27.11.2018, 11:46
Қараулар: 791
Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі

Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі

«Шәкірт – шәкірт емес,

Ұстазын ол сүймесе.

Ұстаз – ұстаз емес,

Шәкірті үшін күймесе», – деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бастауыш сынып оқушыларының ой-қиялын біліммен нұрландырып, дүниетанымын кеңейтіп жүрген тәжірибелі ұстаздардың бірі – Салтанат Сарбаева. С.Шайқықызы 32 жылдан бері Ш.Жексенбаев атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. Ізденімпаз ұстаздың ұзақ жылғы жемісті еңбегінің нәтижесі де жоғары. Биылғы жылы мектеп түлектері арасынан төрт «Алтын белгі», бір «Үздік аттестат» иегерлерінің шығуы бастауышта білім негізін қалаған ұстаздарының еңбегі. Айта кетелік, 2014 жылы ХІ облыстық «Intel-junior – 2014» бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиададан І.Болатқалиева ІІ орын иеленесе, К.Рамазанова, Ф.Шынболатова белсене қатысқаны үшін марапатталды. Республикалық қашықтық пәндік олимпиададан С.Жоламан, Г.Әжігерей, С.Шынболат, Д.Нохат жүлделі орындардан көрінді. Республикалық «Ақбота» интеллектуалды ойынына бірнеше шәкірттері қатысып, ІІ орынмен ұстаз сенімін ақтады.

Өз ісін жетік білетін, үнемі ізденісте жүретін, білікті ұстаз ел болашағының тізгінін ұстайтын жас бүлдіршіндердің жүрегінен жол тауып жүрген ол әріптестеріне өнеге. Жүзінен мейірім шуағы тараған, кісілік келбеті мол, мінезі байсалды ұлағатты ұстаздың сабағына кіріп, озық тәжірибесін үйреніп алуға жас мамандар да құштар.

Гүлвира ЗҰЛҚАРНАЕВА,

мұғалім.

 Суретте: Салтанат Сарбаева (сол жақта) әріптестері және шәкірттерімен.