17.10.2018, 10:25
Қараулар: 131
«Мен – даланың қызымын»

«Мен – даланың қызымын»

Аудандық мәдениет үйінде ҚР еңбек сіңірген әртісі, Құрмет орденінің иегері Бағдат Сәмединованың «Мен даланың қызымын» атты ән кеші өтті. Әртістің өнердегі шәкірттері –  «Астана» дуэтінің  әншілері, ерлі-зайыпты Нартай Алтаев пен Құралай Қырықбаева да ән шырқап,  көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

Әншілер алдымен  шежірелі Хан ордасы ауылына ат басын бұрып, Жәңгір хан, Дәулеткерей Шығайұлы, М-С.Бабажановтың кесенелеріне зираят етті. Аудандық тарихи музей кешеніне барып, төл мекеннің сырлы тарихымен танысты. Сайқындық тұрғындарға әнін арнай келген эстрада жұлдызын аудан басшысы Нұрлан Сағынтайұлы қарсы алып, «қош келдіңіз» айтты. Әкім мен әншінің екеуара әңгімесіне Елбасы жолдауы да, ауыл мәдениеті, халықтың тұрмыс тіршілігі де арқау болды.

– Ұшса құс қанаты талатын ұлан-ғайыр жеріміз бар. Ауылға жеткенше қазағымның дархан даласы-ай деп тамсанумен болдым.  Хан Жәңгірдің ізі қалған  қасиетті Ордаға тағы да табанымыз тиді.  Эстрадаға енді аяқ басқан кезімде гастрольдік сапармен келгенім есімде. Ауылдың бет-бейнесі өзгеріпті, ажарланыпты. Ақ пейілдеріңізге рахмет,  – деді Бағдат Сәмединова.

Аудандық мәдениет үйінде «Мен – даланың қызымын»  әнімен кешінің шымылдығын ашқан әншіні  жергілікті халық зор қошеметпен қарсы алды.  Бұл кеште сондай ақ, өнерсүйер қауымның сүйікті әндері  «Туған жер»,  «Сол бір кеш», «Бір тамаша ән», «Отырар», «Өз елім», халық шығармашылығынан  «Ләйлім Шырақ», «Көгілдір көлме», «Дүние-ай» секілді әндері шырқалды. Ұстазының шашбауын көтере келген «Астана» дуэті де  кештің көрігін қыздырды.        Әдемі кеш «Өз елім» әнімен түйінделді. Сайқындықтарға жылы лебізін білдірген әншіге көрермендер де  қошеметін аямады.

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар