23.10.2018, 11:44
Қараулар: 122
Ордалық оғландар орысшаға неге құмар?

Ордалық оғландар орысшаға неге құмар?

Әгәрәки, көшеге шығып, ойнап жүрген, не мектептен келе жатқан балалардың әңгімесіне құлақ түре қалсаңыз, балғындардың ана тілінде емес, орыс тілінде шүлдірлеп бара жатқанын байқайсыз. Бұл үлкен мегаполис, я қалада емес. Шалғай аудан саналатын Бөкей ордасы ауданы орталығындағы көзүйреншікті жайт. «Кім баласын орыс мектебіне бермей жатыр дейсіз? Жоқ жерден ши іздеудің не қажеттілігі бар?» дерсіз. Әңгіме орыс мектебінде оқитын ордалық оғландардың көптігінде болып тұр.

Салыстырмалы түрде айтсақ, жапсарлас қонған көрші аудандарда орыс мектебі жоқ, тек орыс тілінде оқытатын сыныптар ғана бар. Мысалы, Қазталов ауданында екі бірдей аралас мектеп бар. Жәнібек ауданында екі аралас мектеп бар, оның бірі аудан орталығында болса, екіншісі – Талов ауылында. Аудан орталығындағы аралас мектептегі 483 оқушының 295-і орыс сыныптарында оқыса, оның 26-сы өзге ұлт өкілі, ал Талов мектебінде тек қана 5-сынып орыс тілінде оқытылады, ондағы оқушы саны алтау ғана. Осы Талов ауылындағы орыс, араб ұлттарының жас өрендері қазақ тілінде оқуды жөн санапты.

Ал біздің ауданда биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіннің төрттен үші орыс мектебін таңдапты. М.Мәметова атындағы орта мектепте үш бірдей мектеп алды даярлық сыныбы ашылса, М-С.Бабажанов атындағы мектепте мұндай сынып біреу-ақ. Жалпы, ауданда М.Мәметова атындағы мектептен басқа оқыту тілі орыс тілінде жүретін Жәңгір хан мектебі бар. Бұл мектеп – басыбайлы орыс тілінде емес, аралас мектеп. Жәңгір хан мектебінің директоры Олжас Түсіпқалиевтің мәліметінше, жалпы оқушы саны 425 болса, соның 123-і орыс тілінде оқиды.  Ал, М-С.Бабажанов мектебінде 360-тай оқушы болса, М.Мәметова мектебінде 410 оқушы бар. М.Мәметова мектебінің басшысы Асылхан Аманғалиев барлық дерлік сыныптың үш-үштен екенін айтады. Осы санға шаққан мәліметтерге қарап, Бөкей көшіне қосылған орыс, грек, татарлардың ұрпақтары баба сүйегі қалған құмды ауылда орнығып қалған екен ғой деп ойлап қаласың. Санаңызға осындай патриоттық пәрмені бар ой табандап орнығып қалмай тұрып айтайын, сол орыс мектебінің партасын толтырып отырған – өзіміздің қаракөздер. Жәңгір хан мектебіндегі орысша оқитын 123 оқушының жетеуі ғана өзге ұлт өкілінен болса, М.Мәметова мектебіндегі 410 оқушының 14-і ғана өзге ұлт өкілінен. Ал, сол өзге ұлт өкілдерінің қазақша судай ағызса да, қазақ мектебінде оқып жатқаны жоқ…

 

 «Балам орысша оқып, пысық болсын»

 

Мектепті бала емес, ата-ана таңдайтыны бесенеден белгілі. Кешегі ойын баласы ата-анасының қай мектепті құп көргенін қыркүйекте бір-ақ біледі. Ата-аналар орыс тілінде оқытатын мектепті неге озық көреді екен? Соны білмек болып, ата-аналарды сөзге тартқан едік.

Ария Айтқалиева:

– Екі балам да орыс мектебінде оқиды. Әкесінің қалауы осылай болды. Өзі орыс мектебін бітірген. Сабағына көмектессек деп орыс мектебіне бердік, – дейді.

Бұл тек Арияның жауабы емес. Басым көпшілігі осылай дейді. Өздері орысша оқыған жылдары орыс тілі үстемдік құрғанын, қазір тәуелсіздік алған азат елдің болашағы ана тілді болмағанда, қашан қазақ тіліміз төрге шығады деп жауабы жоқ сауалдарды төпетіп-ақ кетер едім. «Өз құқығым, өз балам, өзім білемін» деген жауап маңдайына тарс ете түсетіні тағы бар. Кейбір  ата-аналар орыс мектебінің үйлеріне таяқ тастам жерде тақау екенін алға тартады.

«Қазақ мектебінде оқыған балалар бұйығы, орыс мектебінде оқыған бала ашық, пысық, өз ойын іркілмей айта алатын алғыр болады». Бұл баласын орыс мектебінде оқытуды жөн санаған ата-ананың ең бір қарабайыр тұжырымы десе болады.

– Иә, мен баламды дәл осы мақсатпен орыс мектебіне бердім. Ашылсын, пысық болсын, іркілмей өз ойын ашық айта алатын алғыр болсын дедім, – дейді жас ана Айгүл Әжіғалиева.

– Орысша оқыған бала қай-қай жерде де нанын тауып жейтін пысық болады. Жас кезімізде орыс тілін білмегендіктен, айтар сөзіміз аузымызда қалып, тіл білмегендіктен талай жерде есеміз кетті ғой. Қайда, қандай ортада жүрсе де, пробивной (өзгеріссіз өз сөзі) болсын деп ұл мен қызымды орыс мектебіне бердім, – дейді Үміт Захарқызы.

Әй, қайдам, қазір қай мектептің баласын алсаң да, өз ойын айта алмай, қолтығынан бөзі, аузынан сөзі түсіп тұрмайды. Отбасындағы еңсені езіп қысым мен озбырлықты көріп өскен балалар жасық болмаса, қазіргі қазақ мектебінің балаларына жуас, момын, өз пікірін білдіре алмайды деген штампты жапсыра алмайсың. Орысша оқығанның бір тіні артық болады деген құлдық санамыздың сегіз өрім қамшыдан қалған ізіне әлі де селеуке түспегені байқалады.

«Пробивнойдан» шығады ғой, кей ата-ана орташа оқыса да, орыс мектебін бітірген түлектердің грантқа таласта тұзы жеңілдеу болады деп ойлайды. Соның бірі осы – Үміт апамыз.

– Еліміз бойынша қазақша оқитын балаларға қарағанда орыс мектебінде оқитын балалар саны аз ғой. Грантқа түскенде 75-80 балл жинап, оқуға түсіп кетер дәме де бар, – дейді.

Захарқызының бұл сөзінің жаны бар. Алысқа бармай, өткен оқу  жылындағы грант нәтижесіне қарасақ, 75430 оқушы ҰБТ-ға қатысқан, оның 60 327-сі қазақ мектебінен, 14 810-ы орыс мектебінен, 293-і ағылшын тілінде оқытатын мектептен екен. Орыс мектебін бітірген түлектердің жартысына жуығы ЖОО-ны таңдағанда, Қазақстанды емес, көршілес Ресей, ТМД елдерін таңдайды. «Утечка мозгов» (білімді жастардың эмиграциясы) үдерісі биылғы жылы да 57-60 балл жинаған түлектерге жол ашып берді.

Алысқа құлаш сермемей, үлкен мәселеге бас сұқпай тұрып, ауданға оралайық.

 

Қазығын  қайта тауып жатыр

 

2016-2017 оқу жылынан бастап, яғни, соңғы үш жылда даярлық тобында оқитыны бар, орта буын оқушылары бар, М.Мәметова мектебінің 11 оқушысы М-С.Бабажанов мектебіне ауысқан.  Басы қатып, дүбәра болған бала. «Қанмен берілген қазақ тілі қайда кетер дейсің?  Тілі орысша шығып, орысша сөйлеуге жатық қой» деп мектеп таңдаған ата-ананың қателігінен оқушы екі кеменің құйрығын ұстап, суға кеткеннің күйін кешуде.

