6.10.2018, 20:21
Қараулар: 10
Бөкейордалықтар аудан күнін тойлады

Бөкейордалықтар аудан күнін тойлады

Қазанның 6-сы күні Бөкей ордасында аудан күні аталып өтті.

 

Оған облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар бастаған Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, Зеленов аудандарының делегациясы, көршілес Ресейдің Ахтуба, Палласовка аудандары мен іргеміздегі әскери полигон өкілдері, сондай-ақ, облысымыздың орталығынан келген бөкейлік жерлестер қатысты.

Шара Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің көрмесі назарға ұсынылып, Бөкей хандығының тарихымен музей қызметкерлері таныстырды.  Кейін «Күйшілер саябағында» қонақтарға ауданымызды мекендейтін қырғыз, шешен, грек, өзбек, татар, украйн, орыс ұлттарының салт-дәстүрін паш еткен аудандық аурухана, Бөкей ордасы колледжі, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, М.Мәметова, М-С.Бабажанов атындағы орта мектептер, білім бөлімі, туризм орталығының ұжымдары аталған этнос өкілдерінің ұлттық тағамдарынан дәм таттырып, өнерлерін паш етті.

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,

Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.

Бүгінде бар әлемге даңқы жеткен,

Тәуелсіз Қазақстан – елім менің!

Қалың жаудан кім елін,

Қорғай алса сол батыр.

Ел – тәуелсіз, жер – жаңа,

Шекарада Орда тұр!

Осылайша, қос жүргізуші кезектесе жыр оқып, көрермендер алдында аудан өнерпездары театрландырылған көріністе Бөкей сұлтан бастаған көштің бейнесін беріп, хан Жәңгірдің, ақын Махамбеттің, батыр Мәншүктің рөлін сомдап, тарихи тұлғалар туралы тақпақтар төгіліп, әндер шырқалды, би биленді.

Сахнаға облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар мен аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы, доғарыстағы полковник Исатай Бекқалиевке «Ауданымыздың құрметті азаматы» лентасын иығына іліп, куәлігін берді. Сондай-ақ бір топ шаруа қожалығы жетекшілеріне облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысы Берік Есенғалиевтің, аудан әкімінің алғысхаттары мен сыйлықтары берілді.

Келген қонақтар атынан Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев, мәслихат хатшысы Таһир Қадымов, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожин мен мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, РФ, Астрахан облысы, Ахтуба ауданы әкімшілігі басшысының орынбасары Игорь Чевиленко, Волгоград облысы, Палласовка қаласының мэрі Валерий Смирнов, «Глиц» мемлекеттік ұшу-сынақ орталығы Н. әскери бөлімі басқармасының бастығы Игорь Зенков, «Капустин Яр» әскери полигоны Н. бөлімінің штаб бастығы Олег Шибков, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Көпжан Тұрлыбеков, Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Теміров, бұл күнде оралдық болып кеткен ауданымыздың құрметті азаматтары Нұрлыбек Бірманов, Мұқас Спандияров жерлестерінің құттықтау лебіздерін жеткізіп, тарту-таралғыларын ұсынды.

Аудандық мәдениет үйі алдында ұйымдастырылған көрме алаңында Орда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі  мекеме ағаш өнімдері мен тал-теректерін, «Атырау» шаруа қожалығы қымыз бен сүт өнімдерін, сайқындық жеке кәсіпкер Рустам Өтеев түрлі пішінді пластикалық терезелерін, бисендік жеке кәсіпкер Күләш Биданова нан өнімдерін жұртшылыққа ұсынды. Онда ауданның 90 жылдығына арналған тақырыптық тәттілер де айшықты орын алды. Сондай-ақ ауылдың солтүстік-шығыс бетінде ауыл шаруашылық техникалары мен асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылды. Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерімен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев көрмеге қойылған «Береке» шаруа қожалығының «қазақтың ақ бас» тұқымды  және бір айлық бұзауымен тұрған «Абердин ангус» тұқымды құнажыны мен бұқасын, «Рауан» шаруа қожалығының «Қазақ бактерианы» тұқымды түйесін, «М.Боранбаев» шаруа қожалығының «Жабы» тұқымды жылқысын таныстырды. Рүстем Мүлкайұлының айтуынша, ауданда асыл тұқымды малды өсірумен 21 шаруашылық айналысады. Ауыл шаруашылығын механикаландыру ісі жолға қойылып, соңғы жылдары 150-ге тарта ауыл шаруашылығы техникалары сатып алыныпты. Солардың бірқатары осы көрмеге қойылған.

