12.10.2018, 10:23
Қараулар: 107
Жиын Жолдауға арналды

Жиын Жолдауға арналды

Бүгін, яғни, 10 қараша күні аудан әкімдігінде өткен аудан активінің жиыны ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналды. Оған аудан әкімі мен орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы мен депутаттар, ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, қызметкерлер мен жастар көптеп қатысты.

 

Мемлекетіміздің тұрғындары үшін жасалмақ игі істерді орындауда ауқымды тапсырмалар берілгендігін айтқан аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева әлеуметтік бағытқа көңіл бөлді. Келер жылдан ең төменгі жалақы көлемі 42 мыңға жететініне баса назар аударған Лариса Тельманқызы еңбекақының өсімі барлық бюджеттік сала қызметкерлеріне де қарастырылғанын сөз етті. Осы ретте жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов тиісті сала басшыларына кәсіпкерлердің негізсіз баға көтермеуін қадағалауды тапсырды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Бибігүл Жұмағұлова Жолдауда айтылған салықтық амнистия, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тағы да 5 жылға ұзартылғаны  бизнес өкілдеріне көрсетілген зор көмек десе, аудандық аурухана психологі Жанайым Сейтоллина медицина саласындағы реформаларды сөз етті. М-С.Бабажанов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Фархат Мұхатов білімге, Жәңгір хан атындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі Махамбет Мұхамбетов жастарға қатысты тапсырмалар озық елдердің қатарына қосылуға бағытталған қадамдар десті. Бұл жиында «Педагог мәртебесі туралы» заңы, «Ауыл – Ел бесігі», «Сарбаз» жобаларының тиімділігі де кеңінен әңгімеленді.

«Тапсырма беру бар және оны орындау бар. Жолдау болашақ қадамдардың тізбегі болса, мемлекетіміздің осы бағытта қарыштап жүруі барша қазақстандықтардың міндеті. Осы бағытта жұмыла қызмет етейік», – деді жиынды қорытындылаған аудан әкімі. Шара соңында тиісті қарар қабылданды.

Раушан БАҚЫТОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар