8.11.2018, 19:21
Қараулар: 982
Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетіне жаңа редактор тағайындалды

Бөкей ордасы аудандық «Орда жұлдызы» газетіне жаңа редактор тағайындалды

Бүгін Бөкей ордасы ауданына жұмыс сапарымен келген «Жайық Пресс» медиахолдингі Бас директорының аға кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай аудан әкімінің міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің қатысуымен  аудан активіне «Жайық Пресс» ЖШС Бөкей ордасы филиалы – «Орда жұлдызы» газетінің директор-редакторы қызметіне тағайындалған Ұлпан Әнуарқызы Жакинаны таныстырды.

Жиынды ашқан Рүстем Мүлкайұлы Нұрсұлтан Ертуғанұлына қош келдіңіз айтып, осы кезге дейін аудандық газет директор-редакторы міндетін уақытша атқарып келген Нұртай Алтайұлына Текебаевқа аудан әкімдігі мен халқы атынан ризашылығын білдіріп, естелік сый-сияпатын табыстады.

Қадірменді мейман Нұрсұлтан Ертуғанұлы аудан активіне Медиахолдингтің Бас директоры Рауан Сәбитұлының бұйрығымен тағайындалған Ұлпан Жакинаның еңбек жолын таныстырып, оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, «Жайық Пресс» медиахолдингінің алдағы ауқымды жоспарларымен де таныстырды.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева іскерлік бағытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаған Нұртай Алтайұлының қызметіне ризашылығын білдіріп, Ұлпан Әнуарқызына сенім биігінен шығуға тілектес екендігін жеткізді.

Ұлпан Әнуарқызы сенім білдірген медиахолдинг басшылығы мен қолдау көрсеткен ауданның атқа мінерлеріне алғысын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған тілші Каримолла Ғайсин де өзінің ақ жарма тілектерін айтты.

Айта кетейік, Ұлпан Жакина 1978 жылдың 17 сәуірінде Жәнібек ауданы, Ұзынкөл ауылында туған. 1999 жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ндің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Жәнібек ауданындағы Т.Жароков атындағы орта  мектептен бастаған. 2000-2003 жылдары облыс орталығындағы Орал гуманитарлық колледжінде  оқытушы, 2003-2004 жылдары Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуникациялық, жол шаруашылығы және жолаушылар көлігі басқармасының аудармашысы болған.

Ал, 2004-2009 жылдары облыстық «Орал өңірі» газетінде тілші, 2009-2010 жылдары облыс әкімдігінің кадрлар бөлімінің мемлекеттік қызмет және наградалар бойынша маманы қызметін атқарған. 2010-2011 жылдары облыстық «Айна» қоғамдық-саяси тәуелсіз газетінде тілші және 2011-2013 жылдары Тасқала аудандық «Екпін» газетінде жауапты хатшы қызметінде болған. Бүгінгі күнге дейін аудандық «Орда жұлдызы» газетінде тілші қызметін атқарып келді.

Біз де батыс өңірінің басты ақпарат көзі – «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымының атынан Ұлпан Әнуарқызының жаңа қызметіне табыс тілейміз!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар