12.10.2018, 10:53
Қараулар: 97
Екі бөбекжай электронды кезекке қосылған

Екі бөбекжай электронды кезекке қосылған

Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы жеті бірдей мәселе қаралып, бірнеше түйткілді мәселе назарға алынды.

 

Тарқатып айтсақ, аудан бюджетіне толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, ағымдағы жылдың тоғыз айындағы қылмыстық ахуал зерделеніп,  мектепке дейінгі балалардың балабақшамен қамтылуы мен кәсіптік білім беру мәселесі қаралды. Бұдан басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстар мен аудан әкімдігінің кейбір қаулыларының жобасы талқыға салынды.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Раушан Абдоллина аудан бюджетінің игерілуі барысын баян етті. Баяндамашы жаңартылған білім беру мазмұнына көшуіне байланысты мұғалімдер алдында қалыптасқан кредиторлық берешектерді өтеуге, жалақыны ішінара субсидиялаудағы қаржыны үстемелеу және Қарасу, Жәрмеңке, Мұратсай ауылдарындағы су құбыры құрылысы мен Сайқын ауылындағы бас жоспарға сәйкес 16 екі пәтерлі жеке тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысына қажетті қаржы мөлшері өзгертілгені жөнінде хабарлады. Аудан бойынша  16 мектепке дейінгі мекемеде 722 бала тәрбиеленуде. Мектеп жасына дейінгі балалар түгелдей балабақшамен қамтамасыз етілген.

Айта кетерлігі, 16 мекеменің ішінде проектор-экрандармен, бала қабілетін дамытатын компьютерлік ойындармен қамтамасыз етілгені аудан орталығындағы «Ер Төстік» бөбекжайы екен. Қалған ауыл балабақшаларында әзірше теледидар мен интернет желісін ғана қанағат тұтып отыр.

– Балабақша кезегінде тұрған бала жоқ. Бәрі де дер кезінде қабылданып отыр. Балаларды кезекке алуды оңтайландыру мақсатында «IT Group Kazakhstаn» компаниясымен келісім-шарты жасалды. Бұл әзірше «Ер Төстік» және «Ақбота» бөбекжайларына кезекке тұратындарға ғана қолжетімді боп тұр. Бұл жүйенің тиімділігі – азаматтар үйде отырып-ақ ғаламтор арқылы мектепке дейінгі мекемеге кезекке тұра алады, – деді аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Нұрсұлу Сәлімова.

Аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Ізімбек Хайроллиннің айтуынша, тоғыз айда 626 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталған екен. Соның ішінде 349 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 3 162 577 теңге айыппұл салынып, 265 материал бойынша 2 486 772 теңге өндірілді. Ал жол полициясы 42 әкімшілік хаттама толтырып,  204 425 теңге айыппұл салынған, осы айыппұл сомасы түгелдей өндіріліп алынған.

Бүгінгі таңда Бөкей ордасы колледжінде 133 оқушы кәсіптік білім алуда. Соңғы төрт жыл ішінде 30 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, компьютерлік сыныптар мен алты бірдей шеберхана ашылып, колледждің материалдық базасы біршама жақсарып қалған.

– Заман талабына сай колледждің білім жүйесіне дуальды оқыту, модульдік технология енгізілген. Биылғы оқу жылынан бастап, колледж түлегі бірден екі-үш мамандықты қатар игеріп шығады. Оқушыларға шәкіртақы, жолақы төленеді, ауылдан келіп оқитындар жатақханамен, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, – дейді колледж директоры Бағдат Лұқпанов.

Қоғамдық кеңес отырысында бұдан да басқа аудан халқының әлеуметтік жағдайына қатысты түйткілді мәселелер тақырыпқа арқау болды.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар