6.11.2018, 15:04
Қараулар: 159
Жәрдемов жүлдесіне арналған айқас

Жәрдемов жүлдесіне арналған айқас

Сайқын ауылында ҚР құрметті спорт қайраткері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы Жұбаныш Жәрдемовтің жүлдесі үшін қазақ күресінен облыстық турнир өтті.  Бозкілемде 2003-2005 жылы туған жасөспірімдер белдесті.

Турнирдің ашылуында жарыс төрешілері мен жас палуандар сап түзеп, мемлекеттік әнұран шырқалып, кәде сыйлықтар таратылды. Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық балалар-жасөспірімдер мектебінің директоры Дмитрий Семилиди «қош келдіңіздер» айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Дмитрий Феофилович спорт саласына қосқан еңбегі үшін жарыс иесі Ж.Жәрдемовтің төсіне ескерткіш медаль тақты. Өз кезегінде Жұбаныш Садырұлы жүректерін үміт пен күдік қатар кернеген палуандарымызға ақ батасы мен ақ тілегін арнап, аудан әкімі Нұрлан Рахымжановқа жастарды спортқа баулып, қолдау көрсеткені үшін еңбек етіп жүрген білім ордасы – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика факультетінің деканы Ш.Ғабдрахманованың алғыс хатын табыстады.

Өз салмағының үздігі атануға жергілікті палуандардан бөлек, Орал қаласы мен Ақжайық, Жәнібек, Сырым, Қазталов ауданы командаларының спортшылары да білек түрді. Палуандар боз кілем үстінде намысы мен қайратын қатар сынға салып, дүбірлі доданың көрігін қыздырды. Бірінен-бірі айла-тәсілін асырып, дүйім халық алдында шеберліктерін көрсете білген жас жампоздар көптің ыстық ықыластына бөленді. Мықтылар арасынан қарсыластарын қапы қалдырып, жауырны жер иіскемеген оралдық Ислам Насиполла (35 келі), Ахмет Шүйншалиев (46 келі), Бекжан Ғалымжан (50 келі), Мерлан Қуантаев (55 келі), қазталовтық Алмас Татимов (38 келі), Айымбек Насибуллин (66 келі) мен Шалқар Құзайров (+66 келі), сырымдық Арсен Мақсотов (42 келі), бөкейордалық Әлем Хабиев (60 келі) І орынды жеңіп алды. Барлық турнир жүлдегерлеріне диплом мен медальдар табыс етілді.

Айта кетелік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен аталмыш турнирге қазақ күресінен облыстық жастар мен кадеттердің аға жаттықтырушысы, Азия чемпионы Арман Келмұханов қатысса, белдесуге облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті, жаттықтырушы Артур Шерғалиев пен осы турнирдің бас хатшысы, қазақ күресінен спорт шебері Ержан Шүкіров төрелік етті.

 

Жұбаныш Жәрдемов, ҚР құрметті спорт қайраткері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы:

– Биыл қазақ күресі өзімнің туған жерімде он алтыншы рет өткізіліп отыр. Алғашқы жарыс Орал қаласында болған самбо күресінен бастау алған еді. Содан кейін Қазақ күресі федерациясының ұйғарымымен, Бөкей ордасы әкімдігінің келісімімен осы өзімнің туған ауданымда өткізуге шешім қабылданды. Қай-қай спорт саласының  да жастар тәрбиесінде алатын өзіндік орны бар. Спорт балаларды жан-жақты болып өсуге тәрбиелейді. Командалық беледсуде бір-бірімен танысып, араласады. Бүгінгі жарысқа барлығы тыңғылықты дайындалған. Мені осындай балғын спортшыларымыздың өсіп келе жатқаны қуантады. Шәкірттеріміз тек өз еліміздегі көк кілемде ғана емес, басқа да әртүрлі қалаларға, шет елдерге шығып, обылысымыздың намысын қорғап, еліміздің мерейін көтере берсін. Балаларымыздың мәдениетті, қайсар, батыл болып өсуіне тілекшімін. Осы шараны ұйымдастырушыларға, қатысушы қонақтар мен жас палуандарға ризамын.

 

Нұрбек Ғазезов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері:

– Үлкен жарыста қазылық ететін төрешілердің біліктілігі жоғары болуы өте маңызды. Өйткені, темірдей тәртіп сақтау, қазақ күресі ережесін дұрыс қолданылуына бақылауда төрешілерге артылар жүгі ауыр. Барлық төреші әділ төрелік етті деген ойдамын. Қатысушылардың дайындығы жақсы. Әр белдесуге шыққан сайын батыл қимылдап, өзіндік әдіс-тәсілдерімен көзге түскен палуандар бар. Жұбаныш ағамыздың турнирі жылма жыл облыстық деңгейде өтіп, өз нәтижесін беріп жүр. Алдағы уақытта осындай турнирді республикалық деңгейде өткізу ниетімізде бар.

 

 

Ислам Насиполла, Зеленов ауданы, Асан жалпы орта білім беретін мектеп-балабақша кешенінің 6-сынып оқушысы:

– Орал қаласындағы ұлттық спорт мектебінде жаттығып жүргеніме үш жыл болды. Содан бері түрлі жарыстарға қатысып жүрмін. ҚР құрметті спорт қайраткері Жұбаныш Жәрдемовтың турниріне алғаш рет қатысып отырмын. Бөкей ордасы ауданына да алғаш келуім осы. Турнир қызықты да, тартысты өтті. Күресте дайындығы мол, күшті әрі епті палуан жеңіске жетеді. Менімен белдесуге шыққан палуандар осал болмады. Бірақ жеңіп шығатыныма іштей сенімді болдым. Кей қарсыласпен бұрынғы жарыстарда күрескенмін. Сондықтан олармен белдесу ешқандай қиындық тудырмады. Осы орайда, мені спортқа баулып, жарыстарға қатыстырып, жаттықтырып жүрген Арман Базарбайұлына алғысымды білдіргім келеді.

 

Айша ҚҰРМАШ.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар