27.11.2018, 11:21
Қараулар: 156
КАВАЛЕРИЯ ГЕНЕРАЛЫ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛМАСЫН

КАВАЛЕРИЯ ГЕНЕРАЛЫ КӨЛЕҢКЕДЕ ҚАЛМАСЫН

1978 жыл. Орда тарихи-революциялық музейінде жұмыс жасап жүрген кезім. Бір күні музейге хат келді. Хат күнде келеді ғой, бірақ, мынау әдеттегі көз үйренген емес, бөлек: бөтен адрес, конверті де, маркасы да одақтікіне ұқсамайды, өзгеше. Ашып қарадық. Болгарияның Плеван қаласындағы әскери-тарихи музейден екен. Хат иесі музей директоры Галина Тодорова ел тәуелсіздігінің 100 жылдығына байланысты Болгарияның азаттығы жолында тарихи шайқастарға қатысып, ерлік көрсеткен әскери қайраткерлерді іздестіріп жатқанын, солардың бірі жерлесіміз Ғұбайдолла Жәңгіров екенін айта келіп, мүмкіндік болса, ол туралы деректі материалдан көмек көрсетуімізді өтінген екен. Біз жауап хатымызда Ғұбайдолланың өмірдерегі мен генерал шеніндегі фотосуретін салып, Плевендегі музейде жерлесімізге қандай деректі материал барын сұрап, болса олардың фотосуретін жіберуді өтіндік. Көп кешікпей, музей басшылығы «Памятники признательности» атты кітап-альбом салып жіберіпті. Дегенмен, ол кітапта жерлесімізге қатысты еш дерек жоқ екен. Кітап арасындағы бір парақта орыс-түрік соғысын зерттеген тарихшылар еңбектерінің тізімін көрсетіпті. Онда: «Приказом от 30-го сентября 1877 года за проявленное мужество и храбрость в боях с турками под Плевной 11-12 сентября 1877 года военном орденом «Святой Георгий ІV –й степнеи были награждены майор Горталов и штабс-капитан Седов из 61-го пехотного Владимирского полка, а полковник Чингизхан (Губайдолла Джангиров) получил золотую саблю с надписью «За храбрость» (Сборник «Плевенская эпопея» 1877 г. стр.147).

Өзге елдің Ғ.Жәңгіровтің есімін елеп, ерлігін бағалап, құрметтеп жатқанына, жоқшысы боп отырғанына қуандық. Даңқты жерлесімізге қатысты мәліметтерді жинақтауда Қазақстан-Ресей елдері өлкетану қоғамдарының белсенді мүшесі Айболат Құрымбаевтың көмегін айтуға тиіспін. М.Мәметова атындағы орта мектепке басшылық жасап жүрген кезінде Айболат интернетті ақтарып, Ғ.Жәңгіровке, орыс-түрік соғысы қатысты біраз тарихи дүниені тауып, қолымызға ұстатқан еді.

«Чингизиды» деген сөзді естуіміз бар-тұғын. Бірақ ол қайдан пайда болды? Олай деп кімдерді атайды? Ғұбайдолла Жәңгіров ата-тегіне Шыңғыс (Чингиз) есімін қосып атауға рұқсат сұрап, 1869 жылы 9 шілдеде ақ патшаның атына, 1871 жылы 1 қаңтарда әділет министрінің атына жазған өтініштерінің фотокөшірмелері сақталған. Патша ағзамның өкімімен, Сенаттың тиісті жарлығымен Ғұбайдолланың өтініші қанағаттандырылып, ресми құжаттарға Ғұбайдолланың ата-тегі Ғұбайдолла Жәңгір Бөкеев Чингизхан болып берілді. Ол мұны өзінің түп-төркінінің Шыңғыс ханнан тарайтынымен түсіндірген.

Ғ.Жәңгіровтің ерлігі туралы Л.Варшавскаяның «Аргументы и факты» газетінің 2000 жылғы қарашадағы №47 санында «Повелел император золотую саблю за храбрость» атты мақаласында баяндалған. Бұл мақала Ғұбайдолла тағдырын зерттеген Шолпанай Аманжоловамен сұқбат түрінде көрініс тапқан. Ш.Аманжолова Болгарияның Қазақстандағы елшісі Ивановпен сөйлесіп, Плевендегі әскери-тарихи музейден жерлесімізге қатысты құнды құжаттарға қол жеткізген. Музейден алынған тарихи жылнамада Ғ.Жәңгіровтің  Плевенге барар жолдағы алынбас қамал болған Гривицк бекініс алуда асқан шеберлікпен соғыс тактикасын ұйымдастыра білді деп көрсетілген.

Тағы бір ғұбайдоллатанушы доцент Ғалым Бөкейханов «Егемен Қазақстан» газетінде (2003 жылғы 13 мамыр) «Кавалерия генералы» деген үлкен мақаласын жариялады. Ғұбайдолла Жәңгіров 1856 жылы Петербордағы паж корпусын бітіріп, 1857 жылы 17 жасынан Орынбор генерал-губернаторының қарамағында, 1866-76 жылдар аралығында Ресейдің түрлі әскери құрамаларында қызмет етіп, полковник шенін иеленген. 1877-78 жылдары орыс-түрік соғысына қатысып, генерал-майор, 1888 жылы генерал-лейтенант, 1894 жылы кавалерия генералы (генерал шенінің ең жоғары сатысы) шенін алып, есімі Кремель сарайындағы Георгий залының қабырғасына ойылып жазылған екен. Әскери қызметте 38 жылын өткізген Ғұбайдолла 1895 жылы 55 жасында доғарысқа кетіп, Ялтадағы император сыйға берген имениесінде 1909 жылы 28 ақпанында 69 жасында бақилық болған. Ялтаға  таяу Дерекой елді мекеніндегі мұсылмандар зиратына жерленген.

Қазақ генералдары тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Әбдіровтің  «Ақиқат» журналының 1997 жылғы №3 санында жарық көрген «Шенді шекпен» ғылыми мақаласына да арқау болған. Тарихшы XVI ғасырдың аяқ кезінде орыс армиясында 200-ге жуық жоғары шенді қазақ офицері қызмет еткенін, кіші жүзден төрт генерал-майор шыққанын айтқан.  М.Әбдіров көрсеткен шенділердің бәрі дерлік атақты қолбасшы Әбілқайыр ханның ұрпағы. Оның біреуі – ханның шөбересі Жәңгір Бөкеев, 1840 жылы 1 желтоқсанда генерал-майор шенін иеленген. Бұл турасында «Саратовские ведомости» газетінде жарияланған. Әбілқайыр ханның немерелері Айшуақұлы Баймұхамед пен оның баласы Мұхамеджан. Бұл екеуінің генерал шенін не үшін алғанын айтпаса да түсінікті. Сырттан келіп атой салған жауды емес, Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісті тоқтатқандары үшін алған.

Генералдарды тақырып еткендердің бірі – Серік Жұмабекұлы. Журналист «Егемен Қазақстан» (2003 жылғы 26 қараша) газетіне «Қазақ генералдары» атты танымдық мақаласын жариялады. Генерал лауазымының өз заманында үлкен құрметке ие болғаны, доғарысқа шыққан генералға патша өкімімен жер беріліп, генералды төрт минуттан артық күткізіп қойған шенеуніктердің қатаң жазаланғаны айтылған.

Ғұбайдоллатанушы Ш.Аманжолова патшалық Ресейдің өзі ұлық көрген дала перзентінің өз жерінде лайық бағасын алмай отырғанын, әскери оқу орындарының бірін Ғ.Жәңгіровтің атымен атауға әбден лайық екенін айтады. Аманжолованың бұл ұсынысы қолдауға тұрарлық. Бұратана саналған қара халықтан шығып, ерлігімен, көрегенділігімен мойындатқан текті тұлғаның есімін неге бір әскери оқу орнына бермеске?! Тарих қойнауында қалған есімді елге танытсақ, рухани жаңғыруымызға сеп болмай ма?!

Амантай ХАМЗИН,

тарихшы, өлкетанушы,

Сайқын ауылы