26.10.2018, 15:57
Қараулар: 613
Жолдау жастарға серпін бермек

Жолдау жастарға серпін бермек

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов колледж студенттерімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы Үкіметке қойылған міндеттер мен аудан бойынша қолға алынатын іс-шаралар барысымен таныстырды.

– Жолдау – деклорациялық құжат, ұлттың стратегиялық дамуының жоспары. Жолдау аясында билікке қойылған міндеттер мен жүктелген тапсырмалар қоғамға үлкен серпіліс тудырды, – дей келіп, Нұрлан Сағынтайұлы «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы – 2020»  бағдарламаларының тиімділігі мен мүмкіндігі туралы, әлі де болса осы бағдарламалар бойынша жұмысты жандандыру қажеттігіне тоқталды. Аудан әкімінің сөзінше, жол картасының жақсылығын көрген шаруа қожалықтары қыстақтарына күн сәулесінен қуат алатын қондырғылар орнатып, электр жарығын пайдалануда. Аудан бойынша 575 қыстақ болса, соның жартысына жуығы ғана жарықпен қамтамасыз етілген. Үкімет тарапынан берілетін субсидия арқылы көптеген шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлер алдарындағы малын еселеп, техникаларын жаңартып алды. «Жолдауда көтерілген мәселенің бірі – цифрландыру, электронды форматқа көшу. Бұл бағыт бойынша бастапқы қадамдар жасалуда. Ауданның шаруа қожалықтары малға чип орнатып, біреуі дрон пайдалануды бастады. Мұндай мүмкіндіктер әрекет еткен әрбір тұрғынға қолжетімді», – деді аудан басшысы Бөкей ордасы бойынша 530 шаруа қожалығы тіркелгенін айтты. Осы қожалық иелері жазда шөп шауып, тракторға отыратын адам жоқ деп, қыста малшы таба алмаймыз деп шағымданады екен. Ал жастарымыз бар, жасамысымыз бар, екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыз жүрміз дейді. Бұл, әрине, қисынға сыймайтын парадокс.

– Аудандағы жастардың саны – 3963. Осының 1991-і еркек кіндікті, одан жасы мен денсаулығы әскерге жарамды дегені мыңның үстінде болса, биыл әскерге баруға ниетті жігіт санын саусақ санынан асыра алмай отырмыз. Денсаулығы жарамды жігіттер қатарында армияға барудан мүлдем бас тартып, тіпті бой тасалап отырғандар бар. Бұл патриоттық тәрбиенің кемшіндігін көрсетеді, – деп сөзін сабақтады аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов.

– Жастарға айтарым, үш тілділік саясатының мән-маңызын ұғынсаңыздар екен. Мүмкіндікті жібермей, ағылшын тілін меңгерсеңіз, қапы қалмайсыздар. Ағылшын тілі бүкіл әлем бойынша жоғары сұранысқа ие. Бір ғана мысал айтайын, тері өнімдерін өндіру, өңдеу мәселесі бойынша жиын өтті. Ираннан келген мамандармен облыс басшылығы тілдесіп отырды. Шетелдік маманға «Ауданымызда мал шаруашылығын дамытудамыз, сондықтан тері өндірісін бізде де қолға алуға болар еді», деп тікелей ұсынысымды айтқым келді. Бірақ, ағылшын тілін білмегендіктен сөзім аузымда қалды. Ал, сіздерге тіл үйренуге мүмкіндік пен уақыт жеткілікті. Қазірден бастап шет тілін үйрене берсеңіз, күні ертең өкінбейсіз, – деді Нұрлан Сағынтайұлы.

Әкіммен кездесуде колледжге тікелей қатысты екі бірдей мәселе тілге тиек болды. Биыл бірінші мүшеліне аяқ басқан колледжде спорт залы жоқ. Бір кездердегі өндірістік мекеме оқу орнына ыңғайластырып алынған екен. Елбасымыз осы Жолдау аясында Үкіметке кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын. Осы бастаманың шарапаты колледжге де тиетін болды. Аудан әкімі алдағы жылы колледж ғимараты жанынан спорт алаңын салу және білім ордасына апаратын жолды асфальттау жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Бұл жаңалықты жастар  қуана қабылдады.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар