2.10.2018, 17:48
Қараулар: 13
Қарттарым, аман-сау жүрші!

Қарттарым, аман-сау жүрші!

          

             

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Биылғы 1-қазанда да аудан әкімдігінің бастамасымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, сәулет, құрылыс бөлімі, «Қазсушар» РМК Бөкей орда учаскесі, тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұжымдарының демеушілігімен «Думан» тойханасында сайқындық қарияларға дастархан әзірленді.

 

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қысқаша сөз сөйлеп, салтанатты ашып бергеннен кейін тізгінді қолға алған Жоламан Сейсенғалиев бастаған аудандық демалыс орталығы жігіттері өлең-жырдан шашу шашып, отырысты қыздырды. Жүректері ізгілікке толы аталар мен әжелер де ақ тілектерін ақтарумен қатар әсем әнге басты, би де биледі. Жаңбырбай аға Камелов «Ауылым – әнім», Зәуреш апа Әшенова «Ақ сәулемді» шырқаса, «Ақ шағаланы» сызылтқан аудандық халық оркестрінің бұрынғы әншісі Галя Дүйсенова әлі тұғырдан түспегенін байқатты. Әр үстелден бір-екі адамнан сөйлеген үлкендер жақсы лебіздеріне қоса көкірегінде жүрген ұсыныс-пікірлерін де жасырмады. Мысалы, Ж.Камелов ауыл іші асфальтталып жатқанына қуанышты екенін айта келіп, сол қатқыл табанды жолды «Ер Төстік» бөбекжайына дейін ұзартуды сұрады. Надя апа Әменова іргеміздегі әскери сынақ полигонынан зардап шеккендерді емдеу үшін Жаңақаладан ашылған сауықтыру орнына келер жылы 10 жыл толатынына, бірақ оған бөкейліктердің аз баратынына тоқтала келіп, зейнеткерлерді барлық жағдай туғызылған осы емдеу орнында демалуға үндеді. Асаба «1 қазан – халықаралық қариялар күні» ғана емес, «Музыка күні» екенін еске салса, Нәсіп Нүркенова сонымен бірге «Әлем дәрігерлерінің күні» екенін хабардар етті. 28 қыркүйекте жер шары тұрғындары «Жүрек күнін» атап өткенін мәлімдеген дәрігер жиналғандарға «Жүректерің сыр бермесін, жүрістерің кемімесін, көңілдерің шалқи берсін, ұрпақтарың өсе берсін» деген тілек білдірді.

— Жұптарың жазылмасын, қатарларың сиремесін. Аға ұрпақ орны біздер үшін бір бөлек. Саптай тізіліп, бірге жүргендеріңді көру үлкен қуаныш, — деп ағынан жарылған аудан әкімінің орынбасарлары мен мекеме, бөлім басшылары да оларға ұзақ ғұмыр, мол бақыт тіледі. Салиқалы отырыстан серпіліп шыққан данагөй қариялар мен ақ жаулықты әжелер ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырып, риза болып тарасты.

 

Каримолла ҒАЙСИН