– Балалар таң атқаннан, кеш батқанға дейін орыс тілді арналарды көреді. Мультфильмді көріп қана қоймай, бала миы сол тілдегі ақпаратты қабылдайды. Балалар өзара орысша сөйлеседі. Осыны көрген ата-ана баламның орыс тіліне бейімі бар екен, орыс мектебіне берсем, алып кетер деп қателеседі. Оқушы мектепте тек алты сағатын ғана өткізеді. Қалған уақытта үйде. Ата-ана баласының сабағын қадағалап, жеткілікті деңгейде қараса алмағанда, сыныптан-сыныпқа көшкен сайын баланың үлгерімі нашарлай береді. Біз баланы мектепке қабылдауда ата-анасына «үйдегі сөйлеу тілі қандай? Күні ертең балаңызға жеткілікті түрде көмек көрсете аласыз ба? Қазақы отбасы екенсіз, қазақша оқытсаңыз қалай болады?» деп жөн сілтей алмаймыз. Немесе балалардың орыс тіліне қабілеттілігін алдына ала емтиханнан, сынақ өткізіп, безбенге сала  алмаймыз. Өйткені, біздің ондай құқығымыз жоқ, – дейді М.Мәметова атындағы мектептің директоры Асылхан Аманғалиев.

Құп, басшы осылай десе де, балалары мектеп ауыстырған ата-аналардың ішінде «мектеп мұғалімдері «балаңызды Бабажановқа апарғаныңыз дұрыс, орыс тілінде алып жүре алмайды» деп «кеңес» бергеннен кейін мектеп ауыстырдық» дейтіндер де бар. Соған байланысты «Ата-ананы шақырып алып, балаңызды қазақ мектебіне бергеніңіз дұрыс деп айтуға құқығыңыз бар ма? Үлгерімі төмен баланы қосымша сабақ беріп, жұмыстануды талап етпейсіз бе? Әлде орыс мектебіне тек орысшасы жетік балалар ғана оқу керек пе?» деп сұрадық.

– «Мектеп ауыстырыңыз!» деуге еш құқығымыз жоқ. «Здраствуй! До свиданияны» түсінбейтін бала келсе де, мектепке қабылдаймыз. Мемлекеттік тапсырысты орындап, алдымызға келген балаға білім беру міндетіміз. «Сен мында қал!», «Сен қазақ мектебіне бар!» деп ешкімге ешқашанда айтуға құқығымыз жоқ. Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсінемін, мойындаймын, бір әріптесіміздің «Бабажанов мектебіне барыңыз, балаңыз орыс тіліндегі білімді қабылдай алмайды» деген жайт орын алды. Ол мұғалімді шақырып алып, сөйлестім. Тиісті шара қабылданды. Тек тіл мүкістігі бір ғана оқушыға М-С.Бабажанов мектебіне баруға ұсыныс айттық, өйткені, ол мектепте бізде жоқ мамандар логопед пен дефектолог бар, – деген уәж айтады М.Мәметова мектебінің басшысы.

Осы тұрғыда М-С.Бабажанов мектебінің директоры Жұбан Ғұмаров:

– Мектеп таңдауда басты рөл ата-анада екені айтпаса да түсінікті. Баланың ертеңіне қатысты таңдауыңызға асқан жауапкершілікпен қарау керек. Баланың теледидардан үйренген орысшасы сан мың ғылымды игеруге жетпейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі реформалар баланы ғана емес, ата-аналарды да ойландырады. Баланың сабақ үлгерімі нашарлап кетті деп, мектеп ауыстыратын ата-аналар ең бірінші зардап шегуші бала екенін білулері керек. Мектеп ауысты, сыныптастары ауысты, бұл ештеңе емес, бір ауылдың іші, орыс мектебі ауылдың ортасында, қазақ мектебі ауылдың сырт жақ шетінде. Сыныптастары көз көріп жүрген ауылдастары. Бірден тіл табысып кетеді. Мәселе – оқушының білімді қабылдауында. Әр пәннің өзіндік терминдері бар. Он бір жыл оқитын болса, соның тең жарымын орысша оқып келген бала әрі қарай жалғастырып кетеді? Гәп осында, – дейді.

Ал мұғалімдер сауат ашу орыс тілінде жүргендіктен, ұлты қазақ болса да, қазақ әріптерін танымай келген оқушылар бар. Бұл баладан үлкен ыждағаттылықты, мұғалімнен қосымша уақыт бөлуді, жауапкершілікті талап ететінін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын оқыту тілі өзге мектепке ауысқан бала бір сыныпты шегеріп барып бастайтын еді. Мәселен, орыс мектебінен 7-сынып бітіріп келген оқушы қазақ мектебінің 6-сыныбына қабылданатын еді. Қазір ондай талап жоқ.

