27.11.2018, 11:42
Қараулар: 135
Музейде ізі қалды зәкияның

Музейде ізі қалды зәкияның

Зәкия Ислямованың есімі ханордалықтар үшін жақсы таныс. Ауылдың мәдениеті мен мен білім саласына өзіндік қолтанбасын қалдырған музей саласының ардагері Зәкия Ислямқызының өмір жолы үлгі тұтарлық. Өнегелі ғұмыр иелерін жас ұрпақта жария қып айтқанның еш артықтығы жоқ. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын   «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Өнегелі құндылықтар»  базалық  жобасы   да туған жерінің  дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер азаматтардың есімдерін ұрпаққа насихаттауды көздейді.

Зәкия апай Сайқын ауылдық округінің Шоңай темір жол стансасының тумасы. Оралдағы Мемлекеттік Қазақ оқытушылар институтына түсіп, география және жаратылыстану пәнінің мұғалімі мамандығын алған зәкия Ислямқызы алғашқы еңбек жолын мектептің комсомол ұйымы комитетінің хатшысынан бастаған. 1952 жылы Орда ауданы тарағанша жұмыс жасап, кейін Жәнібек, Орда мектептерінде ұстаздық қызмет атқарған. Іскер де алғыр маман депутат боп,  республикалық түрлі съездерге делегаты болып  қатысқан. Партия қатарына өтіп, кейін жоғары партия мектебінде оқыған.

Өз заманында жауапты қызметтерді асқан жауапкершілікпен атқарған Зәкия апамыз өмірде де үлгі тұтарлық отанасы, ардақты ана, сыйлы жан бола білді.  Ұлы Отан соғысының ардагері, география пәнінің мұғалімі, кейін Орда ауылдық Кеңесінің төрағасы болған Оразбай Ділмашевпен отбасын құрып,  екі қызды тәрбиелеп өсірді.

Ал, 1967 жылы ол мемлекеттік статус алған Орда тарихи-революциялық музейіне аға ғылыми қызметкер болып қызметке орналасады. Сол кезде екі бөлімнен тұрған музей экспозициясы  үш бөлмеге  орналасып, келушілердің назарына Бөкей ордасындағы білім саласы, 1836-37 жж. көтеріліс, Кеңес үкіметінің орнауы, баспахана тарихы, I үлгілі қазақ-кеңес атты әскер полкі, өлкеден шыққан танымал тұлғалар және «Әкелер даңқы жолымен» атты слеті тақырыптарында көрмелер ұсынылды. Зейнетке шыққанша осы музейде қызмет жасады. Ғылыми-ізденіс жұмыстарын аса жауапкершілікпен атқарған Зәкия Ислямованың музей саласында қалдырған қолтаңбасы айтарлықтай. Ол кісі атқарған істер мен ұйымдастырған жобалар әлі күнге музей қабірғасында келушілерге қызмет етіп тұр.

Бүгінде Бөкей Ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы  Бөкей ордасында халыққа білім беру музейінде Жәңгір мектебінің мұғалімдеріне арналған экспозициясына   Зәкия Ислямова мен жұбайы  Оразбай Ділмашевтің да фотосуреттері қойылып, музей қорында құжаттары сақталған. Қызмет барысында 25 жылдай саналы ғұмырын ізгілік жолына арнаған З.Еслямқызының ұстанған ұстанымы мен тәжірибесі жас әріптестеріне өнеге болды.

Зәкия Ислямқызы егер тірі болса биыл тоқсан беске келер еді.   Оның бойындағы толеранттылық қасиет, болмысына тән байсалдылығы, үнемі бір қалыпта жүретін байыптылығы, айналасына шуағын шашқан  мейірімділігін оның көзін көрген  дос-жараны мен ағайын-туыстары да жадыдан шығармақ емес.

 

Гүлзада Абулхайрова,

Бөкей Ордасы  тарихи-музей

                           кешенінің  бөлім  меңгерушісі