23.11.2018, 10:37
Қараулар: 87
Зейнеткерлікке құрметпен

Зейнеткерлікке құрметпен

Аудан әкімі мен мәслихат аппараты, аудан орталығындағы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залына жиналып, тағы бір азаматты құрметпен зейнеткерлікке шығарып салды. Ол еңбек жолын қатардағы есепшіліктен бастап, қырық жылдан астам уақыт қаржы, салық қаржылық бақылау, қазынашылық салаларында қызмет атқарған, аудандық қазынашылық басқарманың басшысы Жарылқасын Өтешқалиев еді.

Басқосуды ашқан аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Жарылқасын Игімбетұлының іскерлік қырына, адами қасиетіне тоқталып, зейнеткерлік жасқа абыроймен жеткенін атап көрсетті, Алғыс хат табыстады. Әкімдік пен мәслихат аппараты ұжымы атынан иығына шапан жауып, басына қалпақ кигізді. Мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов мерейжас иесімен бір ауылда өскендігін байқатып, Жәкеңнің әкесі Игімбеттің Ұлы Отан соғысынан жаралы оралса да, екінші тыңда еселі еңбек етіп, орден-медальдармен марапатталғанын, Қазақ CCР Жоғары Кеңесіне депутат болғанын, тәлімді отбасынан шыққан ұрпақтардың дәстүрді лайықты жалғастырып жатқанын баяндады. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков партияның облыстық филиалы төрағасы орынбасары Серік Сүлейменнің Алғыс хатын, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысы Раушан Абдоллина өз ұжымының тарту-таралғыларын ұсынды. Өз қатарларына қосылып жатқан жанды биылғы көктемде зейнеткерлікке шыққан Жанғуат Еркеғалиев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Иманбай Машотов құттықтап, ұзақ жыл бірге істеген әріптесі, аудандық салық басқармасының бөлім басшысы Мұрат Таңатов пен қазынашылық басқарманың жас маманы Айгүл Елекенова да жүрекжарды лебіздерін жаудырды.

Пайғамбар жасына жеткен Жарылқасын Өтешқалиев өзін осылайша ұлықтап жатқан көпшілікке, шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылығын білдіріп, ертеңнен бастап қызметті доғаратынын мәлімдеді.

Дәулет Әлиев.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.