– Балам екі жыл оқып, мектеп ауыстырды. Мұғалімі орысша алып жүре алмайды деп қырын қарап тұрса не істеймін?! М-С.Бабажанов мектебіне шала орысшамен барып отырған тек оқушылар емес, мұғалімдер де сондай. Қазақшалары енді түзеліп келе жатқан мұғалімдерді саусақпен санап берсем, санауға саусағың жетпейді. Етімнен ет кесіп алса да, айтар едім, балам «қара тізімге» кіріп кетер деймін, – дейді біз сөзге тартқан аналардың бірі.

– Иә, баламның мектебін ауыстырдым. Орысша оқысын дедім, оқсамады. Қазір шынын айтайын, қазақша оқығаннан гөрі орысша оқығанның тұзы жеңілдеу ме деп ойлаймын. Сынып толық, ағылшын тілінен бастап, дене шынықтыруға дейін топтарға бөлініп оқытылады.  Күні ертең латыншаға көшеміз, орыс мектебі сол кириллицада қалады дейді. Сонда 7-8-сынып оқып жатқан балалар қайтадан әліппе ұстай ма? Баламды қазақ мектебіне ауыстырдым. Басы-аяғы біз емеспіз.  Ал, жаза ғой!!! Жазғыш болсаң, балалар неге орысша сөйлейді деп сұрамай, сол балаларды орысша сөйлетіп отырмыз деп сұра сұрайтын кісілеріңнен! Неге «Триколорға» телміріп отырмыз, неге балаларға арналған жақсы арна жоқ деп сұра! Тәуелсіздік күні де, Наурыз күні де «Қыз Жібекті» көреміз, бізде вообще телевидения дұрыс дамымаған. Ана «Отауыңа» сәлем айт! – деп әңгімесін тым-тәуір бастаған сұхбаттасушым әрең деп барып тоқтады.

Иә, Жанар замандасымыздың сөзінің жаны бар. Көбіміздің үйіміздің төрінде «Триколордың» тұрғаны да рас. Үлкен-кішімізді телміртіп отырған «Триколор» сандық телевидениясының талғамға татырлық дүниесі көп. Нақ осы балаларға арналған жиырма арнасы бар. «Детский мир», «Детский телеканал», «Малыш»,  «Мультимания», «Ginger», «ani» деп жалғасып кете барады. Жарнама жасады деп қалмаңыз, бірақ, осы арналар бағдарламаларының танымдық, қызғылықтылығы соншалық, ересектердің өзі еш жалықпастан, арна ауыстырмастан көре алады. Мысалы дейсіз бе? Сөзімізге дәйек қылсақ, «Смешарики» деген мульттоптама бір-бірін қайталамайды, бір сериясы археологияға арналса, екіншісі гигиенаға арналады. Үлкен ғылымды баланың миына, қабылдауына шақтап, қондыра салады.

Бізде де балаларға арналған телеарна бізде де бар. Бірақ, балаларымыздан бұрын ұйқыға кететін «Балапан» арнасы таратын бағдарламалар «Триколордан» берілетін бағдарлама топтамасының қолына су құюға жарамайды. «Сен қазақ деген ұлы даланың ұланысың, ұлттық арнаны, «Балапанды» қарауың керек!» деп баланы мәжбүрлей алмайсың. Балаңмен қосылып өзің бірге қарайсың. Баламыз өзге тілде былдырламау үшін, «Балапанды» баптап, балдырғандарға арналған сапалы арналарды көбейту керек. Бұл ерінбеген екінің бірі айтатын ақыл. Әйгілі Әуезовтің аталы сөзі бүгінде «Ел болам десең, экраныңды түзе!» деп заманына қарай бой түзегелі қашааан?!

P.S: бет қатталып жатқанда  ақ жаулықты ана орыс мектебінің даярлық тобына барған немере-жиенін М-С.Бабажанов мектебіне ауыстырып үлгерді. Бірінші тоқсанды аяқтап қалған қос балақай дер кезінде ана тілінде оқытатын мектепке ауысты.   

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