10.11.2018, 20:41
Қараулар: 148
«Әлем музыкасы – ұлттық аспапта»

«Әлем музыкасы – ұлттық аспапта»

Бөкей ордасы аудандық балалар саз мектебінің шәкірті, республикалық байқаулардың жүлдегері, жас қобызшы Жансая Әміржанның шығармашылық кеші дәл осылай аталды.

Саз мектебінде өткен әуенді кеште Жансая Құрманғазы, Тәттімбет, Арынғазының күйлерімен бірге, әлемдік музыка жауһарлары Дезмондтың «Пять четвертей», Шабельский мен Шаргородскийдің «Қобызға арналған концерті» шығармаларын қобызда орындады. Кеште Жансая Әміржанның ағасы Бақытжан Құрманғазының «Төремұратын» домбыра шанағынан төгілтсе, қобыз үйірмесінің ұстазы Жасмина Қабденғалиева, Самал Рахымжанова, Қуаныш Дүйсекешев шәкірттерінің шашбауын көтеріп, сахнадан табылды. Ал, «Орда гүлдерінің» бишілері мың бұрала биледі. Жансаямыз сегіз қырлы, бір сырлының нақ өзі. Ән де салды, би де биледі.

Аудан әкімінің орынбасары Л.Қайырғалиева бастаған кеш қонақтары Жансаяға жарқын болашақ тілеп,  бағалы сыйлықтар табыс етіп, қаржылай демеушілік көрсетті. Кеш соңында Жансая Әміржанның әкесі қызының өнерін ұштастырған ұстаздарына, көрермен қауымға ризашылығын білдірді.