жеке құрамалары мен техникалары толық қатыстырылмаған екен. Десе де өрт сөндіру бөлімдерінде түрлі ұйымдастырушылық бағыттағы жұмыстар ақсап тұрғанын баса айтқан Рүстем Мүлкайұлы өрттен бос уақытты тиімді пайдаланып, осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Сонымен қатар отырыста тиісті мамандарға тапсырмалар тапсырылып, хаттамалық шешім қабылданды.

 

Тілсіз жаудан сақтану үшін не істелінді?

Бұл мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы:Асылбек Ерешев төмендегідей сақтық ережелерді сақталуы шарт дейді.

— Дала жанулары мен өрттерін болдырмау және дер кезінде сөндіру мақсатында:

— аудандағы 22 елді мекендегі құрылыстардың аумағы былтырғы қалдық шөптерден тазартылып арнайы белгіленген жерлерге шығарылды;

— шөп шабу науқанына қатысатын ауыл шаруашылығы техникалары 28 мамыр — 6 маусым аралығында техникалық бақылаудан өтті;

— аудан аумағындағы 70 шақырым шекара бойы және 50 шақырым өрт қауіпі бар жерлерге жырту жұмыстары жүргізілді;

— өрт қауіпі мезгіліне 2000 литр бензин, 3000 литр дизель отыны дайындалып, оған аудандық бюджеттен 1000000 (бір млн) теңге қаржы бөлінді;

— ауыл әкімдіктері жанындағы ерікті өрт сөндіру құрамаларын материалдық-техникалық жарақтандыру мақсатында аудандық бюджеттен 2 млн. 500 мың теңге қаржы бөлініп, қажетті  өрт сөндіру құрал-жабдықтары сатып алынды;

— ауылдық округ әкімдері дала өрттерін сөндіруге шаруа қожалықтары басшыларымен келісімшарт жасасты.

2015 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа арнайы өрт сөндіруге арналған көлік пен құрылғылар алынған.

Енді не істеуіміз керек?

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Тұрарбек Апақаев сақтық шараларын қатаң ұстау артықтық қылмайды дейді.

— Пішен үйілетін жерлер найзағайдан сақтану қондырғысы монтаждау, оның аумағын шөптен тазарту, өрт сөндіру құралдарымен және су қорымен қамтамасыз ету.

— шөп шабуда және жемшөп тасуда жүрген барлық ауыл шаруашылығы агрегаттары ұшқын сөндіретін және өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс.

— науқанға қатысатын азаматтар міндетті түрде өртке қарсы нұсқаудан өтулері керек. Далада, дала қостарында жөндеу және темір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе, пішен қоры сақталатын орындарға ерекше көңіл бөлген жөн.

— бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы тиіс. Әрбір үйілген қатарлардың ара қашықтығы 20 метрден кем болмауы керек. Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмайды.

— пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе, балалардың кіруіне жол бермеу керек.

— өрт байқалған бойда жақын орналасқан елді мекендер тұрғындары мен шаруа қожалықтары «менікі, сенікі» демей, барлығы бір кісідей жұмылуы шарт.

Қысқы азық деп жинаған қорыңыз қызыл жалынның құрбаны болмасын, баспанаңызды өрт болып, опынып қалмау үшін сақтық шараларын естен шығармаңыз. «Сақтанғанды сақтаймын» деген әр кез ойыңызда жүрсін!

Раушан БАҚЫТОВА.