23.10.2018, 9:41
Қараулар: 19
Баға, қайда барасың?

Баға, қайда барасың?

Сайқында астық бағасы өскені жөніндегі хабар бізді де елең еткізді. Бұл жөнінде кейбір жерлестеріміз өзара әңгіме ретінде айтқанымен, тұрғындар арасында дүрбелең туған жоқ. Дегенмен астық саудасымен айналысатын аудан орталығындағы дүкендерді аралап қайтқанды жөн көрдік. «Баға не себептен өсті? Оған не түрткі болды? Бағаны тұрақтандыруға бола ма?» деген сауалдар бізді де мазалаған еді.

– Соңғы айда астық құны екі мәрте өсті, – деді «Ильнура» дүкенінің иесі Жанна Дүйсемалиева. Бес мың теңгеден сатылған 50 келілік жоғары сұрыпты астық алдымен 500, арада он күн өткенде тағы да 400 теңгеге қымбаттапты. Астық бағасының өсуі «Жанболат» және «Ағайын» дүкендерінен де байқалуда. Астықтың қымбаттауы нан, макарон, жалпы, ұн өнімдері құнының өсуіне түрткі болатыны заңдылық қой. Күніне 200-300  қалашты сатылымға шығарып, сайқындықтарды жоғары сұрыпты нанмен қамтып жүрген наубайханашы Гүлнар Әлмұратова бұл жайды жоққа шығармайды. Өйткені ол ұнды жергілікті дүкендерден алады. Жақын арада астық арзандамаса, тауарының құнын қымбаттатуға мәжбүр болатынын жасырмады. Себебі сауда мақсаты – пайда.

Баға не себептен өседі?

Кәсіпкерлердің дені бұл сауалымызға жауабын көтерме сауда нүктелеріндегі баға өсімімен байланыстырды.

– Тек астық емес, сұйық май, құмшекердің де құны қымбаттады, – деді «Ағайын» дүкенінің иесі Сәуле Лайықова. – Қордағы екі қапшықтан астам құмшекер біткен соң ол тауарды Оралдан тағы алдыртамыз. Бүгіннің өзінде Орал қаласындағы көтерме сауда нүктелерінде құмшекердің келісі Сайқындағыдай 240-250 теңге шамасында сатылып жатыр. Оны сатып алу және жеткізу шығынын қоса есептегенде, тауардың өз құнына не бары 30 пайыз қосамыз. Есептеп келгенде, келесі сатылымдағы құмшекер 300 теңгеден асып түспек, нақтыласақ, 312-315 теңге шамасында болады. Әрине, бұл жағдай жерлестеріміздің қалтасына едәуір соғатыны анық.

Әріптесінің сөзін құптаған «Мирас» жеке дүкенінің иесі Салтанат Нүркенова:

– Ресейден де  азық-түлік алдырамыз. Ол елде де тауар құны сәт сайын құбылып тұрады. Дүкендегі тауар қоры қомақты болмаған соң, баға жиі өзгеріске ұшырайды. Қалай болғанда да, біз де шығынға батамыз.

Иә, кәсіпкерлер сөзінің де жаны бар.

 

Сақтандыру қорында қарақұмық жармасы ғана бар

 

Осы сауалымызға аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерлан Нүркенов жауап берді:

– Кәсіп иелерінен қымбатқа алған дүниесін арзан бағамен өткізуін талап ете алмаймыз. Өйткені, нарықтық экономика жоспарлы экономикадай емес. Нарықтық экономика кәсіпкерлерге сауданы еркін жүргізуге жол ашып, дербес қимылдауды қамтамасыз етеді. Алайда, бағаны тұрақтадыру үшін мемлекет тарапынан ешқандай қадам жасалмайды деген сөз емес. Осы мақсатта жыл басында Орал қаласындағы сақтандыру қорынан азық-түліктің бірнеше түрі ұсынылды. Ол уақытта тауар құны қымбат болғасын ба, кәсіпкерлеріміз оларға сұраныс түсірмеді. Қазіргі таңда сақтандыру қорында тек қарақұмық жармасы бар. Апта сайын ауылдық округтер бойынша өткізілетін азық-түлік мониторингі кей заттардың бағасының өсімін, кейбірінің түсімін көрсетіп отыр. Мәселен, тек 4 пен 11 қазандағы көрсеткіштерге үңілсек, бірінші сұрыпты астық құны 1,8 пайызға өскен (айта кету керек, мониторингтік кестеге жоғары сұрыпты астық енгізілмейді). Майлылығы 2,5 пайыз, пастерленген сүт бағасы керісінше 8,3 пайызға төмендеген. Есепті мерзімде қырыққабат 10, тауық жұмыртқасының бағасы 3,6 пайызға артқан. Көкөніс, жеміс-жидек сынды тауарлардың күзде арзандайтыны сияқты азық-түлік бағасының да құбылуы әртүрлі жағдайға байланысты. Нарық заманында бағалардың былайша өзгеруі заңды.

 

Статистика не дейді?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ресми сайтында республика бойынша 2018 жылғы 9-16 қазан аралығындағы кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өзгеруі 0,1, ай басынан бері – 0,2, жыл басынан – 1,1 пайызды құрады деп мәлімет келтіруде. Облыстық статистика департаменті ұсынған мәліметте астық бағасының өсімі маусым айындағы көрсеткішінен әр келісі 6 теңгеге, яғни, 5,4 пайызға артқаны айқын көрініп тұр.

Ал, әлеуметтік маңызы бар өзге азық-түлік тауарлары бағасының жайы нешік?  Оған аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі ұсынған 19 атауды қамтитын салыстырмалы кестеден қанық бола аласыздар. Мұндағы деректер бағаның біртіндеп шарықтап кететінін байқатып тұр. «Баға, қайда барасың?» демеске лажың жоқ.

 

 

Түйгеніміз

Нарықтық экономиканың өз артықшылығы мен кемшілігі болады. Ол шығын мен табысқа, тұтынушыға да, кәсіпкерге де құқықтық кепілдік бермейді. Және оған сыртқы факторлар да елеулі әсер етеді. Елбасы Жолдауында ең төменгі табыс 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді. Соған қуанған тұрғындардың қалтасын қымбатшылық қақпаса игі. Себебі бұған дейін де бірқатар сала қызметкерлерінің жалақы мөлшері өсетіні хабарланғанда, нарықтағы тауар бағасының шарықтап шыға келгеніне халық куә.

Раушан БАҚЫТОВА