Мерекелік шара ауыл сыртындағы дала қызықтарымен  айшықталды. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын келтіріп тұрғандай. Ұлттық киім киген арулар қазақы қонақжайлықпен келген меймандарға  бауырсақ ұсынып, ақтан дәм татқызды. Аламан бәйге десе делебесі қозатын ағайын сәйгүліктерін баптап әкелген шабандоздардың жарысын асыға күтті. Алдымен аудан әкімі  Нұрлан Рахымжанов  мерекемен құттықтап, «ұлттық спорттың көсегесі көгеріп, дами түссін» дей келе,  қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен  24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде Бисен, Темір Масин, Орда және Сайқын ауылдық округтерінен келген 14 шабандоз арасында мықтылар анықталды. Алты айналымдық жарыста желдей жүйткіген тұлпарлардың дені қазақтың жабы тұқымынан болды.  Айналым сайын екпіндей ұмтылған бисендік Жаслан Еділбаевтің (шабандоз Азат Мұратов) «Нәзік торысы» мәре сызығын бірінші болып кесті. Темірмасиндік Қанат Әбекеновтің (шабандоз Аманқос Меңдігереев) «Талисманы» екінші орын алды. Жүлделі үшінші орынды сайқындық Ермұрат Есімовтің (шабандозы Ернар Ескендіров) «Көкдауылы» қанжығасына байлады. Айта кетелік, жүлдегерлердің әрқайсына 300, 200, 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Дала ойындарының көрігі одан әрмен боз кілем үстінде айқасқан балуандардың белдесумен жалғасты.  «Өгіз палуан» және «Түйе палуан» номинациялары бойынша белдесуге   он төрт палуан ниет білдірді. Нәтижесінде жауыры жер иіскемеген  Баймырза Меңдешов екі аталым бойынша да жеңімпаз атанды. «Өгіз палуан» аталымы бойынша екінші, үшінші орындарды Нұралы Әбдікәрімов пен Асылхан Шапихов өзара бөлісті. «Түйе палуан» аталымы бойынша Серік Самодиянов екінші, Райымбек  Нұрғалиев үшінші орынға табан тіреді. Салмағы сексен келі тартатын қойды көтеруден бәсекеге түскен жігіттердің арасында Қуанғали Жанқуатұлы (31 мәрте) бәрінен басым түсті және гір тасы спорты бойынша да ешкіге дес бермеді. Қалған жүлделі орындарды Аслан Бижанов пен Серік Самодиянов бөлісті.

Айта кетейік, Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен 1928 жылы 17 қаңтарда Орал округі құрылған. Округ құрамына 15 аудан енді. Қазақ хандығының соңғы ізі қалған Бөкей уезі Орда ауданы болып, соның құрамына кіріпті. Биыл еліміздің көптеген өңірлерінде 1928 жылы әкімшілік-аумақтық территориясына өзгеріс енгзіліп, нақтылануына байланысты аудандардың құрылу тарихын атап өтті. Осы атаулы датамен алғанда,  Орда ауданының құрылғанына биыл – 90 жыл. Еділ мен Жайықтың арасында орналасқан Бөкей ордасы ежелден алаштардың мекені екенін ешқашан ұмытпаймыз. Сондықтан аудан күні Бөкей ордасының тарихына терең көз жүгіртуге, бірлік пен ынтымақ туын желбіретіп, ұлтаралық қатынасты нығайтуға септігі тиді деп есептейміз.

 

Исатай Жұмағұлұлы Мұғалбаев, Зеленов ауданының Янайкино ауылдық округінің әкімі:

– Бөкей ордасының бай тарихын естіп-біліп жүрміз. Міне, бүгін Зеленов аудан әкімінің орынбасары Көпжан Тастанұлы Тұрлыбеков бастаған,  мәдениет бөлімінің басшысы Радик Мақсотұлы Ықыласов қостаған шағын делегация құрамында киелі мекенге табан тіреп, өз көзімізбен тамашалаудың сәті түсіп тұр. Мерекеге орай ауданның жетістіктері, осында мекен ететін ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті де көрініс тапты. Игі іске қол ұшын созып, жәрдемдесіп жүрген жомарт жандар да еленіп жатыр. Облысымыздағы қасиетті саналатын алты орын  Қазақстанның 100 киелі мекеніне енсе, соның екеуі – осы Бөкей ордасынан. Оларды да тамашалауға ниеттіміз. Өткенге көз жүгіртіп, келешекті бағамдауға мүмкіндік беретін мұндай шаралардың орны ерекше ғой.

 

Игорь Викторович Чевиленко, Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Ахтуба қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары:

– Ауданның күнін тойлау деген өте жақсы үрдіс деп есептеймін. Өйткені осындай ауқымды шараларда жұртшылық туған өлке тарихынан мол мағлұмат алады. Еңбеккерлер жұмысы екшеленіп, даңқы асады және көршілес аудандармен байланысы одан әрі нығая түседі. Шекаралас орналасқан Ахтуба мен Бөкей ордасы аудандарының арасындағы экономикалық, мәдени, спорттық, достық қарым-қатынасымыз үзіліп көрген емес. Қазақтардың қонақжайлығына қайранмын. Мереке құтты болсын!

 

 Валерий Петрович Смирнов, Ресей Федерациясы, Волгоград облысы, Палласовка қаласының мэрі:

 

– Делегациямыздың құрамында Лиман ауылдық округінің басшысы және «Самал» атты қазақ ұлттық бірлестігінің төрағасы Жарасхан Нұрхайұлы Жолмұқанов, Паласов ауданы думасының депутаты, «Кумыск» санаториясының басшысы Николай Құрмашұлы Ниеталиев келді. Жарасқан ағамыз қазақ бауырларымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттап жүрсе, Николай Құрмашұлы да қазақтың ұлттық сусынына айналған қымыздың емдік қасиетін кең көлемде таратып жүрген азамат. Ал, өзім болсам, көршілес Жәнібек ауылының тумасы боламын. Кіші отаныма барғанымда ондағы әлеуметтік тұрғыдағы өзгерістерге риза болып, қуанып жүремін. Сіздің ауданның дамуы да ілгерілеп жатқаны қуантарлық жай. Халықтың әл-аухатының өсуі – елдің экономикасы көтерілгендігінің көрінісі. Біздің аймақта ұсақ малды өсіру қолға алынып жатса, сіздердің ауданда мүйізді ірі қараны көбейтуге ден қойылған екен. Сайып келгенде, екі ел де ауыл шаруашылықты экономиканы дамытудағы бір ауқымды сала деп қарап, тұрғындарға көп көмек көрсетіп жатыр. Осы ісіміз алға басып, елдеріміз өркендей берсін.

 

Каримолла ҒАЙСИН,

Раушан БАҚЫТОВА,

Арайлым ЕСМАҒҰЛОВА,

БӨКЕЙ ОРДАСЫ АУДАНЫ