8.11.2018, 12:16
Қараулар: 154
Бөкейлік жаңа есімдер

Бөкейлік жаңа есімдер

Аудандық демалыс орталығында аудандық кітапханашылар жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Туған жер» бағдарламасының «Жаңа есімдер» жобасы аясында «Ұлт келбеті – жалынды жастар» атты кеш өтіп, орта мектеп оқушылары мен колледж студенттері есімдері елге таныла бастаған бірқатар жас дарындардың ата-аналарымен кездесті.

Кешті ашқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директоры Дәржан Сыдықова Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 жаңа есім» жобасында нақты адамдардың нақты тағдарлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табатынын атап көрсеткеніне тоқтала келіп, әр өлкенің өз «100 жаңа есімі» болуы керектігін сөз етті. Осы бағытта жоба құрып, ауданымыздың атын республикалық, облыстық деңгейге танытып жүрген жас таланттардың – әдебиет, музыка, қолөнер, спорт шеберлігінің 25-ін анықтап, шағын кітапша құрастырған кітапханашы Гүлмира Ғайсинаның еңбегіне табыс тілеп, шара тізгінін жоба авторына табыстады.

Қолға алған ісінің мақсаты жас дарындарды анықтап, қолдау көрсетіп, елге таныту, шығармашылықтарын насихаттап, шабыттарын үрлеу екенін жеткізген жүргізуші алдымен олар туралы слайд көруді ұсынды. Әр тасын түртіп қалсақ, сөйлей жөнелетін тарихи шежіреге бай, тұңғыштар отаны атанған Бөкей ордасында таланттылар тізбегі жалғасуда екен. Жиырмадан астам тұлғаның жетеуі (Нартай Сәрсенғалиев, Аслан Қаженов, Артур Мағзомов, Гүлсезім Бияшева, Әділет Әбдіров, Гүлжаз Баделова, Гүлнар Қадырова) журналист болса, Асқарбек Әбуов – зергер, Хасанқожа Самиғоллин мен Қайрат Байбеков – спортшы, Асылұлымбек Ахметов – елге танымал жайдарманшы, Гүлболсын Кереева, Ерболат Өтешқалиев, Архат Қуаншалиевтер – музыкант. Дені поэзияны серік етіп, алды 3-4 жыр жинағын шығарса, жоғары оқу орны қабырғасында жүргендерінің туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарық көруде. Аружан Құбайт, Әлихан Айғалиұлы, Жасмина Байболатова, Ділназ Жасқайратова, Нұрислам Өтеғалиев, Ұлдана Бөкенова сынды оқушылар сол ақындардың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, кештің келбетін аша түсті. Төрден орын алған Архат Қуаншалиевтің ата-анасы Сейсемәлі-Бақыт, Хасанқожа Самиғоллиннің анасы Жанна Сұлтанова Асұлымбек Ахметовтың әкесі Жанболаттың апалары Гүлнар Ахметова мен Айгүл Темірбаева, Айшат Ғаббасованың анасы Төреғаным Шәпенова, Асылан Қожановтың анасы Гүлнар Тұралиева, Гүлжас Бадилованың анасы Әсия Әбдірова балаларының алғашқы қадамдарынан соңғы жетістіктерінен тың мәліметтер беріп, кешті ұйымдастырушыларға, жоба авторына алғыстарын жаудырды. Оқушыларға кітаппен достасып, осы күннен алға мақсат қойып, соған ұмтылуға, ерінбей еңбектенуге кеңес берді.

Кешті жастар мен жұмыс жөніндегі аудандық ресурстық орталықтың директоры Исатай Құрмашев қорытындылады. Жиналғандар тақырыпқа сай жасақталған көрмемен танысты, естелік суретке түсті.

Дәулет ӘЛИЕВ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар